Жаңа қазақ театрының құрылысы басталды

Жағымды жаңалық

Осы аптаның ішінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданында жаңадан салынатын Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының іргетасына капсула салу рәсіміне қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Бұл Ақмола өңіріндегі, соның ішінде қасиетті де киелі Көкше жеріндегі өте маңызды оқиғалардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында ауқымды халықтық құрылыс бағдарламасын жариялаған болатын. Cол бағдарламаны іске асыру барысында Ақмола облысын да ірі өзгерістер күтіп тұр. Соның бірі мәдениет пен өнер саласы үшін маңызды жоба – қазақ музыкалық драма театрының жаңа ғимаратының құрылысы.

Осы құрылыстың іргетасына капсула салу рәсіміне, сондай-ақ, қала әкімі Әнуар Күмпекеев, облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Жабал Ерғалиев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрғиса Дәуешов және зиялы қауым, өнер саласының өкілдері, театрдың шығармашылық ұжымы қатысты.

Жобаның өңірдің мәдени инфрақұрылымын дамыту, ұлттық театр өнерін сақтау мен насихаттау, шығармашылық ұжымдар қызметіне заманауи жағдай жасау тұрғысынан маңызы зор. Жаңа ғимарат 300-ден астам көрерменге арналған, жаңа, заманауи сахналық жарық беру, әрі дыбыс жабдықтарымен қамтылады. Жобалау барысында сәулеттік шешімдерге, көрермендер үшін қолайлы жағдай мен әртістердің кәсіби қызметіне қажетті толыққанды материалдық-техникалық база қалыптастыруға ерекше назар аударылады.

– Бүгінгі іс-шара тек жай дәстүр емес, бұл сенімді алға жылжудың, ілгері ұмтылудың символы. Бүгін біздер болашақтың іргетасын қалап жатырмыз. Өнер ордасын сала отырып, біз жаңа таланттар буынын тәрбиелейтін, жетістіктерге шабыттандыратын және жаңа көкжиектерді ашатын рухани кеңістікті қалыптастырамыз. Жаңа театр көрермендерге жарқын көңіл-күй сыйлайтын, жаңа жұлдыздар мен мәдени дәстүрлер қалыптастыратын орынға айналатынына сенімдіміз. Болашақта осы өнер ордасы республикалық және халықаралық мәдени іс-шараларды өткізуге өз мүмкіндігін кеңейтіп, кәсіби театр өнерінің қолжетімділігін арттыруға жағдай туғызылып, аймақтың көрікті, сәулеттік нысандарының қатарында орын алады.

Сіздерді осындай керемет өнер ғимараты құрылысының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Алдағы уақытта осындай тың жобалар мен халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған игі істер жүзеге асырыла берсін! Өздеріңіз білесіздер, былтыр жұмыс сапарымен осы Ақмола облысына, соның ішінде Көкшетау қаласына келген кезде осы біздің жайлы бір жаңа жағалауымызда серуендеп жүріп, Президент бізге осы театр құрылысын сыйға тартып еді. Бүгін, міне, сол Президенттің тапсырмасы іске асырылуына Үкімет қосымша қаржы бөліп отыр. Бүгінгі іс-шара соның бастауы. Құрылысты тез арада, сапалы салып бітіріп, біздің жобамыз бойынша келесі жылдың соңына таман жаңа еңселі бір жақсы театр қойылымын көреміз деп үміттеніп отырмыз, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Келесі болып сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Шахаң» театрының негізін қалаушы Мұратбек Оспанов та тұрғындарға игі тілегі мен алғысын жеткізді.

– Театр ұжымының 30 жыл бойы көкейінде жүрген арман-қиялы шіркін-ай, өзіміздің жаңа, уақыт талабына сай бір ғимаратымыз болса екен деген осы ой еді. Оған да, мінекей, жететін күн туып келе жатыр. Мына театр ұжымында басқа жақтарда бес жылды бес ғасырдай тойлап жатқанда, апырмай, осы отыз жылдығымыз неге елеусіз қалып, неге тойланбай қалды деген кішкентай бір көңілде кірбің бар еді. Міне, бүгін сол реніш сейілгендей болып жатыр, мына іс-шара сол сөзіміздің дәлелі. Сондықтан, бүгінгі мынау үлкен құрылыстың беташар рәсімі көп ұзамай өзінің нәтижесін беріп, тап осы жерде сәнді де зәулім ғимараттың тұсауын кесуге Алла нәсіп етсін! Ел тыныш, халқымыз аман болып, өнер ордасы – қазақ театры жасай берсін, – деді ол.

Театр құрылысын өңірдің рухани және мәдени дамуына бағытталған маңызды, көп салалы инвестиция деп айтуға болады. Өнер ордасына осы жерді таңдау да бекер емес. Бүгінгі таңда Сарыарқа шағын ауданы облыс орталығының негізгі құрылыстар мен ғимараттар орталығына айналуда. Мұнда денсаулық сақтау, білім беру, спорт және басқа да нысандар тез бой көтеруде. Енді, міне, осылардың жалғасы ретінде мәдениет ошағының да құрылысы басталды.

–Былтыр Мемлекет басшысы Көкшетауға іссапармен келгенде, бізге осындай тапсырма берген болатын. Марат Мұратұлының тапсырмасымен осы жобаға жер телімін Қопа көлінің жағасынан бердік. Оның көлемі 4,5 гектар. Театр кешені екі ғимараттан тұрады: біріншісі – театрдың өзі, екінші ғимарат – бұл шеберхана. Жоба мамандарының бұл істе тәжірибесі өте мол. Мұндай жобаларды Талдықорғанда, Ақтөбеде, Түркістанда жасаған. Сондықтан, әдейілеп осындай кәсіби мамандарды шақырдық, – деген Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев мәдени нысанның күндізгі және түнгі көрінісінің макетін таныстырды.

Жаңа театрда жертөле қабаты да қарастырылған. Бұл жертөледе әртістер киімі, аяқ киімдері, реквизиттер шоғырланады. Сол сияқты, музыканттар өз аспаптарын баптай алатындай дыбыс өткізбейтін материалдар болады.

Бірінші қабатта іс-шаралар өткізуге мүмкіндік беретін үлкен зал бар. Әрі қарай 300 орындық үлкен зал және сахна соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, әртістер үшін арнайы бөлмелер қарастырылған, онда олар киім ауыстырып, рөлдеріне дайындала алады. Ал, екінші қабатта ас үй, сондай-ақ, ана мен балаға арналған бөлмелер мен гигиеналық бөлмелер болады. Бұдан бөлек, техникалық бөлмелер де бар. Үшінші қабатта әкімшілік бөлмелер орналасады. Театрдың соңғы үлгіге сай әрі ыңғайлы болуы толық ескерілген.

– Ең бастысы жұмыс нәтижесі. Бәріміз бірлесіп, құрылыс сапасына игі ықпал етуіміз керек. Мұндайда кез келген жалған ақпараттан аулақ болуымыз қажет. Бізге нәтиже керек, балаларымыз сапалы білім алсын, жайлы жаттығу орындары, мәдени орталықтар көп болсын, – деді бұл орайда, Марат Мұратұлы. – Ең алдымен, Көкше жұртынан, біздің театрымыздың тұрақты көрермендерінен, сүйікті көрермендерінен сүйінші сұрағым келіп тұр. Жаңа өздеріңіз байқағандай, біздің ұлттық театрымыздың жаңа ғимаратының алғашқы кірпіші қаланып, қазығы қағылып жатыр.

– Иә, бұл театрымыздың 30 жылдық тарихындағы үлкен қуанышымыз. Барлық көрермендерді осы жаңа ғимаратта жаңа қойылымдармен қуанта беруге уәде береміз. Баршамыз болып театрдың ашылуын асыға күтеміз. Біз, мәдениет басқармасы мен өнер ордасының басшылары Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы  өнер академиясымен келісімдер жасасып жатырмыз. Болашақта сол оқу орнын бітіретін бір топ әртістер осында келіп, жаңа ғимаратта біздің қазіргі әртістермен бірігіп, үлкен жұмыс атқаратын болады деген сенімдеміз, – дейді Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Жарас Қалдаров.

Осыған қуана отырып, қазығы қағылған театр ғимаратының құрылысы «Жалпыхалықтық құрылыс жылы» уақытында аяқталып, жаңа орын өнер майталмандарының алтын бесігіне айнала берсе дейміз.

Бейбарыс СӘКЕН.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар