Алтын Орда: халықаралық симпозиум тағылымы
2026 жылғы 19-23 мамыр аралығында Астана қаласында ЮНЕСКО-ның қолдауымен халықаралық ғылыми форум өтті. Аталған жиынға әлемнің 23 елінен 300-ден астам жетекші ғалымдар, сарапшылар мен мамандар қатысты. Осы форум аясында «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет және бірегейлік» атты халықаралық ғылыми симпозиум ұйымдастырылды.
Симпозиумның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, Алтын Орданың тарихи-өркениеттік маңызы туралы мазмұнды баяндама жасады. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді, бұл – мойындалған тарихи дерек», – деп атап өтті.
Президент өз баяндамасында 2025 жылы халықаралық деңгейде мойындалған «Хандар шежіресі» атты іргелі ғылыми еңбекке арнайы тоқталды. Бұл еңбекте ел билеушілерінің, оның ішінде Алтын Орда дәуіріндегі хандардың генеалогиялық жүйесі кеңінен қамтылған. Қазіргі таңда қазақстандық ғалымдар 104 ханның есімін нақты анықтап, ғылыми айналымға енгізген. Мемлекет басшысы бұрын сол Ұлы далада билік құрған хандардың басым бөлігінің есімдері бұдан 10-15 жыл ғылыми орта мен қалың жұртшылыққа беймәлім болғанын атап өтті. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Тамғалы тас петроглифтері және еліміздегі бірқатар көне қалалардың ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда тақырыбы бір мемлекеттің аясынан әлдеқашан шығып кетті», – деп атап өтіп, қазіргі таңда Қытай, Моңғолия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Жапония, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Мысыр және Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде Алтын Орда тарихын зерттейтін ғылыми орталықтардың жұмыс істейтінін жеткізді.
Президент өзінің баяндамасында: «Түптеп келгенде, Алтын Орданың шежіресі – адамзаттың ортақ тарихы. Оның мұрасы – ортақ мұра», – деп атап көрсетті. Осыған байланысты Алтын Орда мұрасына қазақтар, моңғолдар, татарлар, башқұрттар, ноғайлар, қырым татарлары, өзбектер, қырғыздар және Ресей құрамындағы өзге де халықтар тарихи тұрғыдан қатыстылық танытатыны айтылды.
Мемлекет басшысы Алтын Орда тарихын әлемдік тарихтағы күрделі әрі көпқырлы құбылыс ретінде қарастыру қажеттігін ерекше атап өтті. Оның пікірінше: «Қазақстанда Алтын Орда тарихы әлемдік шежіредегі күрделі әрі көпқырлы кезең ретінде қарастырылады. Бұл құбылысты жеңілдетуге болмайды, өйткені, мұндай ұстаным тарихи қателіктерге әкелуі мүмкін».
Президент Қазақстан тарихын зерттеуде соғыс пен әскери қақтығыстарға ғана негізделген дәстүрлі көзқарастан бас тарту қажеттігін көтерді. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазіргі таңда әлемдік қауымдастық тарихи таңдау кезеңіне келіп тұр. Сондықтан, беделді ғалымдардың күш-жігерін біріктіріп, ортақ тарихты халықтарды біріктіретін фактор ретінде көрсету аса маңызды», – деді. Сонымен қатар, ол тарихи баға мүлде объективті әрі саяси тұрғыдан бейтарап болуы тиістігін де атап өтті.
Мемлекет басшысы «тарихты тек жеңімпаздар жазады» деген қағиданың ғылыми негізсіздігін сынға алып, мұндай ұстаным шағын және орта мемлекеттердің тарихи рөлін төмендететінін айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстанда тарихи сананы жаңғырту үдерісі басталғанын атап өтіп: «Қазақстанда бұрынғы ескі догмалар мен стереотиптерді қайта қарау үдерісі жүріп жатыр. Кейбір көзқарастарда көшпелі империялар «мемлекетке дейінгі құрылым» ретінде сипатталып, көшпелі халықтар жабайы әрі стихиялық күш ретінде көрсетілді», – деді.
Жошы ұлысының қалыптасуы түркі-монғол өркениетінің жаңа кезеңін айқындады. XIII ғасырда Алтын Орданың билеуші элитасы тәңірлік дүниетанымды ұстанса, XIV ғасырда ислам діні мемлекеттік және қоғамдық өмірдің негізгі рухани негізіне айналды. Сонымен бірге, Жошы ұлысының билеушілері Шыңғыс ханның діни төзімділік қағидаларын сақтап, түрлі діндерге құрметпен қарады.
Моңғол тайпалары санының салыстырмалы түрде аз болғанына қарамастан, олар қысқа мерзім ішінде қыпшақ, бұлғар, башқұрт және өзге де түркі халықтарымен этникалық әрі мәдени тұрғыдан кірігіп кетті. XIV ғасырдың ортасына қарай Жошы ұлысының ресми құжат айналымы түркі тіліне көшіп, ол Азиядағы халықаралық қатынас тілдерінің біріне айналды.
Сонымен қатар, Ұлы Жібек жолының негізгі бағыттарының иран тілді аймақтардан түркі мемлекеттеріне қарай ауысуы түркі тілдерінің халықаралық беделінің артуына ықпал етті. Осылайша Азия тарихындағы парсылық кезеңнің орнын түркі дәуірі басты.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ғылыми қауымдастыққа үндеу жасап: «Тарихшылар қауымдастығында ғылыми дипломатияның және «жұмсақ күштің» өкілдері бар. Олар саясаткерлер қабырға тұрғызатын жерде көпір сала алады», — деп атап өтті. Оның пікірінше, қазіргі жаһандық тұрақсыздық кезеңінде бұл миссияның маңызы ерекше.
Президент ғылыми-зерттеулердің негізгі бағыттарын да айқындап берді. БІРІНШІ БАҒЫТ – интеллектуалдық мұраны зерттеу. Осы орайда, Мемлекет басшысы «Алтын Орда феноменін Еуразия кеңістігінде мың жылдан астам уақыт бойы қалыптасқан интеллектуалдық ортадан бөліп қарастыру мүмкін емес», – деді. Оның пікірінше, орта ғасырларда Ұлы Дала прогрессивті идеялардың әлемдік орталықтарының біріне айналды.
ЕКІНШІ БАҒЫТ – Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін зерттеу. Президент «Кейбір тарихшылар Алтын Орданы «Дала Римі» деп атайды» дей отырып, Жошы ұлысының аумағы гүлдену кезеңінде 6 миллион шаршы шақырымнан асқанын атап өтті. Сонымен қатар, ол «Алтын Орданың ұлылығы тек аумақтық көлемімен емес, институционалдық тұрақтылығымен де өлшенді», – деді.
Мемлекет басшысы Алтын Ордада дала құқығы мен ислам құқығына негізделген үйлесімді құқықтық жүйе қалыптасқанын, заң үстемдігі қоғамдағы тұрақтылықтың негізгі кепілі болғанын атап өтті.
ЕКІНШІ. Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін жан-жақты зерттеу қажет. Алтын Орданың ұлылығы оның географиялық ауқымымен ғана емес, институционалдық тұрақтылығымен де айқындалды. Жошы әулеті Ұлы Дала мемлекеттерінде 600 жылдан астам уақыт билік жүргізді. Бұл, мысалы, Хань немесе Габсбургтер әулеттерінің билік ету мерзімімен шамалас. Аталған дерек жошылықтар қалыптастырған мемлекеттік жүйенің заңдылығы мен өміршеңдігін көрсетеді. Бұл жүйе түрлі этностар мен діндердің үйлесімді қатар өмір сүруін қамтамасыз етті.
Алтын Ордада дала құқығы мен ислам құқығына негізделген үйлесімді құқықтық жүйе қалыптасты. Қоғамдық тәртіптің негізінде Шыңғыс ханның Ұлы Ясасынан бастау алатын, одан да тереңде Түрік қағанаты дәстүрлерімен сабақтасқан құқықтық мәдениет жатты. Заң үстемдігі соншалықты жан-жақты орнықты, империя аумағында адамның өзі мен мүлкінің қауіпсіздігіне толық кепілдік берілді. Бұл қоғамда тұрақтылық пен тәртіптің салтанат құрғанын білдіреді.
Әділеттілікке, ашықтыққа және мәдениеттер диалогына негізделген дала мемлекеттілігі дәстүрлерін кешенді түрде зерттеу бүкіл Орталық Еуразияның ұзақмерзімді дамуына ықпал етеді».
ҮШІНШІ. Алтын Орданың экономикалық моделін жан-жақты зерттеу қажет. «Ұлы Дала тарихи дамудың мүлде жаңа үлгісін қалыптастырды. Еуразия кеңістігіндегі негізгі көлік, сауда және гуманитарлық байланыстарды бақылау арқылы Алтын Орда атты-көшпелі өркениет дамуының биік шыңына айналды. Осы тұрғыдан алғанда, көшпелі және отырықшы өмір салттарының өзара ықпалдастығы Алтын Орданың тарихи аренаға қуатты түрде шығуының басты себебі болды деп толық негізде айтуға болады.
Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге атауының Алтын Орда дәуіріндегі «данг» ұғымынан бастау алуы символдық мәнге ие. Тіпті «деньги» сөзінің де осы атаумен тарихи сабақтастығы болуы ықтимал. Империя Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағын бақылап, Ұлы Даланы қауіпсіз транзиттік дәлізге айналдырды.
Сол дәуірдегі көптеген мемлекеттерден айырмашылығы, Алтын Орда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатын ұстанды. Бұл ерекшелік оның қалаларының келбетінен де айқын байқалды. Гүлдену кезеңінде империя қалалары қамал қабырғаларымен тұйықталмай, қарқынды сауда мен адамдардың жоғары мобильділігіне негізделген кеңістік ретінде дамыды. Бұған Алтын Орда қалаларының материалдық мәдениеті дәлел бола алады. Ғалымдардың бағалауынша, мұндай қалалардың саны жүзден асқан.
