Көмірден тапшылық жоқ. Ол әлі де жеткізілуде

Міне, қылышын сүйретіп, қыс мезгілі де келіп қалды. Арқаның қытымыр қысы аязды әрі боранды болып келетіні белгілі. Ақмола өңірінің тұрғындары үшін күз бен көктем аралығындағы төрт айдың суығында сенімді бу қазандықтары мен отын-көмір қажет.

Биылғы жылдың мамыр айында облыстық әкімдіктің жылу беру маусымына дайындық туралы қаулысы қабылданған болатын. Осы қаулыға сәйкес, өңірдегі барлық бу қазандықтары 15 қыркүйекке дейін дайындық жұмысын аяқтау керек деп жоспарланды. Осы бағытта биылғы жылы облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына 46 миллиард теңге қаржы бөлінді. Облыстың 8 елді мекенінде жылу беретін нысандар мен жылу құбырлары жаңғыртылды. Облыс орталығының іргесіндегі Краснояр селосында жаңа жылу беру жүйесі тартылды. Бұл жоба қосымша 110 тұрғын үйді жылумен қамтитын болды. Оның 30-ы көп пәтерлі тұрғын үй болса, 80-і жер үйлер. Сондай-ақ, бұрын жылу тапшылығын көріп келген 23 әлеуметтік-мәдени нысанның да мәселесі шешілді.
Бұланды ауданының орталығында соңғы жиырма жылдан бері орталықтандырылған жылу жүйесі мәселесі оңынан шешілмей келді. Көп қабатты тұрғын үйлердің көбі пеш арқылы жылытылатын. Биыл облыстық бюджеттен 250 миллион теңге қаржы бөлініп, жаңа бу қазандығы салынды. Ерейментау қаласында да «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында №5 бу қазандығы жаңартылды. Бірқатар көшеге жылу құбырлары тартылды. Зеренді селосында қазіргі заманғы бу қазандығын салу мәселесі туындап отыр. Оның оң шешімі қарастырылуда. Жылу беру маусымын ойдағыдай өткізу назардан тыс қалмауы тиіс. Осы орайда, апатты жағдайға жақын су, жылу, электр жүйелерін күрделі жөндеуден өткізу қажеттілігін өмірдің өзі алға тартып отыр. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып, маңызы зор мәселелерді шешу жұмысы жалғаса бермекші.
Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченко бізбен әңгімесінде «Ауыл – ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары аясында 10,6 миллиард теңге, сондай-ақ, жолды жөндеу және отын қорын жасауға 5 миллиард теңге қаржы бөлінгенін айтты. Аталмыш бағдарламалар аясында 61 көп пәтерлі тұрғын үй, 454 жер үй және 31 әлеуметтік нысан жылу жүйесіне қосылыпты. Елді мекендердегі кейбір тозығы жеткен жылу жүйелері жаңартылып, қысқа дайындық жұмысы біршама тыңғылықты атқарылған екен. Дегенмен, бірқатар аудандарда бұл жұмыс кештеу аяқталыпты. Сондай-ақ, облыс орталығындағы «Көкшетау Жылу» кәсіпорнына жыл сайын қомақты қаржы бөлінсе де жөндеу жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмай отыр. 2016 жылдан бері кәсіпорынның кредиторлық берешегі үздіксіз өсіп, 2 миллиард теңгені құрапты. Тұрғындардың қарызы да қордаланып қалған. Борышкерлердің көбі қалталы азаматтар екен.
–Қыстан қысылмау үшін жеткілікті отын қорын дайындау өте маңызды. Облысқа 1,4 миллион тонна көмір қажет. Оның 730 мың тоннасы коммуналдық-тұрмыстық секторына, 662 мың тоннасы жергілікті тұрғындарға. Бүгінгі таңда жергілікті тұрғындар үшін 481 мың тонна көмір жеткізілген. Бұл қажетті көмірдің 73 пайызын құрайды. Облыста 52 отын базасында көмір іркіліссіз сатылуда. Енді көмірдің бағасы жөнінде айтатын болсақ, оның әр тоннасының орташа бағасы 12 мың теңгені құрайды. Мәселен, жақсы жанатын, тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие «Шұбаркөл» көмірінің бір тоннасы 12 мың 250, «Майкөбе» – 10 мың 740, «Қаражыра» – 12 мың 870, «Богатырь» – 9 мың 790 теңгеден сатылуда. Өткен жылмен салыстырғанда көмір бағасы өзгерген жоқ,–дейді басқарма басшысы.
Бірқатар аудандарда көмірдің кей түрінің аздап арзандағаны да байқалуда. Коммуналдық-тұрмыстық сектор 413 мың тонна көмір қорын жинақтаған. Бұл қажетті көмірдің 57 пайызын құрайды. Қазір белгіленген кесте бойынша қалған көмір қоры тасып жеткізілуде. Щучинск-Бурабай курортты аймағында орналасқан қазандықтар тәрізді кейбір кәсіпорындар отын ретінде мазутты да пайдаланады. Облысқа 46 мың тонна мазут қажет. Павлодар мұнай зауытымен келісім-шарт жасалып, мазут та жеткізілу үстінде. Қазір 7,5 мың тонна қор жинақталған. Көпшілікті осы отынның бағасы толғандырады. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Алмат Фазылдың айтуынша, көмір тұтынушыға жеткенше қымбаттап кетеді. Оның негізгі себебі, екі ортадағы делдалдардың бағаны үстемелеуі. Мәселен, облыста қатты отынмен 70 пайыз қамтамасыз ететін көтерме сауда иелері жұрт үстінен жонып жеп, табысқа кенеліп отыр. Мысалы, «Шұбаркөл» сорты көмір разрезінде бір тоннасы 5 мың 819 теңгеден босатылады. Көмір тасумен айналысатын 17 көтерме сауда кәсіпорындарының иелері үстеме бағасын қосқан кезде әлгі баға 12 мың 500 теңге болып шығады. Бұл көмір сортының бір тоннасы Зеренді селосында 15 мың 500 теңгеден сатылады. Оған 7 мың 500 теңгеге бағаланған көлікпен ауылға тасымалдау қызметін қосыңыз. Барлық көмір сорттарының қымбаттап кетуі себебі осыдан. Шағын отын базасындағылар мұндай есеп-қисапты біле бермеулері де мүмкін. Көмірді көтерме сауда арқылы сатып алу үшін қыруар қаржы қажет. Оған әркімнің шамасы келе бермейді. Демек, ел жағдайын екшеп, қалтасын қақпау үшін осы мәселеге мұқият назар аудару қажет.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар