Тарихы тереңде жатқан Атбасар біраз көркейіп калды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Сандықтау және Атбасар аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты және биыл негізі қаланғанына175 жыл толған Атбасар қаласында көше жолдарын жөндеу, әлеуметтік нысандарды қайта жаңғырту және қаланы абаттандыру бағытында атқарылған жұмыстардың жай-жапсарына назар аударды.

Өңір басшысы алдымен Сандықтау ауданында орналасқан өмірдің қиын жағдайында қалған балалар мен жасөспірімдерге қолдау көрсетуге арналған облыстық орталықта болды. Онда 3 және 18 жас аралығындағы кәмелетке толмаған балалар мен жеткіншектерге мамандар психологиялық-педагогикалық, медициналық-әлеуметтік көмек көрсетеді, сондай-ақ, олардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне құқықтық көмек көрсетіледі. 2019 жылы бұл мекеме Щучинск қаласынан Сандықтаудағы бұрынғы балалар үйіне көшірілген екен. Соңғы екі жыл ішінде орталық ғимараттарын заманауи стандарттарға сай етіп, қайта қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асырылыпты. Ғимаратты қайта қалпына келтіру үшін қыруар қаржы жұмсалған. Орталықта балалар оқу бағдарламаларын толық меңгеріп қана қоймай, спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге қатысып, өздерінің қабілеттерін де дамыта алады. Нысанның жағдайымен танысып шыққан өңір басшысы Көкшетау қаласында орналасқан осы тәрізді бейімделу мекемесінің тәрбиеленушілерін де осында көшірудің мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Себебі, облыс орталығындағы мұндай мекеме тар ғимаратта орналасқан. Егер Көкшетаудағы тәрбиеленушілер Сандықтауға көшірілетін болса, орталықтың қызмет ауқымы кеңейіп, мүмкіндігі де арта түседі деп атап өтті өңір басшысы.
–Қаламыз жыл өткен сайын көркейіп келеді. Бүгін күн алабұлтты болса да көршім екеуіміз серуендеуге шықтық. Осындай әдемі саябағымыз бар. Таза ауада дем алғанға не жетсін», –дейді Атбасар қаласының байырғы тұрғыны Клара Полякова облыс басшысының «қаланы көркейту жұмыстарына көңілдерінің тола ма?» деген сауалына. Аудан әкімі Аманбек Қалжановтың айтуынша, теміржолшылар саябағы 47,5 мың шаршы метр аумақты құрайды.
– Бұл аумақ атбасарлықтардың негізгі демалыс орталығына айналады деп жоспарлануда. Биыл мұнда жүгіруге арналған жолдар салынып, 400 түп шырша мен қайың ағаштары отырғызылды, балалар алаңы орнатылды. Спорт алаңын «Қамқор-Локомотив» серіктестігінің филиалы – Атбасар электровоз жөндеу зауыты салып берді, – дейді аудан әкімі.
–Биыл Атбасар қаласының іргетасының қаланғанына 175 жыл толып отыр. Осындай атаулы датаны салтанатты түрде атап өту жайлы іс-шаралар жоспарланған еді, алайда, карантиндік шектеулер қойылған соң, ол жоспарымыз орындалмады. Дегенмен, біз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, құрылыс, жол инфрақұрылымы, әлеуметтік салаларға қаржыны неғұрлым көбірек салып, халықтың көңілінен шығатындай істер атқаруды жөн деп ұйғардық. Аудан облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлесін қосып келе жатқандығын атап өту керек. Мұнда нағыз еңбеккерлер тұрады, –деп атап өтті облыс әкімі Ермек Маржықпаев.
Атбасарлықтар үшін шешімін күткен өзекті мәселелер көп болатын. Жағажолдардың болмауы, жергілікті жолдардың сапасының төмендігі мұндағы тұрғындар тарапынан үнемі айтылып жүретін. Биылғы жылдың мамыр айынан бастап ауданда осы бағытта біраз жұмыс қолға алынды. Атбасардың 17 көшесінің жолдарын жөндеу жұмыстарына қазынадан 1,1 миллиард теңге бөлінді. Егер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты айтар болсақ, бөлінген қаражат есебінен жасалған жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде «Еркежан» балабақшасының жылу қазандығының қуаты артты, ол бүгінде қосымша 16 көппәтерлі үйлерге де жылу таратуда. Мұнда екі жаңа агрегат сатып алынып, сорғыштары ауыстырылды.
Сапар барысында ауданның әлеуметтік саласына ерекше көңіл бөлініп жатқандығын аңғардық. Мысалы, ауданда 20-ға тарта мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған шамамен 300 миллион теңге сомасында қаржы бөлініпті. Облыс әкімі осындай құрылыс алаңдарының біріне тоқтап, ондағы жағдайды тексеріп көрді. 140 орынға шақталған №6 балабақшасының қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жүзеге асуда. Мұндағы жұмыс көлемінің барысымен танысқан өңір басшысы мемлекет пен бизнестің бірлесіп атқаратын жобаларының маңыздылығына ерекше көңіл бөлді. Сонымен бірге, мұнда соңғы 30 жылда бірінші рет аудандық кітапхананың ғимаратына жөндеу жүргізіліпті.
Аудан тұрғындары хоккей корты мен жасанды жабынды төселген футбол алаңы бар жаңа спорттық кешенінің құрылысын мерейлі жылда салынған басты тарту деп есептейді. Кешен «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасы аясында жаңартылған «Локомотив» стадионының жанында орналасқан.
–Бұл атбасарлық спортшылардың жеңіске деген құлшынысын арттыратын өте қажет нысан болады, – деді облыс әкімі.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар