Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жүйесіне жаңа есептеу жүйесі енгізілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндалды.
Өзгеріс адамның өмір сүру ұзақтығын, инвестициялық табыс мөлшері мен болашақ зейнетақы төлемдерінің мақсатты деңгейін ескереді. Ақмола облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаментінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Нәзипа Салингрееваның бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткізген осы кездесуінде айтылған өзгерістерге келсек, жаңашылдықтардың негізгі мәні, адамдар жинақтарының бір бөлігін пайдаланған жағдайда да, болашақта лайықты зейнетақы алу үшін жеткілікті қаражат көлемін сақтап қалуын қамтамасыз ету. Мәселен, 46 жастағы салымшының зейнетақы жинақтары 11 миллион теңгені құрайды делік. Қолданыстағы шек 7,8 миллион теңге болғандықтан, ол бүгінде 3,2 миллион теңгені ала алады. Бұл жағдайда оның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алатын зейнетақысының мөлшері небары 42 мың теңгені құрайды.
Ал, егер ол осы артық жинақтарын қазір алмаса, болашақта алатын зейнетақысы шамамен үш есеге жоғары болады. Шекті мәндердің ұлғаюы соңғы үш жыл ішінде ең төменгі жеткіліктілік шегінің қайта қаралмағанымен де байланысты.
– Өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың болашақта лайықты зейнетақымен қамтамасыз етілуі. Бүгінде қолданыстағы ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесі осы шектен асатын жинақтардың бір бөлігін алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте ол жас адам алдағы уақытта міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты түрде аударып, зейнет жасына дейін ең төменгі зейнетақыға жеткілікті соманы жинайды деген болжамға негізделген. Алайда, бұл модель әрдайым нақты өмірлік жағдайларды ескере бермейді. Адамның зейнет жасына дейін тұрақты жұмысы мен табысы бола ма, жоқ па деген мәселе ашық күйінде қалады. Дәл осы себепті ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесін қайта қарау туралы шешім қабылданды, – дейді бөлім басшысы өз сөзінде.
Зейнетақы жинақтары, әсіресе, бүгінгі еңбек нарығындағы жас мамандарды да бейжай қалдырмауы тиіс. Себебі, болашақта оларға төленетін зейнетақы мөлшері бүгінгі күннен бастап атқарылған жұмыстарына сай беріледі. Жинақтың бұл түрі әр уақытта ағымдағы шығындарға жұмсау үшін шешіп алатын жай депозит түрі емес. Сол себепті де, мемлекеттің міндеті азаматтарға зейнеткерлікке шыққан кезінде қаржылай тұрақтылық пен лайықты төлемдерге кепілдік беру болып табылады.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

