Көкшетаудағы «Рио» сауда ойын-сауық орталығында оьлыстық шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Халық тауы – 15 наурыз» атты концерт өтті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгерістер енгізуге байланысты 15 наурызға референдум жариялағаны белгілі. Мемлекет басшысының бұл бастамасын қолдау мақсатында өңір тұрғындарына дұрыс, ресми ақпарат тарату маңызды. Сол себепті де, Көкшетау қаласындағы «Рио» сауда ойын-сауық орталығында облыстың шығармашылық ұжымының қатысуымен «Халық таңдауы – 15 наурыз» атты концерті өтті.
Мемлекет үшін маңызды құжатты қолдауға бағытталған кезекті іс-шара қонақтарының қатарында қала тұрғындары мен қоғамдық белсенділер болды. Бастысы, «Конституциялық реформалар туралы ақпараттандыру және тұрғындарды белсенді азаматтық ұстанымға шақыру», – дейді ұйымдастырушылар.
– Жергілікті өнерпаздар референдумды қолдау мақсатында концерт қойып, осындай ерекше жәрмеңке өтіп жатыр. Сондықтан, елімізде 15 наурыз күні өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырамын! Мен өзім көпбалалы анамын. Мен бей-жай қарамаймын. Осы қоғамда, болашақта менің балаларым да өседі. Сондықтан, осы референдумға міндетті түрде келіп қатысамын, – дейді Ақмола облысы әйелдер күші альянсы және көпбалалы аналар қауымдастығының құрылтайшысы Анаргүл Мұхамедрахимова.
– Бүгін жаңа Конституциямызды қабылдауымызға байланысты әдемі шара өткізілуде. Көңіл-күйіміз көтеріңкі! Жаңа Қазақстан, жаңа Конституция. Елімізді үлкен, жарқын болашақ күтеді деп сенемін. Сондықтан да бәріміз Ата Заңды қолдаймыз. Елімізде жақсы жаңалықтар көп болып, әлі халықтың жағдайы жақсарар деп ойлаймын. Оған мен нық сенімдімін. Референдумға барлық жерлестерімді келуге шақырамын, – деп пікір білдірді концерт қатысушысы – Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова.
Концертте мектеп оқушылары би билеп, өнер көрсетсе, кәсіби мамандар ән айтып, көпшілікті тәнті етті.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

