«Жаман боладының» мәні
Қазақы наным-түсінік оның тұрмыс-тіршілігі, өмір-салтымен етене байланысып жатыр. Бүгін назарларыңызға ата-анамыз бен ауылдың үлкен ақсақалдары үнемі айтып жүретін «Жаман болады» жайлы қазақтың тыйымдарын ұсынамыз. «Жаман боладының» астарында не жатқанын білгіңіз келсе, назар аударыңыз.
● Белді таянбайды. Себебі, жақын адамы қайтыс болғанда жоқтау айтып жылаған әйел ғана белін таянады.
● Жер таянып отырмайды. Жақынынан айрылған адам ғана жер таянады.
● Бетті басуға болмайды. Қайғы-қасіреттен қажыған адам ғана бетін басады.
● Қолды тарақтауға, артқа қусырып жүруге болмайды. Бұл – қолы байланған тұтқынды еске салатын жаман ырым.
● Белді босқа буынбайды. Өмірінде перзент көрмеген адам ғана белін босқа буынады.
● Тізені, табанды тартуға болмайды. Ауруға шалдыққанда ғана тізе мен табанды тартады.
● Жақты таянбайды. Қайғы-қасіреттен әбден жалыққан адам ғана жағын таянып демеу етеді.
● Тізені құшақтамайды. Бұл – «ұрпақсыз қалдым», «қу тіземнен басқа құшақтар қалмады» деген жаман ырымды білдіреді.
● Жуған қолды сілкісе, ырыс-несібе кетеді.
● Адамға қаратып қолды шошайту әдепсіздік болады.
● Саусақты, қолды орынсыз ауызға салуға болмайды. Бұл да әдепсіздік белгісі.
● Екі қолды төбеге қойып отыруға болмайды. Басына қайғы-қасірет түскен адам ғана екі қолын төбесіне қойып отырады.
● Аяқ-қолды жіппен байлауға болмайды. Себебі, бұл қол-аяғы байланған тұтқынды еске салады.
● Басты шайқауға, тісті қайрай беруге болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана осылай істейді.
● Таңдай қағуға болмайды. Үй ішінде таңдай қаға беру – жаманшылық (өлім-жітім) шақыру белгісі.
● Біреуге қарап ерін шығаруға, үлкен адам алдында аяқты созып отыруға, адамға қарап түшкіруге, үлкен кісінің жолын кесіп өтуге болмайды. Бұл қылықтардың бәрі әдепсіздік болып саналады.
● Кісіге қарап бейберекет күлуге болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана бейберекет күле береді.
● Адамға қарап керілмейді, бұл да әдепсіздік болып саналады.
● Жатқан кісінің үстінен аттамайды.
● Ішекті тартуға болмайды. Жаманшылық шақыру белгісі болып саналады.
● Тырнақты тістесе, ырыс-несібе кетеді.
● Тырнақ пен бастың шашын бейсенбі мен жұмадан басқа күнде алады.
● Сейсенбі күні үлкен жұмысқа кіріспейді. Жаңа мекенге көшпейді, жолға шықпайды, тіпті малды да санамайды. Түнгі қонаққа мал сойылмайды. Қазақ халқында сәрсенбі сәтті күн есептеледі. Сондықтан, барлық істі сәрсенбі күні бастайды.
● Түнде айнаға қарамайды. Адам түнде айнаға қараса, қатты шошынуы мүмкін.
● Итті, мысықты тебуге болмайды. Өйткені, әрбір жан-жануардың киесі болады.
● Ер адам төрге қарап жүрелеп отырмайды. Өйткені, ол қырық адамның жолын бөгейді. Егер әйел жүрелеп отырса, онда қырық адамның жолын оңғарады.
● Ауылға атпен шауып келуге, жүгіріп үйге кіруге болмайды. Бұл адам шығынының жаман хабары деген жаман ырымға саналады. Егер сүйінші хабар болса, шауып келуге болады, бірақ «сүйінші!» деп айғайлап келу керек.
● Қайғылы, қазалы хабарды естірткенде немесе жаназаға шақырғанда атпен шауып келіп, шеткі үйге ғана хабарлайды. Ол үйдің иесі басқаларға хабарлауға тиіс.
● Кісі ақысын жеуге болмайды. Кісі ақысын жеген адам о дүниеге барғанда тозаққа барады.
● Жақын адамға мысық берсе, аралары суып кетеді.
● Құлаған үйдің, мал қораның ішінде адам дәретке отырмайды, киесі ұрады.
● Тырнақ пен шашты баспайды, отқа тастамайды, оларды адам баспайтын жерге көмеді.
● Кірдің суын басуға болмайды. Жаманшылық кірдің суымен кетеді. Оны басу сол жаманшылықты үйге әкелумен бірдей.
● Басты маңдайдан бастап жуады. Өйткені, жақсылықтың бәрі адам маңдайына жазылады.
● Бейіт тұсынан шауып өтуге, бейітке қарап қолды шошайтуға, оған қарап түзге отыруға болмайды. Бұл – қайғы-қасірет шақыратын жаман ырым.
● Таяққа сүйенуге болмайды. Өйткені, жақыны қайтыс болған ер адам ғана таяққа сүйенген.
● Дәретханаға кіргенде сөйлеуге, күлуге болмайды. Дәретханаға сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу керек. Бойымдағы ауыртпалық дәретханада қалсын деп, сол аяқпен, жақсылықтың бәрі алдымнан шықсын деп оң аяқпен шығу керек.