Жалпы алғанда, Алтын Орда Еуразия кеңістігінің түкпір-түкпірінен келген іскер адамдар еркін сауда жасап, экономикалық байланыстар орнатқан протоглобалдық нарықтың қалыптасуына негіз қалады. Бұл үдеріс өз кезегінде жалпы өркениеттік прогреске ықпал етті».
Мемлекет басшысы баяндамасының соңында «Бүгінде біздің өңір жаңа ренессанс кезеңіне қадам басып, өзінің тарихи миссиясын қайта жаңғыртып келеді», – деп қорытындылады. Сонымен бірге, ол Қазақстанның Ұлы Дала өркениетінің және Алтын Орданың тікелей мұрагері ретіндегі тарихи сабақтастығы елдің конституциялық кеңістігінде де көрініс тапқанын атап өтті.
Алтын Орданың мұрасын зерттеу ісіне өлшеусіз үлес қосқан алғашқы отандық тарихшылардың бірі – ұлы қазақ ғалымы әрі ойшылы Шоқан Уәлиханов болды.
Шоқан Уәлихановтың Алтын Орданың маңызы туралы негізгі әрі маңызды тұжырымы мынада: қазақ халқы (қазақ жұрты) дәл осы империяның Еуразияның ұлан-ғайыр кеңістігінде үстемдік құрған кезеңінде түрлі түркі және моңғол тайпаларының табысты бірігуі нәтижесінде қалыптасты. Қазақ халқының этногенезі (шығу тегі) үдерісінде Алтын Орда мемлекеті шешуші қалыптастырушы рөл атқарды. Осыны алғашқылардың бірі болып ғылыми тұрғыдан көрсеткен де біздің әйгілі жерлесіміз Шоқан Уәлиханов еді.
Шоқан Уәлиханов рухани мұраны зерттеу мақсатында Алтын Орда дәуірінің фольклорын жинап, зерделеді. Ұлы ойшылдың атап көрсетуінше, дәл Алтын Орда кезеңінде қазақ мәдениетінің негізіне айналған ұлы дала эпостары (мысалы, Едіге мен Тоқтамыс туралы жырлар) дүниеге келді.
Осы тұста орынды сұрақ туындауы мүмкін: бүгінгі Қазақстанға Алтын Орданың өткен тарихы не үшін қажет?
Бұл мәселенің маңызды қырының бірі – адамзаттың ортақ тарихының ауқымды қабатын ғылыми әрі объективті тұрғыдан зерттеу және тарихи әділдікті қалпына келтіру. Өз уақытында КСРО халықтарына Алтын Орда империясының тарихын зерттеуге тыйым салынған болатын. Алтын Орда тарихын зерттеумен айналысқан қазақстандық ғалымдар бұл тақырыптан барынша аулақ жүруге, оны зерттеуден қорқуға мәжбүр болды, өйткені, мұндай ұмтылыс саяси қудалау қаупімен байланысты еді.
Тарих ғылымының әлемге танымал классигі, көрнекті ғалым Әлкей Марғұлан кандидаттық және докторлық диссертацияларын Алтын Орда тарихын зерттеуге арнады. Кейіннен оны ғылыми еңбектері мен Алтын Ордаға қатысты зерттеулері үшін билік тарапынан қудалау басталды. Алтын Орданы зерттеудің қаншалықты тәуекелге толы екенін және оның ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін түсінген ғалым археология саласына бет бұрды. 1944 жылғы БК(б)П-ның Алтын Орданы зерттеуге тыйым салған белгілі қаулысынан кейін осы тақырыппен айналысқан ғалымдарды жаппай қудалау басталды.
КСРО-да Алтын Орда тақырыбы өткен ғасырдың 80-жылдарына дейін толықтай тыйым салынған бағыт болып қала берді. Қазақстанда Ордатану саласындағы ғылыми зерттеулерді қайта жандандырған тарихшы Вениамин Юдин болды. Кеңестік кезеңдегі ғылыми және оқу әдебиеттерінде Қазақ хандығының тарихи тұрғыдан Алтын Ордамен байланысы жоқ деген көзқарас үстемдік етті.
Қазіргі тәуелсіз Қазақстан үшін Алтын Орда империясындағы қазақ мұрасын мойындау тек тарихи әділдікті қалпына келтіру ғана емес, сонымен қатар, елдің дамуына қызмет ететін стратегиялық ресурс болып табылады. Әлемнің дамыған, табысты әрі жетекші мемлекеттері өздерінің мәдени негіздеріне, яғни, құндылықтарына, дәстүрлеріне, ұлттық тамырларын тануға, тарихи сабақтастық пен бірегейлікке, сондай-ақ, тарихи мақтаныш сезіміне сүйене отырып, экономикалық серпіліске қол жеткізді.
Қазақстан қоғамы мен ғылыми қауымдасты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл биік ұстанымын ұлттық тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды әрі стратегиялық қадам ретінде жоғары бағалауда.
Марат ӨТЕГЕНОВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Тарих, география және
әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор.
Балташ КӘРІПОВ,
«Тарих, география және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының профессоры, саяси ғылымдың докторы.
![]()

