Көкшетау қаласы одан әрі көркейе түседі

Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығы бойынша облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы әңгімелеп, журналистер қауымы тарапынан көтерілген және қала халқының көкейінде жүрген көптеген өзекті сауалдарға жауап берді.

Облыс орталығының келбеті күн сайын жаңарып, тозығы жеткен ескі үйлер сырылып, орнына жаңа көпқабатты ғимараттар бой көтеріп,  заманауи жобалар серпін ала түсуде. Қаланың солтүстігіндегі Сарыарқа шағын ауданы да зәулім үйлерімен көркейіп, аумағы күн өткен сайын кеңейіп, әлеуметтік нысандармен толысып келе жатыр. Былтыр қолға алынып, биыл пайдалануға берілген Қопа көлінің жаңа жағалауы да көпшілік жиналатын айшықты орынға айналуда. Аулаларда салынып жатқан балалардың ойын және футбол алаңдарында жас жеткіншектер мен бүлдіршіндердің қуанышты күлкісі көбейе түсті. Айта берсек, қалада халықтың қолайлы өмір сүруі үшін біраз жұмыстар рет-ретімен атқарылып жатыр.

Сонымен, қала әкімі брифингте облыс орталығының ағымдағы жылдың алты айында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізу бағытында атқарылған жұмыстардың негізгілеріне тоқталып, алдағы уақытта қолға алынатын перспективалы жобалармен таныстырды.

– Ағымдағы жылдың алты айының қорытындысы бойынша қала экономикасының негізгі көрсеткіштерінде тұрақты өсім бар. Соның ішінде, өнеркәсіптік өндіріс көлемі жартыжылда 196 миллиард теңгені құрап, өткен жылғы деңгейден 126,5 пайызға артса, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім көрсеткіші 140 пайызға дейін ұлғайды. Ал, агроөнеркәсіп кешені бойынша өндірілген өнім көлемі 1,6 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 122 пайызға көбейді.  Қала экономикасына 63 миллиард  теңгеден астам инвестиция құйылып, бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңінен 2,5 есеге арта түсті. Аталған саладағы өсім ірі жеке инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асыру есебінен, оның ішінде бюджеттен тыс көздерден қаржы бөліну арқылы қамтамасыз етілді, –деді Әнуар Қайыргелдіұлы.

Әкімнің мәлімдеуінше, есепті кезеңде қала құрылысы жұмыстарының көлемі 31 миллиард теңгені құраған, бұл да өткен жылғы көрсеткіштен 2,5 есеге көбейген. Сондай-ақ, осы арада бір айта кетерлігі, есепті кезеңде 96,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, оның 84,2 мың шаршы метрі коммерциялық көп пәтерлі үйлерді қамтыған, ал  11,9 мың шаршы метрі жеке тұрғын үй құрылысына жатады.

Еңбек нарығына ойыссақ, жыл басынан бері қалада 2769 жаңа жұмыс орны ашылып, белгіленген жоспар 144,7 пайызға артығымен орындалған. «Бұл жұмыс орындарының 2251-і тұрақты, яғни, нақты мекемелерде ашылған, азаматтардың табыс табуына мүмкіндік беретін тұрақты жұмыс көздері дей келе, қала басшысы жұмыссыздық көрсеткіші 3,8 пайызды құрайтынын атап өтті.

–Көкшетау қаласының 2050 жылға дейінгі жаңа
Бас жоспарын әзірлеу қаланың келбеті мен даму бағыттарын ұзақ мерзімге айқындайтын маңызды стратегиялық қадам, –деген шаһар басшысы көлік инфрақұрылымын дамыту болып табылады, – көше жол желісін оңтайландыру, жаңа Сарыарқа шағын ауданында іске асырылып жатқан және алда қолға алынатын жоспарлары туралы баяндады. Баршаға белгілі, биылғы жылдың басында жаңа шағын ауданда екі «Жайлы мектеп» пайдалануға беріліп, 3 мың бала заманауи білім ордасымен қамтылды, бұл оқушы орындарының тапшылығын 3 есеге дейін қысқартты. Сол сияқты, шағын ауданда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арнайы балабақша да іске қосылды. Қазіргі таңда онда облыстық көпсалалы аурухананың, жаңа спорт кешенінің құрылыстары жүргізілуде.  Сонымен бірге, алдағы уақытта азаматтық қорғаныс академиясы, жаңа сауда, ойын-сауық орталықтары, көптеген тұрғын үйлер бой көтеріп, Қопа көлінің жағалауы Қан орталығынан бастап, осы Сарыарқаға дейін көркейтіліп, абаттандырылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Көкшетау қаласында тұрғындарды қауіпсіз және жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етуге, тозығы жеткен және апатты үйлерді жойып, олардың орнына жаңа қор салуға бағытталған тұрғын үй қорын жаңғырту жөніндегі стратегиялық жоба іске асырылуда. Тұрғын үйлерді 2026 жылға дейін жаңарту бағдарламасы аясында 149 апатты және тозығы жеткен үйлерді, бұл дегеніміз 775 пәтер кезең-кезеңімен бұзып, сырып тастау, олардың орнына 32 жаңа көп пәтерлі ғимарат немесе 2 240 пәтер салу көзделген. Бұл жоба «KOKSHE» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының ішкі компаниялары арқылы инвестор тарту негізінде іске асырылуда. Бүгінгі күнге дейін 6 апатты үйден 48 пәтер сатып алынып, олардың орнына екі 9 қабатты үй Быковский көшесінің бойында бой көтеруде. Апатты деп танылса да, жылдар бойы солай тұрып, тұрғындардың дегбірін қашырып келген Вернадский көшесіндегі 11-ші үйді бұзу жұмыстары басталды. Ол аумақта  5 қабатты, 80 пәтерлі қазіргі заманға сай жайлы үй салынады деп жоспарлануда. Ал, Ш.Құдайбердиев көшесіндегі үйдің орнына 9 қабатты 70 пәтерлі үй салынбақ. Сонымен қатар, Сарыарқа шағын ауданында тұрған сақалды құрылыстарға да жан бітіп, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Көкшетау халқын жылдар бойы толғандырып келе жатқан таза ауыз сумен қамту мәселесі қала әкімінің айтуынша, ағымдағы жылдың тамызына дейін шешілмекші. Ал, электр жабдықтарының ескіруі мен жылу жетіспеушілігі мәселелерін толықтай шешу алдағы жылдардың еншісінде қалып отыр. Бұл орайда, әкім қаланың Сарыарқа шағын ауданы мен Солтүстік өнеркәсіптік аумағында 250 және 380 МВт-тық подстанциялар және ЖЭО салынатыны туралы мәлімдеді. Соңғысының құрылысы білуімізше, 2028-2029 жылдары аяқталады деп белгіленген болатын.

Бұдан әрі қала әкімі жыл басынан бері оң шешімін тапқан әлеуметтік мәселелер бойынша баяндап, зейнеткерлер мен көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көрсетіліп жатқан жеңілдіктер мен материалдық көмек жайына тоқталды. Сонымен қатар, брифингте білім беру, денсаулық сақтау, спорт және дене шынықтыру, қаланы көгалдандырып, абаттандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыс ауқымы да таныстырылды. Бір атап өтерлігі, жыл соңына дейін қаладағы аялдамалардың орнына қыста жел мен аяздан қорғайтын 145 жаңа павильон, оның ішінде 17 жылы павильон салынатыны көңілімізден шықты.

Журналистер қауымы бұл брифингте ерекше белсенділікпен қатысып, аулаларда салынып жатқан балалар ойын алаңдары, көше жолдарының жөнделуі, жауын-шашыннан кейінгі көшелердің суға толып кетуі, Қылшақты өзені өтетін аумақтардағы көпірлердің апатты жағдайы, Қопа көлінің жағалауындағы әжетханалардың адам көргісіз жағдайы, «Көкшалғын» жобасы, күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан мектептердегі жұмыстардың 1 қыркүйекке дейін аяқталу-аяқталмауы секілді көптеген сауалдар қойды.

Бұл брифингте біз білім саласындағы құрылыс жұмыстарына қатысты мәселе көтеріп, тоғыз жылға жуық аралықта салынған Краснояр саяжайлары бойындағы №9 мектептің құрылыс сапасының сын көтермейтінін сынға алып, қазіргі жағдайын сұрап білдік. Сонымен бірге, Застанционный кентіндегі №14 мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының 1 қыркүйекке дейін аяқталмай қалу ықтималдығы бойынша ата-аналардың алаңдаушылығын жеткіздік. Алғашқы сауалымыз бойынша қала әкімі Әнуар Күмпекеев:

–Иә, №9 мектептің шатыры мен кәріс жүйесінде айтулы мәселелер орын алғаны анық. Бүгінгі уақытта кәріс жүйесі реттеліп, мәселе шешілді, ал, шатырына жөндеу жұмыстары енді басталды. Қазіргі уақытта шатырды ауыстыру жұмыстарын жергілікті мердігер компания жүзеге асырып жатыр. Оқу жылы басталғанша, бұл жұмыс аяқталады. Ал, Застанционный мектебіндегі күрделі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталады, бұл менің өз бақылауымда және менің орынбасарым апта сайын құрылыс басына барып, тексеріс жүргізіп отыр, –деді.

Сонымен бірге, бұл брифингте мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік рәміздердің заңға сәйкес қолданылмауы бойынша да мәселе көтердік. Бұрын Көкшетау қаласы ғана емес, әр әкімдіктің жанында мемлекеттік рәміздерді қолдану бойынша арнайы комиссиялар жұмыс істейтін. Бірақ, біздің қалада мұндай комиссияның бары байқалмайды. Мәселен, қаланың қақ ортасындағы Назарбаев даңғылының бойындағы бір-екі мемлекеттік орган ғимаратында қасиетті Елтаңбамыз заң талабына сай алтын түсті емес, қоп-қоңыр болып тұр. Егер қаладағы барлық мемлекеттік мекемелерді аралайтын болсақ, көк емес, қошқыл-сұр Туларымыз бен өңі бұзылған Елтаңбалар тағы да анықталады деп ойлаймын. Бұл ретте, қала әкімі бізге бұл комиссияның жұмысы туралы жазбаша хат жолдайтынын жеткізді.

Жалпы, Әнуар Күмпекеевтің Көкшетау қаласының әкімі болып тағайындалғанына көп бола қоймаса да, шаһар тұрғындары оның аз уақытта атқарған жұмысына қарап, іскерлігіне риза екендігін байқап жүрміз. Әрі брифингте журналистер қойған әр сауалға толық әрі нақты жауап беруінен, қаладағы барлық жағдайды меңгергенін, қай жоба қай жерде, қандай сомаға жүзеге асырылып жатқанын біліп тұрғаны да көңілімізден шықты. Бұл жайында брифингке қатысқан Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Әлия Ахетова да өзінің жылы лебізін білдіріп, сөздің емес, істің әкімі болып жүргені үшін қала басшысына ризашылығын жеткізді және барша көкшетаулықтар мен БАҚ өкілдерін облыс орталығының одан әрі көркейіп, жақсаруы қолға алынған әр жобаның нәтижелі орындалуы үшін бірлесіп еңбек етуге шақырды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар