Жуырда «Көкшетау Энерго» ЖШС-інің бас директоры Досымхан Аралбаев Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының оқушыларымен кездесті.
Осы білім ордасынан Иманғали Тоқтау, Фархат Лашынтай, Асанәлі Қайролла, Досымжан Құрман және Алаш Махмет сәуір айында Түркияда өткен «Fibonacci Eurasia Robot Olympiad» халықаралық робототехника байқауының Еуразиялық кезеңінде І дәрежелі дипломдармен марапатталып, ел мерейін үстем еткен болатын. Ал, мұның алдында олар осы байқаудың республикалық кезеңінде жеңіске жетіп, халықаралық байқауға берілетін жолдаманы иеленген еді.
Аталмыш серіктестіктің демеушілік қолдауының арқасында дарынды оқушылар Түркияға барып, өздерінің жоғары дайындық деңгейін көрсетіп қана қоймай, бос уақыттарында Анталия қаласының көрікті жерлерімен де танысу мүмкіндігіне ие болды. Тағы бір қуантарлығы, байқау қорытындысында ақмолалық оқушылардан құралған топ олимпиаданың желтоқсан айында Италияда өтетін әлемдік финалына жолдама алды.
Сондықтан, жылы шырайлы жүздесуде оқушылар мен олардың жетекшілері көрсеткен көмек-қолдауы үшін Досымхан Әлішұлына алғыстарын білдіріп, мұнсыз Анталияға сапарларының жүзеге аспай қалуы да мүмкін болғанын жоққа шығармады.
Кездесу барысында жас дарындар серіктестіктің биыл жаңғыртудан өткен және қазіргі уақытта осы заманғы барлық талаптарға сай келетін орталық диспетчерлік қызметінің жұмысымен танысты. Мұнда телемеханиканың цифрлық технологиялары мен автоматтандырылған жүйелер енгізіліп, электр желілерінің жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға және кез келген төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге қолайлы жағдайлар қарастырылған. Осы істің мамандары оқушыларға бұл электр энергиясын тарату үдерісін жай ғана әңгімелеп қоймай, бүкіл жұмыстың қыр-сырын көрнекі түрде көрсетуі де жиналғандарды қызықтырмай қоймады.
Сөз арасында кәсіпорын басшысы оқушыларды лайықты жеңістерімен құттықтап, мамандық таңдауды да бүгіннен бастап ойластыруға шақырды. Себебі, энергетика сияқты күрделі салаға цифрлық технологияларды жете меңгерген осындай озық ойлы, мақсатшыл жастардың керегі айдан анық. Сондықтан, кездесудің бұл тұсы да алдағы күндерде дарынды жастарымызды ойландырады деген үміттеміз.
Қарлыға МҰХАТАЕВА.
Көкшетау қаласы.
![]()

