Қолдауға тұрарлық бастама

Жағымды жаңалық

«Көкшетау Энерго» серіктестігінің тұрғындарға қамқорлығы

 Береке басы – басшыдан

Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласындағы «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2024 жылдың аяғында пайдалануға берілген Dezy Park тұрғын үй кешенімен іргелес қоныс тепкен. Аталған кәсіпорын осы өндіріс орнының бас директоры Досымхан Аралбаевтың басшылығымен облыс орталығы мен бірталай ауданымызды және көршілес Солтүстік Қазақстан облысының бұрын Көкшетау облысына қараған бірқатар өңірлерін электр қуатымен қамтамасыз етуде және бұрыннан ескіріп, тозған электр желілері мен жабдықтарын қайта жаңартуда толассыз үздік нәтижелерге жетіп келеді. Кәсіпорында жұмысты жаңаша жолға қойып, өндірістік және орындаушылық тәртіпті нығайтудың, кадрлар әлеуетіне арқа сүйеп, қызметкерлердің еңбек және тұрмыстық жағдайларына баса көңіл бөлудің арқасында көп жағдайлар жақсы жағына өзгеріп, жұмысқа деген құлшыныс бұрынғыдан анағұрлым арта түскен. Соған орай, ұжым мүшелерінің айлық еңбекақысы да еселеп өсіп, басқа да ынталандыру шаралары қолға алынып, осының есесінен ұжымда ерекше ынтымақ пен ауызбіршілік, жауапкершілік пен өзара сенімнің кісі қызығарлық ахуалы қалыптасқан.

Кәсіпорын басшысы Досымхан Әлішұлы Аралбаев жүрегі кең, жаны жомарт, ата-бабамыздан келе жатқан небір қазақы қасиеттің қадіріне бойлаған іскер де жан-жақты ой-өрістің адамы. Биыл Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамында да өз іштеріндегі басқа ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді меңгеруден бірнеше кезеңнен тұратын ауқымды байқау өткізіп, оған қомақты жүлделер тағайындап, өзгелерге үлгі боларлық өнегелі ісімен де көрінген осы кәсіпорын. Қазір мұнда өзара құрмет, материалдық қолдау тапқан ынта-ықылас арқылы ұжым мүшелері арасында мемлекеттік тілді де меңгеру міндеті қойылған.

Осы таяуда ғана 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Көкшетау қаласында Қопа көлінің жиегінде бұрынғы ашылған Жаңа жағалаудың жалғасы ретінде екінші жаңа жағажайдың салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Осы жағажайдың белгіленген мерзімінде пайдалануға беріліп, көз сүйсінткен көркімен бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын қуанышқа кенелтуіне осы «Көкшетау Энерго» серіктестігі де қомақты қаржы бөліп,  елеулі үлесін қосты. Мұндай демеушілік істерге әрқашан түсіністікпен қарайтын кәсіпорын басшылығы осы тектес басқа да қайырымдылық шараларынан ешқашан шет қалып көрген емес. Соның ішінде серіктестіктің әдебиет, өнер мен мәдениет саласына көрсетіп келе жатқан қамқоршылық көмегі де өз алдына бір төбе.

«Шамшырақ» ашылды жарқырап

Енді міне, кәсіпорын биыл көктемге қарай қолға алған «Шамшырақ» демалыс мүйісі туралы да арнайы сөз қозғаудың реті келіп тұр. Бұл да серіктестіктің бас директоры Досымхан Аралбаевтың өз ұжымында еңбек ететін адамдарға деген ізгі ниеті мен риясыз көңілінің бір көрінісі. Демалыс мүйісі тікелей кәсіпорын ауласында орналасқан. Оны іргедегі Dezy Park тұрғын үй кешенінен тек кірпіш қоршау ғана бөліп тұр. Осы жазғы құрылысты салу барысында кәсіпорын басшысына демалыс мүйісі мен үй арасына есік жасап, тұрғындар мен балалардың да осында өтіп, дем алып, тынығуларына жағдай туғызу туралы ой келген.

Сол ізгі ой сәтімен іске асып, балалар мерекесінің ізі суымай жатып, екінші күні кешкісін серіктестікте осы «Шамшырақ» демалыс мүйісінің салтанатты түрде ашылу рәсімі болып өтті. Бұл шынымен де мұндағы қызметкерлер мен жаңа үй тұрғындары үшін асыға күткен қуанышты оқиға еді. Кәсіпорын мен тұрғын үй кешенін жалғап тұрған кең есік арқылы ішкі өткен тұтастай бір үйдің тұрғындары, яғни, қаншама ата-аналар мен балғын жүзді бүлдіршіндер демалыс мүйісінің шын көңілден көз тартарлықтай, сондай бір жоғары талғаммен, әсем де еңселі етіп жасалғанына әлден-ақ іштей риза болатын. Демалыс мүйісінің өзі осы заманғы соңғы үлгімен жасалған, безендірілуі айшықты жазғы жабық қондырғыдан тұрса, ортада суының тізбегі көңіл тербеп, биікке шапшып, сылдырлап ағып тұрған субұрқақ. Кешке қарай көз жауын алып, жасыл, қызғылт, көк болып, түрлі түске бөленеді. Айнала жайлы орындарда дем алып отырған адамдарға, аспалы әткеншек орындықтағы балаларға субұрқақтан жайлы, салқын леп есіп, жан рахатына бөлейді. Әрі қарай келесі бір бөлікте сан алуан ағаш пен неше түрлі аласа декоративті көшеттерден тұратын саябаққа тап болғандайсыз. Бұл арада әркім дене қимылын жасап, денсаулығына көңіл бөлуіне спорттық қондырғылар да қойылған. Міне, жүректері жомарт, қолдары епті энергетиктердің өздеріне ғана емес, көршілес үй тұрғындарына да «осында еркін дем алсын, тынығып, бой сергітсін» деп қарастырып отырған қамқорлықтары осындай.

