Есімі ел есінде
Қазақстанның мемлекеттік статистика органдарының 105 жылдық мерейтойы күндері Ақмола облысындағы статистика саласының көрнекті қайраткерлерінің бірі Жеңіс Сырымбетұлы Букинді үлкен құрметпен еске алғымыз келеді. Жеңіс ағамыз 1944 жылы 1 қаңтарда Көкшетау облысы Володар ауданы Лавровка ауылында дүниеге келген.
1969 жылы Қазақ политехникалық институтын өнеркәсіптік құрылыс мамандығы бойынша бітірген, ал, 1978 жылы Алматы жоғары партия мектебін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1960 жылы маусымда Лавров орта мектебінде лаборант, кейін сонда тарих мұғалімі, жергілікті кеңшарда құрылыс бригадирі болып бастап, Алматы қаласындағы «Казоргсвязь» басқармасында техник, Қазақ КСР Сәулет министрлігінде күрделі құрылыс басқармасының инженері болып жалғастырады. Әрі қарай Көкшетау облысы еңбекшілер депутаттары Келлер аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымына дейін көтерілді.
1979 жылдың қазан айында жаңадан құрылған Торғай облысының орталығы Арқалық қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Жеңіс Сырымбетұлы Арқалық қаласын басқарған жылдары бірқатар әлеуметтік нысандардың, соның ішінде үш мектеп, 13 балабақша, тұрғын үйлер, тұтастай жаңа шағын аудандардың құрылысына, жылу электр орталығын кеңейтуге өзіндік үлесін қосты.
Кейін Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялады. Жас тәуелсіз мемлекетіміз құрылған осынау қиын кезеңде Жеңіс Сырымбетұлы 1991 жылдан бастап, тәжірибелі мамандармен, туған жерінің патриоттарымен бірге Қазақстан статистикасын дамытуға атсалысты. Статистика қай мемлекеттің болсын өмірінде қашанда үлкен рөл атқаратынын жан-тәнімен түсінген Ж.С.Букин Көкшетау облыстық статистика және талдау басқармасын басқара отырып, сол бір өтпелі тұста Көкше өңірінде статистиканы тура мағынада дамыта білді. Өзі құрылысына көп еңбек сіңірген әкімшілік ғимаратта 1992 жылы облыстық статистика басқармасының ұжымы қоныстанды. Оның басшылығымен 1997 жылы Көкшетауда екі облыстық статистика департаменті (Солтүстік Қазақстан және Көкшетау) біріктірілді. Ал, 1999 жылы қалада Ақмола облысының статистика департаменті құрылды, оның жұмысына қызметкерлер тартылды, ғимарат, техникалық база қайта жаңартылды.
Жеңіс Сырымбетұлы кәсіби міндеттерімен қатар, облыстың әлеуметтік, қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласты. 2005 жылы Алматы экономика және статистика академиясының ғылыми кеңесінің отырысында оған бірауыздан осы академияның доценті ғылыми атағы берілді, ол жылда емтихан комиссиясының мүшесі ретінде оқу орны түлектерінің диплом қорғау жұмыстарына қатысып отырды.
2005 жылдың мамыр айында GTZ (Германиялық техникалық көмек қоғамы) жобасының шеңберінде осы елдің Федералдық статистика басқармасында «Аймақтық статистика» тақырыбындағы халықаралық семинарға қатысқан Жеңіс Сырымбетұлы 2005 жылдың маусым айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО БҰҰ) ұйымдастырған «Ауыл шаруашылығы зерттеулері және егін болжамдары» тақырыбындағы халықаралық семинарға да қатысты. Алматы қаласында БҰҰ-ның 2010 жылғы халық санағы шеңберінде «Қазақстандағы халық және тұрғын үй санағын ұйымдастыру және өткізу» оқу бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өткен ағамыз әрқашанда өзін осы салада білікті де білімді, өндірісте мол тәжірибесі бар басшы ретінде көрсетті. Оның жоғары талаптары мен кәсіпқойлығы, экономика мен статистика саласындағы мол тәжірибесі Ақмола облысының статистика департаментінің қызметін шебер үйлестіруіне мүмкіндік берді. Ашық, әдепті және көпшіл осы бір жан өз ұжымы мен облыс, қала тұрғындары арасында үлкен құрмет пен беделге ие еді. Оның жан жылуы мен мейірімділігі көпшілікті өзіне қаратып, әрдайым ризашылық сезімін туғызатын.
Жеңіс Сырымбетұлы мен зайыбы Қайыртай Мақабайқызы отбасылық өмірде де ұл-қыздары Жәкен, Жанна, Жангелдіге өнегелі тәрбие беріп, адал, еңбексүйгіш етіп өсірді.
1980 жылы Жеңіс Сырымбетұлы ел игілігі жолындағы ерен еңбегі үшін «Құрмет Белгісі» орденімен, 1985 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 2001 және 2005 жылдары «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. 2007 жылы бірінші республикалық ауыл шаруашылығы санағына белсене қатысқаны үшін «Бірінші ұлттық ауыл шаруашылығы санағы» төсбелгісіне, ал, 2021 жылы «Қазақстан Республикасының статистикасы» төсбелгісіне ие болды.
2021 жылдың 28 желтоқсанында дарынды басшыны, өз әріптестеріне ілтипатпен қарайтын тамаша адамды қимай соңғы сапарына шығарып салдық. Ардақты жанның есімі мен статистика саласы үшін атқарған қызметі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
Сандуғаш БАКИЕВА,
Ұлттық статистика бюросы Ақмола облысы бойынша департаментінің құрылыс,
инвестициялар және құрылымдық статистика басқармасының бас маманы.
![]()

