Балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керек

Биылғы оқу жылына дайындық кезінде облыс аумағындағы білім беру мекемелері бейнебақылау камераларымен толықтырылды. Осы күні облыстың барлық мектептері мен 247 мектепке дейінгі ұйымы аталмыш құрылғымен қамтамасыз етілген. Бұл жөнінде облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті мамандарының қатысуымен өткен брифингте белгілі болды.

Аталмыш департамент білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету барысында бақылау жүргізумен қатар, атқарылып жатқан іс-шараларға мониторинг жасайды. Брифингте баяндама жасаған аталған департаменттің білім беру сапасын сырттай бағалау бөлімінің жетекшісі Қарлығаш Мұхаметжанова білім саласында еңбек етіп жүрген мамандарды ұлттық біліктілік тестілеуден өткізудің ашықтығы мен тиімділігі туралы айтып берді.
Жалпы, білім беру саласында қызмет ететін педагогтар қауымы 5 жылда бір рет өз біліктілік санаттарын бекіту үшін аттес-
таттаудан өтеді. Ал, егер педагогтар жаңа біліктілік санатына өткілері келсе, онда мезгілінен бұрын тапсыруға өтініш бере алады. Қазіргі уақытта ұлттық біліктілік тестілеу электронды түрде тапсырылады.
–Ұлттық біліктілік тестілеуден білім беру саласының педагогтары бір жылда бір рет тегін өте алады, қайталап өту немесе алдын ала тапсырып ақылы, яғни, көру бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде. Ағымдағы жылдың маусым-тамыз аралығында бұл сынақты тапсырып, біліктілік санатын жаңартқысы келген 2215 педагогтің 1316-сы шекті деңгейден өтті. Қазір педагогтар қауымы «модератор», «сарапшы», «зерттеуші», «шебер» тәрізді санаттарға бөлінеді. Тестілеуді жақсы тапсырып шыққан педагогтардың еңбекақысының үстінен 30-дан 50 пайызға дейін үстемеақы қосылады. Тестілеу кезінде талаптарды бұзып, қолдануға болмайтын заттарды алып кірген 35 педагог сынақ алаңынан шығарылып, сынақ нәтижелері жойылып, олар тестілеудің нормаларын бұзғандары үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды, –деді Қарлығаш Амангелдіқызы.
Сонымен бірге, бүгінгі күні қоғамда балалардың қауіпсіздігін назарда ұстау да өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Себебі, соңғы уақытта елімізде білім беру мекемелерінде балалардың құқығын бұзу, бұзақылықтар мен ұсақ қылмыстар жиі орын алуда. Оның үстіне білім беру процесінің сапасын жетілдіру де басты назарда. Осы жағдайларды ескере отырып, білім ордаларында еліміз бойынша бейнебақылау камералары қойылуда. Бүгінде жоғарыда атап өткеніміздей, облыстың барлық 555 мектебі мен 247 мектепке дейінгі ұйымы аталмыш құрылғымен қамтамасыз етілген. Десе де, бұлардың небары 29-ы ғана жедел басқару орталығына қосылыпты. Оның 25-і Көкшетау қаласында, қалған 4-еуі Ақкөлде.
Аталған департамент балабақшаларға осы бейнебақылау камераларын орналас-
тыру бойынша мониторинг жасапты. Облыста мектепке дейінгі білім беретін шағын орталықтарды қоспағанда 248 балабақша бар екен. Олардың барлығы осы күні бейнебақылау құрылғысымен қамтылғандығын атап өтті спикер. Тек Целиноград ауданының Мәншүк ауылындағы «Әдемі-ау» балабақшасында ғана камера жоқ екен. Ол да алдағы уақытта шешілмекші.
Балалардың қауіпсіздігі мемлекет назарындағы мәселе болғандықтан, олардың білім алуына арналған мекемелерге бейнебақылау камералар сатып алу үшін жергілікті аудандар мен қалалардың бюджетінен 134,5 миллион теңге қаржы бөлініпті, жеке меншік балабақшалар бұл орайда 10,2 миллион теңге қаржы жұмсаған. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен осы мақсатта 160 миллион теңге қарастырылыпты.
Бүгінде балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында білім беру мекемелерін ішкі әжетханалармен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Тараздағы жағдайдан кейін еліміз бойынша осы мәселе қайта көтерілген болатын. Департамент осы тұрғыдан да мониторинг жүргізіпті.
–Біздің облыста мектептерді жылы әжетханамен қамтамасыз ету мәселесі бойынша негізгі жұмыстар 2010 жылы атқарылған болатын. Осы уақытқа дейін облыста 5 мектепте жылы әжетхана болмады. Оның 4-еуі ағымдағы жылдың жазында жабдықталды. Сонымен, бүгінде облыста тек Целиноград ауданындағы Шұбар ауылындағы негізгі мектепте ғана жылы әжетхана жоқ, ол жыл соңына дейін болады, себебі, құрылысы жүргізілуде, –деді департамент өкілі.
Брифинг барысында осы департаменттің білім беру қызметін лицензиялау бөлімінің басшысы Манат Әбілмәженов те журналистер алдында есеп берді. Оның мәліметтеріне сүйенсек, биылғы 9 айда 54 білім беру ұйымының өтініштері қаралып, оның 24-інің лицензиялары қайта ресімделген, 2-еуіне лицензия және 3-еуіне лицензияға қосымша берілген, ал 25-інен бас тартылған.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар