Ел басқарған еңселі азамат

Мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі тарихшы ғалым, қиын-қыстау күндерде ұлтына қорған, қамқор болып, ел құрметіне бөленген азаматтың бірі, аймақтың «Құрметті азаматы» Сарай Асқанбайұлы еді. 1931 жылы Баян-Өлгий аймағының Ұланхұс-Ойғыр өлкесінде дүниеге келген. 1949 жылы орта мектептен соң партия мектебіне қабылданып, оны 1954 жылы тәмамдаған, 1960 жылы экономика институтына оқуға түсіп, табысты аяқтаған. Бірлестік басшылары оқуын бітірген, ауыл шаруашылығы экономисі, саясаткер, тарихшы. Еңбек жолы 1954 жылы МХРП Орталық Комитетінде лектор, 1955 жылы Баян-Өлгий аймағында аймақтық партия комитетінде хатшы болған, 1956 жылы партия жолдамасымен «Алтай өркені» бірлестігінің бастығы, 1958 жылы Ұланбатырда темір жол партия комитетінің бастығы, 1964 жылы МХРП ОК-інде нұсқаушы ұйымдастырушы, 1967 жылдан Баян-Өлгий аймағында Халық депутаттары Хұралы атқару Әкімшілігінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы бірлестіктер кеңесінің бастығы, 1970 жылдан Баян-Өлгий аймағының, 1978 жылдан Бұлғын аймағының бастығы, 1986 жылдан Үкіметте ұйымдастырушы сияқты лауазымды қызметтер атқарған тұлға.

Кеңес Одағы ыдыраған кезде ол елде де бұрынғы жүйе бұзылып жаңа толқын пайда бола бастады, 1990-1993 жылдары туған ел-жұртының шақыртуын қабыл алып, ауылға келіп, Ұланхұс сұмын-бірлестігінің бастығы болып еңбек етіп, зейнетке шыққан. Ғылыми жұмыспен шұғылданған, Халық Ұлы Хурал депутатына 4 рет сайланып, МХРП-ның 5 съезіне, Ауыл шаруашылығы бірлестікшілерінің 4 съезіне қатысқан. Еңбек Қызыл Ту және Алтын Жұлдыз орденімен екі реттен, басқа да медальдармен марапатталып, еңбегі тиісті дәрежеде бағаланған. Баян-Өлгий аймағының Құрмет дәптеріне есімі жазылған, 2010 жылы аймаққа ескерткіш мүсіні орнатылған халқының аяулы азаматы.
Тарихи жазба жұмыстарымен айналысып, 1955 жылы «Налайх шахтасы» Мініс Әбілтайұлымен бірге 1960 жылы «Баян-Өлгий қазақ аймағының тарихы», 1968 жылы «Баян-Өлгий тарихының кейбір мәселелері», 1992 жылы «Революциядан бұрынғы қазақ халқы», 1996 жылы «Жарғақ құлағым жастыққа тимеген жылдар», 1999 жылы «Революциядан кейінгі қазақ, ұранхай», 2000 жылы «Ұрпаққа ұлағат» қатарлы тарихи-ғылыми, танымдық еңбектері жарық көрген зерттеуші ғалым. Ауыл шаруашылығы академиясының мүшесі, ауыл шаруашылығы университетінің «Құрметті докторы». Аға ұстаз Зәйімке Смағұлқызымен жарты ғасыр отасып, ұл-қыз өсірген ардақты әке, асыл жар. Турашыл, өтірік айтуды жаны сүймейтін азамат. Партияның Орталық Комитетінің Саяси бюросының жиналысында айпарткомның бірінші хатшысы Я.Хүрлэ туралы айтқаны, өзі туралы қаймықпай берген жауабы, ер азаматқа тән мықтылық, кейінгі ұрпаққа қалар үлгі-өнеге болмақ.
Асыл азамат 75 жыл ғұмыр кешті, бірге жүрген, бірге жұмыс істеген жолдастары газет материалында, естелік кітаптарында еңбекқорлығы, ізденгіштігі, жанының жайсаңдығы, қамқорлығы туралы баяндалған сексеннен астам адамның пікірін жинақтап, «Мәртебесі биік өрендер» атты 350 беттік кітап бастырып шығарыпты, жақсыға сөз ереді деген осы болар. Бәрін жазудың мүмкіншілігі бола қоймас, естеліктің кейбіріне үңілсек. Ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы «Баян-Өлгий аймағындағы кішкентай құрылыс конторын ұлғайтып, құрылыс тресті болдырып, еліміздің 8 аймағында құрылыс салды, Чихтайдағы вольфром байыту өндірісін, Асгатыдағы күміс кенін ашуға ат салысты» деп ізденгіштігін баяндайды. Мағзам Зұрманбайұлы Сәкеңде барлық ұлттың салт-дәстүрін білетін қасиеті басым еді. Таулы Алтай облысы мен Баян-Өлгий аймағының арасында келісім жасау жұмысымен аймақтық партия комитетінің бірінші хатшысы Я.Жигжид, аймақ бастығы А.