Конференция
Достық үйінде Халықаралық мейірбике күніне арналған «Мейірбике ісінің тұрақты дамуы: тәжірибе мен перспективалар» атты аймақтық конференция өтті.
Жиында облыс тұрғындарының денсаулығын жақсартуға айрықша үлес қосып жүрген үздік мамандарға мемлекеттік марапаттар мен облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы мен Көкшетау жоғары медициналық колледжінің бастамасымен өткен маңызды басқосу аймақтың денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, мейірбике мамандығының беделін арттыруға бағытталды.
Конференцияға облыстың медициналық ұйымдарының басшылары, жетекші дәрігерлер, мейіргерлік қызмет жетекшілері, сала қызметкерлері, колледж оқытушылары мен студенттері қатысты. Аталмыш шараның негізгі мақсаты мейірбике ісінің заманауи даму бағыттарын талқылау, кәсіби тәжірибе алмасу және өңірдегі орта буын медицина мамандарын даярлау жүйесінің келешегін айқындау болды.
Шара барысында қатысушыларға «Мейірімді мейіргер» бейнеролигі көрсетіліп, мейірбике мамандығының тарихи маңызы мен қоғамдағы орны кеңінен насихат етілді. Салтанатты жиында сөз алғандар мейіргерлердің күнделікті қажырлы еңбегін, науқастарға деген жанашырлығы мен кәсіби жауапкершілігін ерекше атап өтті.
Шараның ашылуында Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов құттықтау сөз сөйлеп, денсаулық сақтау жүйесіндегі мейірбикелердің рөлі жыл сайын артып келе жатқанын айтып өтті. Ол өз сөзінде қазіргі медицина сапалы мейіргерлік көмексіз толыққанды жұмыс істей алмайтынын, сондықтан, бұл мамандық иелерін қолдау маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Сондай-ақ, мерекелік шара барысында денсаулық сақтау саласының үздік қызметкерлері түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Айталық, «Еңбек ардагері» медалі Көкшетау жоғары медициналық колледжінің оқытушысы Бағдат Алпысбаеваға, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі Сайран Ахметжановаға табысталды.
Сондай-ақ, сала дамуына үлес қосқан бірқатар тәжірибелі мамандар министрліктің Құрмет грамоталарына және Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарына ие болды.
Жиында мейірбике мамандығына деген құрметтің және осы сала қызметкерлерінің еңбегіне берілген жоғары бағаның айқын көрінісі ретінде Ақмола облысы әкімінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен салалық кәсіподақ ұйымдары атынан да көптеген медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Шарада Көкшетау жоғары медициналық колледжінің директоры Рүстем Молдағали сөз сөйлеп, бүгінде медицина саласында сапалы кадр даярлау аса маңызды екенін жеткізді. Оның айтуынша, бүгінгі мейірбике тек дәрігер көмекшісі ғана емес, кәсіби шешім қабылдай алатын, клиникалық ойлау қабілеті жоғары, заманауи технологияларды меңгерген маман.
Конференцияның тәжірибелік бөлімінде қатысушылар бірнеше маңызды баяндамаларды тыңдады. Солардың бірі Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасының мейіргерлік қызметінің жетекшісі Айгүл Вазированың «Тәлімгерлік медициналық ұйымның тұрақты дамуының құралы: жас маманнан кәсіби маманға дейін» тақырыбындағы баяндамасы болды.
Баяндамада қазіргі денсаулық сақтау жүйесіндегі кадр тапшылығы, медицина мамандарына деген жоғары жүктеме және кәсіби бейімделу мәселелерімен бетпе-бет келіп отырған мәселелер айтылды. Осы жағдайда тәлімгерлік институтының маңызы ерекше екені атап өтілді. Баяндамашы өз сөзінде жас маманға тәжірибелі қызметкерлердің бағыт-бағдар беруі оның кәсіби қалыптасуына, ұжымға тез бейімделуіне және медициналық қателіктердің алдын алуға мүмкіндік беретінін айрықша атап өтті.
Конференция аясында Көкшетау жоғары медициналық колледжі түлектерінің жұмысқа орналасуына қатысты SWOT-талдау нәтижелері де таныстырылды. Қатысушылар өңірде орта буын медицина мамандарына сұраныстың жоғары екенін жеткізді. Бүгінде оқу орны мен медициналық ұйымдардың арасында тығыз әлеуметтік әріптестік орнатылып, студенттердің тәжірибелік дайындығына ерекше көңіл бөлінуде.
Сонымен бірге, салада шешімін күтетін мәселелер де жоқ емес. Әсіресе, жас мамандарды ауылдық жерлерде тұрақтандыру, әлеуметтік қолдау көрсету, тұрғын үй мәселесін шешу және кәсіби бейімдеу механизмдерін жетілдіру қажеттілігі айтылды. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы мәселелерді жүйелі шешу денсаулық сақтау саласының тұрақты дамуына негіз болмақ.
Конференция соңында қатысушылар мейірбике ісін дамытуға бағытталған ұсыныстар қабылдап, өңірлік ынтымақтастықты күшейту жөнінде ортақ мәмілелерге келді.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. «Достар» мәдениет сарайының шығармашылық ұжымы медицина қызметкерлеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, кәсіби мерекенің сәнін арттырды. Бұл жиын расында да мейіргер мамандығының қоғамдағы орны айрықша екенін тағы бір мәрте дәлелдегендей болды. Адам денсаулығы мен өмірі үшін аянбай еңбек етіп жүрген ақ желеңді абзал жандардың кәсібилігі мен адалдығы денсаулық сақтау ұйымдарының басты бір жұмыс кепілі екені сөзсіз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

