Сары алтындай күз мезгілі себетке толы жемісін, қамбаға толы астығын сыйлап, адамзатты молшылық пен берекеге кенелтеді.
Түрлі-түсті түске тұнған мезгілде бүлдіршіндеріміз «Алтын күз» мерекесін тойлайды.
Көкшетау қаласындағы №7 «Айша» балабақшасы да осынау ырыс пен байлықтың мерекесін атап өтті. «Сәлем, саған алтын күз» тақырыбында өткен салтанатты шараға №11 «Аққу» тобының бүлдіршіндері белсене қатысып, берекелі де мерекелі күз мезгілінің қадір-қасиеті мен сыр-сипатын ұғынып, түрлі көріністер көрсетіп, өнерлерін барынша ортаға салды.
Күздің сипатын бейнелеп көрсеткен сахналық қойылымдары мен мәнерлеп оқыған өлеңдері іс-шараның мәнін ашып, шырқаған әндері кештің сәнін келтірді.
Тәрбиешілер Анар Боранбаева мен Индира Сәбитованың ұйымдастыруымен өткен мерекелік ертеңгіліктен балаларымыздың көңілдері жадырап, жарқырай түсті. Бүлдіршіндеріміздің көңілдері әрқашан осындай жарқын болсын. Ата-аналар атынан топ тәрбиешілеріне алғыс білдіреміз!
Көкшетау қаласындағы
№7 «Айша» балабақшасындағы
«Аққу» тобы бүлдіршіндерінің ата-аналары.