Сарай, электр станцасының бастығы Құмармен бірге барған сапарында Қос-Ағаш ауданының басшыларымен «Ақ тас» колхозында болып, арнайы дайындап қойған екі әйелмен Сәкең айтысып жеңіп еді» деп айтыс өнерін жақсы меңгергенін жазыпты. Моңғолия мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, жазушы Сұлтан Тәукеұлы «Сәкең салиқалы саясаткер, беделді басшы, іскер ұйымдастырушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол кісінің Үкіметтің жоғарғы орындарында атқарған еңбегін айтпай-ақ, Баян-Өлгий аймағының халқының түбегейлі мүддесі үшін төккен тер, сіңірген еңбегін атасақ, жоғарыдағы пікіріміз дәлелденеді» дей келе, аймағымыздан жаңадан құрылған ауыл шаруашылығы бірлестіктерін нығайту, өндіріс кооперациясын өркендету, жолдарды жөндеу, өткел бермес өзендерге көпір салдыру, аймақтан сұмын, бригадаларға дейін телефон байланысы желісін тарттыру, мал шаруашылығының материалдық базасын нығайту жұмысымен қатар, оқу ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет, өнер саласына көп еңбегі сіңіп, жарғақ құлағы жастыққа тимеген ел ағасы тағы да көптеген істер атқарғанын мысалдармен келтіріпті. Құпария Дағыстанұлы «өзінің естелігінде елі үшін есте қалардай еңбек еткен адам екенін айта келе, Моңғолияның 18 аймағының Дорнодтан басқа 17-сінде және 220 сұмынында іссапармен барғанда тапсырмалы жұмысынан тысқары тарихи мәселелерге де көп назар аударып жинақтағанын айтыпты. Мархаба Қасенұлы «Өте қарапайым адам еді, сондай үлкен жұмыста жүрсе де асықпай кеңесіп, ауыл-аймақтың амандығын сұрайтын, не қажет екенін білетін. Әкеммен жақсы араласты, ол кісінің зайыбы мен менің шешем бір ауылдың қызы еді, ол шешеміз әлі де аман-сау жүріп жатыр, елге барғанда ең алдымен сол анамызға сәлем береміз, мені де шопыр мамандығын игеруге әсер еткен, көпшіл, әзілқой адам, барған сайын естіген-білген тарихи мәселелерді сұрап отыратын еді» деп еске алады.
Моңғолиядағы «Айналайын, арулар» журналының бас редакторы, қызы Айнагүл әкесі жайлы «әкімдікті өмірден оқыған, ғылымды көкейіне тоқыған. «Күрестен бұрын» атты киноның кеңесшісі болды, 200-ге таяу мақала жазып жариялады. Қазақтың 100 жылдық тарихын екі кітап етіп жазды. Жалпы, 7 кітап жазып, «Құрметті доктор» атағын алды. Баян-Өлгий аймағының «Ардақты азаматы» болды. Жазушы Құрманхан Мұхамәдиұлы «Алғашқы қадам» атты кітабын Сарай мен Зәйімкенің өмірінен жазды» деп сыр шертіпті. С.Гүндэнбал «Ол кісіні еске алып айта бергім келеді» мақаласында «1978 жылы 8 мамыр күні Бұлғын аймағының ХӨҚАӘ бастығының бірінші орынбасары, жоспарлау комиссиясы бастығының міндетін қоса атқаратын лауазымға тағайындалдым. Ертеңінде Бұлғын аймағының бастығына А.Сарайды бекітіпті. Осылайша тәжірибелі іскер кадрмен бірлесіп, 8 жыл қатарынан бірге қызмет істейтін бақытқа ие болдым. Сол жылғы көктем Бұлғын аймағында аса қуаңшыл болды ма, әлде жұртшылықтың жауапкершілігі мен тәртібі осал ма, тұрмыс- тіршілігі нашарлағандықтан, аңшылық өріс алып, от жіберді ме, әлде нақты зиянкестік, тыңшылық дегендейін, жаугерлік әрекеттің салдарынан ба, күн сайын өрт шығып, түтін, тұман шөккен жайсыз күндер өтіп жатты. Сол күндердің бірінде Баян-Өлгий аймағының ұшағы Бұлғын аймағына қонып, сәл аялдады да ұшып кетті. Сол ұшақпен А.Сарай келген еді» деп жазып, іскер басшылығын, ақыл-ой парасатын, ерекше қасиеттерін баяндапты. Бұл аймақтың халқы бірыңғай моңғол жұртынан тұрады. Өте ақкөңіл, көп жайларды жақсылыққа балап, ырымдағыш халық. Сәкең барған соң көп кешікпей, мол мөлшерде жауын жауып, жер көктеп шалғын болып, ел-жұрты жақсылыққа ырымдаса, сол елдің түлегі Жүгдэрдэмидтің Гүррагчасы ғарышқа ұшып тіпті де ел сенімін күшейтеді, сол өлкеде бір әйел үш егіз балаға босанып есімдерін Од (Жұлдыз), Гэрэл (Жарық), Сансар (Ғарыш) деп қойып, «келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» демекші, барлық жақсылықты жаңа басшының ілтипаты деп бағалап, халықтың құлшынысы кереметтей жаңа қарқын алып, әркімнің белсенділігі артып, жұмысы кенжелеген аймақ социалистік жарыстарда алдыңғы орынға шығып, мал саны өсіп, халықтың әл-ауқаты жақсара түскенін мақалаға арқау етіпті. Ел басқарған еңселі азамат туралы деректер мен естеліктер жайлы қысқаша тоқталсақ, Моңғолияның батысындағы қазақ аймағынан шыққан танымал азаматтың бірі осы Сәкең еді. «Алдынан жұмыс жүретін адам болады, ондай адам аса сабырлы келеді, сондай адамның бірі Сарай Асқанбайұлы» деп еді елге сыйлы Бекеш ақсақал бір әңгімесінде.
Әдебиет Байдолдаұлы.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар