Вознесенка ауылында мыңға жуық тұрғын бар деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Ауылда биыл су жүйесін қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Бұған дейін ауыл тұрғындары аптасына бір рет қана тасымалданатын ауыз суды пайдаланса, енді әр үйге жаңа ұңғымалардан тұрақты ауыз су жеткізіліп отыр.
Жобаны Бұланды аудандық құрылыс бөлімі тапсырыс беруші ретінде жүзеге асырды. Ал, мердігер – «Спецстрой Групп ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылыс жұмыстары Ұлттық қор қаражаты есебінен қаржыландырылды.
Жаңарту барысында тұрмыстық және өртке қарсы су айдау станциялары орнатылып, су тазарту қондырғылары мен дизель генераторы іске қосылды. Бұл жабдықтар ауылды үздіксіз таза сумен қамтуға мүмкіндік береді.
– Бізде су жүйесі толығымен жаңартылды. Енді сүзгінің бірнеше түрі – ірі және ұсақ тазарту, кері осмос және ультракүлгін сүзгі орнатылған. Электр қуаты өшкен жағдайда автоматты түрде дизель генераторы іске қосылады. Су жаңа ұңғымалардан алынады, – деді су шаруашылығы маманы Александр Лузгин.
Енді ауыл тұрғындары суды шектеусіз пайдалана алады. Бұл – көптен күткен жаңалық, себебі бұған дейін олар суды аптасына бір рет келетін көліктен құйып алып, әр тамшысын есеппен жұмсауға мәжбүр болған.
– Біз бұл суды қанша жыл күттік десеңізші. Қазір кранды ашсаң – таза, салқын су ағып тұр. Бұл – бәріміз үшін үлкен қуаныш. Су құбырын тартуға атсалысқан барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Енді өміріміз әлдеқайда жеңілдеді, – деп қуанышын жасырмайды ауыл тұрғыны Эрна Сонина.
Аудан әкімінің орынбасарының айтуынша, биыл ауданда инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл Айнакөл, Партизан, Новодонецк және Тастөбек ауылдарында жаңа су жүйелері пайдалануға берілді. Ал, Отрадное, Жаңаталап, Алакөл және Никольск елді мекендерінде осы жұмыстар аяқталуға жақын. Бұл жобалар толық іске асқанда, аудан тұрғындарының 85 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Ел Жолдауына сәйкес, республикамызда барлық қалалар мен ауылдар сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Осындай жобалардың жүзеге асырылуы Ақмола облысында бұл мақсатқа барынша жақындата түседі.
Көптен күткен бассейн де ашылады
Ауданның спорт инфрақұрылымында маңызды жаңалықорын алмақ. Аудан орталығы Макинск қаласында алты жолақты заманауи жүзу бассейнінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысанның құрылысын аудан тұрғындары асыға күтуде. Бассейннің ашылуы аудан жастарын спорттың осы түрімен айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырады деп күтілуде.
Бассейннің құрылысы «Бұланды ауданының мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» базасында жүзеге асырылуда. Бұл нысанның ашылуы аудан үшін үлкен жетістік. Мұнда бұған дейін жүзу спортына арналған арнайы орын болмаған. Енді балалар мен жастардың кәсіби түрде жаттығуына мүмкіндік туып отыр.
– Біздің көптен күткен бассейн құрылысы аяқталып келеді. Оны жақын арада іске қосылады деп күтудеміз. Бұландылықтардың бұған қызығушылығы жоғары. Жүзуден білікті бапкер шақырып, осы спорт түрін дамытуға бар күшімізді саламыз, – дейді аудандық мамандандырылған спорт мектебі директоры Серік Шайкенов.
Құрылыс компаниясының өкілі Данияр Жүнісбековтың айтуынша, бассейінге қазір су толтыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл үшін арнайы заманауи тазалау жүйесі орнатылған. Ол судың сапасын автоматты түрде ұстап тұрады. Бассейннің ұзындығы 25 метр, тереңдігі 3 метрге дейін барады. Алты жолақ қарастырылған. Бұрынғы электр қуатымен жылыту жүйесі су арқылы жылытылатын экологиялық қауіпсіз нұсқаға ауыстырылған.
Құрылыстың сапалы жүргізілуін «Көкшетау — горсельпроект» және «QazaqEngineering» мекемелері қамтамасыз етуде. Нысанның тапсырыс берушісі Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы болса, құрылыс жұмыстарын «ГрадСтройСервис» ЖШС жауапкершілігіне алған.
Мектеп-лицейдің жаңа келбеті
Макинск қаласында Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейдің күрделі жөндеу жұмыстары да толық аяқталды. Қазіргі таңда мұнда 600-ге жуық оқушы білім алуда. Жаңартылған білім ордасы осы заманғы жаңа келбетке ие болып, балалардың оқу мен шығармашылығына қолайлы жағдай туғызылды.
70 жыл бұрын салынған ғимаратта терезелер мен есіктер ауыстырылып, қасбеті мен шатыры жаңартылды, жылыту және желдету сонымен қатар, электр жүйелері толықтай жаңғыртылды. Спорт және акт залдары, асхана мен санитарлық бөлмелер де жөндеуден өтті.
Мектеп-лицей 360 оқушыға арналғанымен, бүгінде екі ауысымда 600-ге жуық бала оқиды. Мұнда сапалы білім беруге қажетті барлық жағдай жасалған. 22 пән кабинеті интерактивті тақталармен жабдықталған, STEM-зертхана, АРТ-студия, би залы және жобалық жұмыс кабинеті жұмыс істейді.
– Жөндеуден кейін мектебіміз мүлде жаңарды. Барлық сыныптар заманауи техникамен қамтамасыз етілді, жиһаздар жаңаларына ауыстырылды. Мұғалімдер мен оқушылар үшін қолайлы жағдай жасалды. Жөндеу жұмыстары ғимараттың ішкі және сыртқы бөлігіне де жүргізілді, – дейді бұл ретте, мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Толқын Нұрмұқанова.
Білім ордасында 52 мұғалім еңбек етеді, олардың қатарында тәжірибелі педагогтар, зерттеушілер, сарапшылар мен модераторлар бар. Жас мамандар тәлімгерлерден үйреніп, оқыту үдерісінде жаңа технологияларды белсенді қолдануда. Мектепте техникалық бағытқа ерекше көңіл бөлінген. Жаңартылған материалдық-техникалық база робототехника мен IT саласын дамытуға мүмкіндік берді.
– Қазір біз информатика пәнімен бірге робототехниканы оқытып, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысамыз. Оқушыларымыз Түркияда өткен байқауға қатысып, онда Римде өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Мектеп жаңарғаннан кейін балалардың техника мен жаңа технологияларға қызығушылығы анағұрлым арта түсті, – дейді информатика пәнінің мұғалімі Байсұлтанбек Бекзанұлы.
Сонымен қатар, мектеп «Мектептік тамақтандыруды дамыту және кеңейтуге үлес қосу» атты халықаралық пилоттық жобаның қатысушысы болып табылады. Жоба Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен және ауданның тұрақты даму қорының қолдауымен жүзеге асырылуда. Мұндағы мақсат – мектеп асханасында жаңа мәзір енгізу, қызметкерлерді дұрыс тамақтану негіздеріне оқыту және жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерін азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмысына тарту.
Мектепті жаңарту аудандық білім беру саласын дамытудағы маңызды қадам болды. Енді мұнда оқушылар үшін жайлы орта ғана емес, ғылыммен, спортпен және шығармашылықпен айналысуға жаңа мүмкіндіктер де бар.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бұланды ауданы.
![]()

