300-ге дейінгі оқушысы бар мектептер әдеттегі оқу түріне ауысады

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин коронавирус пандемиясының таралуына жол бермеуге арналған ведомствоаралық комиссия отырысында 300-ге дейінгі оқушысы бар мектептер екінші тоқсанды бұрынғыдай дәстүрлі оқыту түрінде жалғастыратындығын мәлімдеді.

Үкімет басшысының төрағалығымен өткен комиссия шешімі бойынша екінші тоқсаннан бастап оқушылар саны 300 балаға дейінгі қала және ауыл мектептерінің жұмысы бұрынғыдай дәстүрлі форматқа көшіріліп, ата-аналардың өтініші бойынша 1-шіден 5-ші сыныпқа дейінгі балалар, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейінгі оқушылар кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етіледі. Бұл жағдайда санитарлық-дезинфекциялық режим қатаң сақталып, маска тағу міндетті және оқушылар сабақ кезінде шахмат ретімен отырғызылып, арақашықтық сақталу тиіс.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенованың мәлімдеуінше, біздің облыста бірінші тоқсаннан бері Білім және ғылым министрлігінің бұйрығындағы талаптарға сай келетін өңіріміздегі 387 мектеп дәстүрлі форматта оқып жүр. Ал, қалған 168 мектеп қашықтықтан оқыту форматында жұмыс істеп, олардағы бастауыш сыныптар ата-аналардың өтініштері бойынша кезекші сыныптарда оқуда. Енді Үкімет басшысының шешімі бо-
йынша кезекші сыныптардың қатарына 5-ші сынып оқушылары да қосылады.
–Күні кеше облыс аудандары мен қалаларындағы білім бөлімдеріне Премьер-министрдің шешіміне сәйкес жасалған бұйрықты жолдадық. Жалпы, бірінші тоқсанда облыстағы 555 мектептің 168-і ғана қашықтықтан оқыту форматында жұмыс істеді. Сол қашықтықтан оқытып жатқан мектептердің ішінде 300-ге дейін бала оқитын 53 мектеп бар. Осы мектептер санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің рұқсатымен екінші тоқсанды дәстүрлі оқыту форматында жалғастыра алады. Ал, 5-ші сынып оқушыларын кезекші сыныптар қатарына қосу бойынша әзірге ата-аналар арасында сұрастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, –деді білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова.
Еске сала кетсек, оқу жылы басталғалы республика бойынша балалар арасында індет жұқтырған 250 жағдай тіркелді. Соның 105-і кезекші сыныптардың балалары, қалғаны қашықтықтан білім алып жатқан оқушылар. Ал, біздің облыста наурыз айынан осы күнге дейін 50-ден аса бала коронавирус және оның салдарынан туындаған індетке шалдығып, емделіп шықты.
Батпаңдап кіріп, мысқалдап шығатын жаман індет балалардан аулақ болсын десек, оларға індеттен қорғану әдістерін үйретіп, маска тағу, арақашықтықты сақтау талаптарын қадағалап отырғанымыз абзал.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар