ЖОБА
2026 жылы Көкшетау қаласында қалалық ортаны кешенді дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған негізгі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру одан әрі жалғасады.
Басым бағыттардың бірі – көпсалалы облыстық аурухана құрылысы. Бұл нысан өңірлік маңызы бар ірі медициналық орталық ретінде үлкен маңызға ие болып, Ақмола облысы мен елдің солтүстік өңірлерінің тұрғындарына мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ететін болады.
Сарыарқа шағын ауданында 2026 жылы УЕФА стандарттарына сай, 10 000 орындық заманауи футбол стадионының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Жоба аясында спорттың осы түрінен әртүрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге, бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортын дамытуға мүмкіндік беретін құрылымын қалыптастырып, арналған футбол академиясын құру көзделген.
Сондай-ақ, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар саласында кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыруға мамандандырылған оқу кешені – Азаматтық қорғау академиясының құрылысы қарастырылған.
Қалалық ортаны абаттандыру шеңберінде 2025 жылы ашылған жағалаудың құрылысын жалғастырып, рекреациялық аймақты кеңейту және бірыңғай қоғамдық кеңістік қалыптастыру жұмысы да 2026 жылдың еншісінде.
Аталған жобалардың іске асырылуы Ақмола облысының әкімшілік орталығы Көкшетау қаласының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етіп, оның солтүстік өңірдегі рөлін нығайтады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

