Ұлттық мереке – Республика күніне арналған салтанатты жиналыста Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Ұрқия Мұстафинаға «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісін табыс еткен еді.
Бұл жоғары марапат оның ұзақ жылғы адал еңбегі, жоғары кәсіби шеберлігі мен мемлекеттік қызметке адалдығының айқын әрі салмақты бағасы еді.
Ұрқия Хамитқызы өзінің еңбек жолын 1984 жылы Қорғалжын аудандық ауыл шаруашылығы техникасы қоймасының жұмысшысы болып бастаған. 2001 жылдан бүгінгі күнге дейін Ерейментау ауданының экономика және қаржы бөлімінде қызмет атқарып келеді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшыларының айтуынша, қызметтік жолында Ұрқия Хамитқызы өзін тәртіпті де жауапты, кәсіби біліктілігі жоғары маман ретінде танытып, тапсырылған қай істе болсын, терең білім мен мол тәжірибесін көрсетуде.
Оның бұл қасиеті ұжым жұмысының нәтижелілігіне септігін тигізуде. Өз ісіне деген адалдығы мен кәсібилігінің арқасында ол әріптестерінің де, аудан тұрғындарының да шынайы құрметіне бөленіп келеді.
«Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі – ел дамуына ұзақ жылдар бойы елеулі үлес қосқан қызметкерлерге көрсетілетін құрметтің ерекше белгісі. Келешекте осындай марапатқа қол жеткізген Ұрқия Хамитқызы Мұстафина сияқты өнегелі жандардың қатары одан сайын көбейіп, еңбектері жана берсін деген ізгі тілек көкейге өзі-ақ оралып тұрғандай.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