Осы арада, бізге мынадай да ой келеді. Облысымызда, осы Көкшетау қаласының өзінде осындай тұрғын үйлермен жапсарлас, қатар тұрған кәсіпорын-ұйымдар, фирмалар мен компаниялар жоқ емес, баршылық. Солар да осы «Көкшетау Энерго» сияқты тұрғындарға қол ұшын созып, осындай жағдайларды қарастырып жатса, қандай ғанибет.

Сондықтан, бұл қолдауға тұрарлық бастама. «Жақсы істі көрмекке» дейді атамыз қазақ. Ал, бұл жолғы «Шамшырақтың» ашылуына жиналған қоғамдық жұртшылық, баспасөз өкілдері мен тұрғындар алдында алдымен кәсіпорынның бас директоры Досымхан Аралбаев сөз алып, осы игі істің жай-жапсарын, мән-маңызын ауызға алды. Осынау салтанатты шараға Көкшетау  қаласының әкімі Әнуар Күмпекеевтің де арнайы ат басын тіреп, ізгі тілегін жеткізгені, сөйтіп, кәсіпорын қызметкерлері мен тұрғындарды жаңа демалыс мүйісімен құттықтағаны жақсы іс, жақсы ниеттің түп мақсатымен барынша астасып жатты. Ақмола облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі, белгілі жазушы-драматург Жабал Ерғалиев те өз сөзінде облыс, қала басшылығының халықтың өмір сүру деңгейін көтеру жолында атқарып жатқан игі жұмыстарына тоқтала келе, соның бір жарқын мысалы ретінде кеше ғана іске қосылған «Жағалау-2» жобасын ауызға алды. Бүгінгі шара осы істердің де лайықты бір жалғасы екенін қуана жеткізіп, сол үшін кәсіпорын басшылығына ризашылығын білдірді. Ақмола облыстық және Көкшетау қалалық ардагерлер Кеңестерінің төрағалары Ермек Нұғыманов пен Шияп Әлиевтің сөйлеген сөздері де қарапайым адамдар жағдайын ойлаған мына білгендікке аға ұрпақ атынан орынды бір алғыс болып өрілсе, Dezy Park тұрғын үй кешенінің пәтер иелері кооперативінің басшысы Бауырбек Битбаевтың жауап сөзі мынадай әсем демалыс мүйісін ұқыпты пайдаланып, күтіп ұстауға сая түсті. Бұл да жөн-ақ. Қолда бардың қадірін білген де жақсы ғой дест3к б3з.

Қолайлы жағдайлар қуантады

Кәсіпорын мен тұрғын үйдің ортақ «Шамшырағы» бірден оны көріп, қызықтаушыларға толып, ажары мен базары үйлесе түскен. Осы бір сәт онымен бірге тұрғын үй кешеніне балалар мерекесі де жетіп, аула толы балғындарға Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театр әртістерінің думанды қойылымы да қызып жатқан. Осы арада әр бүлдіршіннің қолына сыйға тиіп, бала көңілін көтеріп тастаған ойыншық біткен де, анимациялық ойындар да серіктестіктің өз есебінен еді.

Салтанатты лента қию рәсімі мен шағын экскурсиядан кейін шара қонақтары кәсіпорынның орталық диспетчерлік қызметінің жұмысымен де танысты. Залдың өн бойын тұтастай алған қызылды-жасылды сұлбалар мен жазулардан көз тұнса, бұл да өндіріс орны іске асырып жатқан Инвестициялық бағдарламаның аясында атқарылған цифрландыру жұмысының жемісі. Осының арқасында серіктестікке қарасты қосалқы станциялар мен желілердегі жағдай әр секунд, әр минут сайын қапысыз көз алдыңда тұрмақ. Бүкіл электр қуатының таралу жүйесін мүлтіксіз бақылауда ұстайтын мұндай жаңалық биыл кәсіпорын құрамындағы Көкшетау қалалық электр желілері өндіріс орнын да күтіп тұр.

Осы кеште өзі пайдалануға берілгелі ең бір есте қаларлық қуанышты да сәтті күнді басынан кешкен он қабатты Dezy Park тұрғын үй кешенінде «Шамшырақ» демалыс мүйісі туралы әсерлі әңгіме түннің бір уағына дейін толастамаған шығар, сірә. Ауладан асып, ол пәтерлерде, әр дастархан басында да жалғасқаны анық. Бір-бірінен естіген көрші үйлерден де келіп, бұл жаңалықты қызыға тамашалап, көріп жатыр. Бәрінің аузында, көңіл түкпірінде жаңа үйдің тұрғындарына осындай тамаша тарту жасаған «Көкшетау Энерго» серіктестігіне, оның азаматтық болмысы биік, жөн білер жоталы басшысы Досымхан Әлішұлы Аралбаевқа деген мың алғыс.

Іргеде таяқ тастам жерде «бізге де кел!» деп қол бұлғағандай, Қопа көліндегі жаңадан жасалған Жағалау. Тап жандарында еркін дем алатын, тынығып, серуендейтін екі бірдей демалыс орны бар бұл үйдің тұрғындарын шынымен бақытты дерсің!

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
Қарлыға МҰХАТАЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар