Коронавирус індетінің алғашқы кезеңінде орын алған дәрі-дәрмек тапшылығы енді болмайды. Облыстағы жалғыз жедел қоймада дәрі-дәрмектің екі айлық қоры бар. Қазіргі уақытта 2021 жылға арналған сатып алулар рәсімделуде. Бұл жөнінде «СК Фармация» серіктестігінің Ақмола облысы бойынша өкілі хабарлады.
Жедел қойма – бұл бірыңғай дистрибьютордың астаналық хабынан келетін дәрі-дәрмектерге арналған «ауыстырып тиеу пункті». Жүйе өте қарапайым, яғни, тауар келе салысымен, 2 апта ішінде дәрі-дәрмектер тапсырыс берушілерге таратылады. Және бір айта кетерлігі, мониторинг тобының мүшелері жүргізген рейд барысында анықталған бұған дейінгі кемшіліктерін «СК Фармация» түзеткен екен.
– Жағдай бақылауда. Қажетті дәрі-дәрмектер Нұр-Сұлтан қаласындағы жалпы хабта сақталады. Сатып алу жүйесі бойынша, осы дәрі-дәрмектер облыстағы 49 медициналық мекемеге бөлініп, таратылады. Бұл бюджет шығындарын бақылауға мүмкіндік береді. Қазір амбулаториялық және стационарлық емдеуге қажетті дәрі-дәрмек қоры бар. Коронавирустың екінші толқынына дайындық айтарлықтай жүргізіліп жатыр, – деді мониторинг тобының мүшесі Игорь Плюснин.
Жақында серіктестіктің облыс орталығындағы қоймасына Нұр-Сұлтан қаласынан дәрі-дәрмек тиелген тағы бір жүк келді. Бұл жүктің құны 19 миллион теңгеден асады. Келесі жүк 29 қазанда келеді деп күтілуде.
– Иә, біз дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі болмайды деп сеніммен айта аламыз. Өйткені, медициналық ұйымдарда бір айлық, біздің базада екі айлық дәрі-дәрмек қоры бар. Облыстық әкімдік пен денсаулық сақтау басқармасы екі айлық тұрақтандыру қорын жасап берді. Қазір 2021 жылға сатып алулар жүріп жатыр. Алғашқы дәрі-дәрмектерді жеткізу уақыт кестесіне сәйкес жүзеге асырылады,– деді «СК Фармация» серіктестігі өкілдігінің жетекшісі Жанарбек Омаров.
Тұрақтандыру қорлары мен жедел қоймалар резервті сақтап, коронавирус өршитін болса, дер кезінде қимылдауға мүмкіндік береді. Ең бастысы – дәрі-дәрмектерді медициналық ұйымдарға уақытылы жеткізуді қамтамасыз ету.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.