Той азайса, әнші де азаяр…

«Бәрің бірдей тойшы болсаң қу боларсың, бәрің бірдей қойшы болсаң құл боларсың…» деген сөзді айтқан аталарымыз, әуелден әр нәрсенің өз дәмімен болуы керек екендігін анық айтып кеткен еді. Расында да, осы пандемия басталмас бұрын жастардың басым көпшілігі өзін сал-серіге балап кеткендей болған.

Солардың арасында:
Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,
Ешкімге зияным жоқ жүрген жанмын.
Кісіге өзім деген бас имеймін,
Өзім әнші, өзім сал, кімге зармын, –
дейтіндер бар болса, арман бар ма! Тепсе темір үзетін шақта сауық-сайран қуып, қай жерде той болады деп жүрген жастарды көргенде қынжылатының бар. Елге паш етер өнерің болса, талас жоқ-ау, сірә? Жалпы, әнші мен орындаушының арасы жер мен көктей емес пе? Қазақта «Түйеге мінген әр қазақ төрт ауыз өлең біледі» деген мақал бар еді. Шынында да, қазіргі таңда ауылдың алты ауызын айта білетін жандардың барлығы өзін әнші, сал-сері санайтын болып алған. Солардың кесірінен шын таланттар тасада қалып жатқандай. Бұрын-соңды «той», «көше» әндері үлкен сахнадан орындала бермейтін. Қазір керісінше, оларға деген ықылас зор. Тіпті мемлекеттік деңгейде өтетін мәдени іс-шаралардың басым көпшілігінде әуесқой әншілер жүреді. Жүрсе жүре берсін дейтіндер де табылар. Қалай дегенмен де біздікі саф өнерге селкеу түспесе екен деген ой ғой. Түптің түбінде, күндердің бірінде бұлай жалғаса берсе, тума талант пен әуесқой әншінің ара-жігін ажырата алмай қалатын сияқтымыз.
Бірақ, таяуда ел алдында фонограммамен ән айтатындарға тосқауыл қойылатын болды деген жағымды жаңалық жұртты елеңдеткені бар. Себебі, былайғы жұрт соңғы кезде заманауи технологиялардың көмегімен елдің «көзін» байлап жүрген әншілерден жауыр болған. Яғни, асып кеткен дауысыңыз да, ерекше тембіріңіз болмаса да, фонограмманың көмегімен әнші атанып кетуіңізге болады. Бәлкім соның салдарынан ба, соңғы кезде бір-бірінен аумай қалған яғни, түрі де, киімі де, тіпті үні де ұқсас вокалдық топтар мен әншілер көбейіп кеткен. Қалай дегенмен де фонограмма шын талантқа әділ төреші емес. Бұл мәселе заң жүзінде жүзеге асатын болса, «мен әншімін» деп жүрген талайлар жолда қалатын болды.
Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың мәлімдеуінше, бұдан былай концерт ұйымдастырушылар өз көрерменін алдын ала құлақтандыруға міндетті. Яғни, ендігі орайда концерт фонограммамен өтетін болса, ол міндетті түрде халыққа ескертіліп айтылатын болады. Демек, барлық жарнамалық өнімдер мен билет сататын кассаларда концерттің фонограммамен өтетіні туралы хабардар етіледі. Бұл көрерменге таңдау еркіндігін береді. Сонымен қатар, мұндай концерттердің билет құны да соған сәйкес болатынын атап өтуіміз керек. Ал, бұған дейін фонограммасын қосып қойып, «ауызын ғана жыбырлатып» тұрған қаншама «жұлдызға» қара халықтың адал термен тапқан қанша ақшасы ысырап болды-ау десеңізші!..
Бұл мәселеге қатысты әншілердің де пікірі екі жақты болып жатқандығын әлеуметтік желідегі пікір таластардан-ақ байқауға болады. Бірі біржақты қарауға болмайды десе, енді бірі толықтай қолдап жатыр. Әрине, кез-келген мәселенің нәтижесіне уақыт төреші. Қалай дегенмен де сөз басында тілге тиек еткеніміздей, «Бәрің бірдей тойшы болсаң, қу боларсың, бәрің бірдей қойшы болсаң құл боларсың» деген сөзге мән беру керек сияқты. «Арқаға барсаң, әншімін деме» деген сөз де ел арасында бекерден-бекер айтылмаса керек-ті.

Р.S: «Бәрін айт та бірін айт» демекші, карантин шараларының күшейтілгеніне орай, той-домалақтың өткізілуіне тиым салынып жатыр. Осындай іс-шараларда фонограммасын қосып қойып, ән салып, әп-сәтте, оп-оңай напақа табуды оңтайлы көретіндердің саны онсыз да азаятын шығар. Себебі, әуелден олар өнерді табыс көзі көрген. Бұл да бір өмірдің өзі ұсынған сынағы ғой…

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

ТОЙДА

Әр түрлі ала-құла жұрт жиылған,
Бұл тойға қайдан келдім тұтқиылдан?
Біреулер төңкерді де теуіп кетті,
Көңілдің тостағанын сүт құйылған.

Қазаққа келгенменен пішіндері,
Қазақша бір ауыз сөз түсінбеді.
Бүйрегі, шіркіндердің, бүлк етпейді,
Білмедім, не бәлекет ішіндегі?

Жас тұнып жанарыма жас ботадай,
Өлеңнен тілген едім таспа талай.
Төгілтіп жыр оқып ем алдарында,
Бетіме бажырайды тасбақадай.

Соғады суық ызғар сөздерінен,
Жылылық көре алмадым көздерінен.
Қарадым мен де оларға ажырайып,
Қалдырмай кесірлерді өз жөнімен?..

Іші арзан, жандар екен сырты құнды,
Болмадық кісінескен жылқы құрлы.
Үн-түнсіз бұрылдым да жүре бердім,
Жасырып шұлықтағы жыртығымды…

Несіпбек Айтұлы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар