Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Аталарының ордені 76 жылдан кейін ұрпақтарына табыс етілді - АРҚА АЖАРЫ

Аталарының ордені 76 жылдан кейін ұрпақтарына табыс етілді

Ұлы Отан соғысында қаза тапқан көкшетаулық жауынгер Мүтәлләп Әбутәліповтің майдан даласында қаһармандық ерлігі үшін берілген наградасы араға 76 жыл салып барып кейінгі ұрпағына табыс етілді.

Мүтәлләп Әбутәліпов майдан басталғанға дейін Қызылсая мектеп-интернатының директоры, Көкшетау аудандық партия комитетінің хатшысы болып қызмет еткен. 1944 жылы әскер қатарына алынып, Ленинград және Украина майдандарындағы шешуші шайқастарға қатысқан. 1944 жылдың басында Украинадағы Землянка елді мекені үшін болған қиянкескі ұрыста қаруластарымен бірге басқыншы жауға күйрете соққы беріпті. Аласапыран, жан алып, жан беріскен алғы шепте асқан ерлік көрсеткен сержант Мүтәлләп Әбутәліпов І дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынылады. Алайда, батыр қайтпас қайсар ерлігінің белгісіндей наградасын алуға үлгермеген. Сол жылдың 24 қаңтарында майдан шебінде қаза тауып, Киев облысына қарасты Ракитянский ауданындағы Калиновка селосының маңында жерленген.
Арада талай жыл өтсе де әкесінің жамбасы жерге тиген зиратты тапқысы келген ұрпағы індете іздеген. Дерегі 1982 жылы шықса керек. Туған жердің топырағын салуға, қайран да қайран әкенің басына тәу етіп, құран оқуға аттанған ұлы Чапай Мүтәлләпұлы мен келіні Раиса Тасжанқызы нақты жерленген жерін тауып, көрнекті етіп ескерткіш орнатқан. Кейін Киев қаласының фашист басқыншыларынан азат етілуіне алпыс жыл толуына орай Қазақстанның ресми делегациясын басқарып барған Чапай Әбутәліпов әке рухына тағы да тағзым етеді. Бұл жолы Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов, екі дүркін Кеңес Одағының Батыры атанған Талғат Бигелдинов бірге болған.
Көкшетауда батыр ұлының наградасы тапсырылу сәті салтанатты түрде аталып өтті. Алдымен сөз алған Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов Отан үшін от кешкен ерлердің ерлік ісі ешқашан өлмейтінін, кейінгі ұрпаққа өнеге болып көкіректерінде жүретіндігін айтса, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевтің ерлік пен елдікті сипаттайтын аталы сөзі талайды тебірентерлік еді. 76 жылдан кейін жауынгердің шөбересі Батырхан Мүтәлләповқа табысталған І дәрежелі Отан соғысы орденін Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясы елшілігінің аташесі София Гальчина тапсырды.
Бір кезде нақақ жауынгерлердің жау қолынан оққа ұшуы қасірет болса, майдан даласындағы ерен ерліктері араға жылдар салып табылып жатуы қуаныш деуге де болар. Ел үшін жанын қиған жауынгерлердің ерлік сорабы бүгінгі ұрпақты Отанды қалай сүю керек екендігіне меңзеп тұрғандай.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Суреттерді түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар