Целиноград ауданындағы екі ірі ауыл газдандырылды

Целиноград ауданында екі ірі елді мекенді газдандыру жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды. Қаражар және Қараөткел ауылдарында газ беру жүйесі іске қосылды. Алғашқы жоспар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 2028 жылға дейін жалғасуы тиіс болған. Алайда жоба мерзімінен бұрын аяқталып, елорда маңындағы өңірдің 24 мыңнан астам тұрғыны табиғи газға қол жеткізді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жоба аясында жалпы ұзындығы шамамен 240 шақырым жаңа газ желісі тартылды. Қаражар Целиноград ауданында газбен толық қамтылған жетінші, ал Қараөткел сегізінші елді мекен болды. Екі нысанның бір магистральдық желі бойында орналасуы жұмыстарды қатар жүргізіп, жүйені бір мезгілде іске қосуға мүмкіндік берді.

Салтанатты іске қосу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, жоба елорда маңындағы аумақтарды дамыту үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

«Бүгін біз үшін маңызды әрі көптен күткен күн. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында елорда айналасындағы елді мекендерді дамыту бағытында маңызды қадам жасап, газбен қамту жүйесін толық іске қосып отырмыз. Газдандыру – тек коммуналдық мәселе емес. Бұл – экологиялық жағдайды жақсарту, отынға жұмсалатын шығынды азайту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру», – деді облыс әкімі.

Қаражар ауылында шамамен 53 шақырым газ желісі тартылып, 5 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Ал Қараөткелде жаңа желілердің ұзындығы 185 шақырымды құрады. Ауылда 4 мыңнан астам отбасы тұрады. Қазіргі таңда шамамен 1,5 мың абонент газ жүйесіне қосылған.

Қараөткелді газдандыру жұмыстары бес іске қосу кешені бойынша кезең-кезеңімен жүргізілді. Оның алғашқы екі кезеңі өткен жылдың желтоқсанында пайдалануға берілсе, қалған үш кезеңнің құрылысы биыл аяқталды.

Сонымен қатар тұрғындарға әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға газ тұтыну ақысына 20 пайызға дейін жеңілдік беріледі. Ал аз қамтылған отбасыларға тұрғын үйлерін газға қосу үшін 70 АЕК-ке дейін біржолғы көмек көрсетіледі.

Жұмыс сапары барысында Марат Ахметжанов Қаражар ауылындағы Нурхановтар отбасының үйіне барып, алғашқы газ конфоркасын символикалық түрде жақты.

«Бұрын қыс мезгілі біз үшін көмір дайындау, күл шығару және пешті үнемі бақылаумен байланысты болатын. Қазір үйіміз жылы, таза әрі қауіпсіз. Отбасымыз үшін бұл – мүлдем басқа деңгейдегі жайлылық және күшті айтарлықтай үнемдеу», – деді Нурхановтар отбасы.

Айта кетейік, бүгінде Ақмола облысы халқының 28 пайызы, яғни шамамен 220 мың адам табиғи газға қол жеткізген. Өңірдегі елді мекендерді газдандыру заманауи коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бағыттарының бірі болып қала береді.

Целиноград ауданында газдандыру жұмыстары әрі қарай да жалғасуда. Биыл Қызылсуат ауылында газ желілерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жоба нәтижесінде тағы 3 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қосылады.

Сонымен қатар Ақмол, Қабанбай батыр, Өтеміс, Қызылжар, Нұресіл және Қажымұқан ауылдарын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Жаңа жобалар 30 мыңнан астам тұрғынды қамтиды. Оларды іске асыру жұмыстары келесі жылдан басталады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар