Кәсіпкерлер белсенділігі – өңірдің дамуының кепілі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ақылбек Смағұлов Мемлекет басшысының биылғы жылғы ел халқына арнаған Жолдауының жүзеге асырылу барысы жөнінде айтты.

Алдымен, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры импортты ауыстыру, өнеркәсіпті дамытып, экспортты көбейту мәселелеріне тоқталды. Бұл бағытта Президенттің «Өнеркәсіп саясаты туралы» Заң – бірыңғай нормативтік- құқықтық акция жасау туралы тапсырмасы уақытылы болып табылады. Бұл өңдеуші өнеркәсіп дамуының негізгі принциптерін, мақсаты мен міндетін анықтайды.
– Өнеркәсіпті қолдау шараларына ерекше назар аудару қажет. Мұнда стратегиялық маңызды өндірісті, шешуші экспорттық басымдықты қамтып, қолдау шараларының тетігін ұлғайту керек. Мемлекет пен инвесторлар арасындағы келісімді тіркеу мақсатында стратегиялық инвестициялық келісім тәрізді жаңа тетік енгізіледі. Бұл бастаманы экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі заң жобасы аясында жыл соңына дейін жүзеге асыру керек. Үкімет стратегиялық келісімге кіретін жобаларды келесі жылдың сәуіріне дейін жасайды. Бүгінгі күні өңдеуші кәсіпорын пайдаланатын шикізаттың көбі алыс және жақын шетелдерден тасымалданады. Өз өндірісіміздің қымбат шикізатын сатып алу тиімсіз. Өңірлік жобалық кеңсенің отырысында өндірістің осы проблемалары есепке алынып, заңнаманы толықтыру және өзге де мәселелер қарастырылуда. Оның ішіне мемлекеттік сатып алу да кіреді,–деген палата директоры агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мәселелері, оны шешудің жолдары жөнінде айтты. Мемлекет басшысы өз Жолдауында бәсекеге қабілетті экономиканы дамыған ауыл шаруашылығынсыз құру мүмкін емес деген болатын.
–Бұл саланы одан әрі дамыту үшін бизнесті субсидиялау бағдарламасын қайта қарауды ұсынады. Мемлекет қаржыны өндірістің соңғы өніміне бағыттау керек. Латифундистер жөніндегі мәселе ашық қалуда. Агроөнеркәсіп кешені субъектілері үшін ұзақ мерзімді қолжетімді несиелеу мәселесі шешілмеген. Жастар селода жұмыс істегілері келмейді. Еңбекақының төмендігінен білім және денсаулық сақтау мамандары кетіп жатыр. Мұндай жағдай машина жасау, көлік және логистика, ветеринария, егіншілік тәрізді өзге салаларда да байқалады,–деді палата басшысы.
Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру тұрғындарды отандық әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының кірісін тұрақты арттыру, еңбек өнімділігін көтеру, агроөнеркәсіп кешені экспортын көбейту міндетін орындауға мүмкіндік береді. Одан әрі Ақылбек Смағұлов шағын және орта бизнесті қолдау жөнінде айтты. Бүгінгі күні пандемия жағдайында шағын және орта бизнестің субъектілері қиын экономикалық жағдайға тап болды. Осы орайда, 700 мың кәсіпкерге салық жеңілдігі берілді. Төлемдері кейінге қалдырылып, несиені жеңілдік жағдайында төлеу мүмкіндігі ұсынылды. Бұл бизнеске үлкен қолдау болды. Дегенмен, жағдай қиын. Жуырда экономика секторында зардап шеккен шағын және орта бизнестің барлық несиелері бойынша мемлекеттік субсидиялау басталды.
–Келесі мәселе – бизнес климат. Бұл сала реформаны қажетсінеді. Реттеуші саясаттың базалық принциптері өзгеруі тиіс. Мемлекеттік реттеу тек қана азаматтардың денсаулығын және экологияны қорғаумен ақталуы тиіс,–деген облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры салықтық әкімшілдендіру жөнінде айтты. Брифинг соңында журналистер қойған сауалдарға жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар