Ел егемендігі мен мақсат-мұратының айшығы

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні

Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Әнұран – Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытудың әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі.

Сондай-ақ, мемлекеттік рәміздер – халқымыздың таусылмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.

Ел еңсесін көтеріп, рух қайнарын тасытар рәміздер мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін символикалық айырым белгілері болып табылады. Мемлекеттік рәміздердің белгілі бір мағына беретін үйлесімінен мемлекеттің, елдің арман-мұраты, өзін-өзі түйсінуі көрініс табады. Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі, сондықтан, мемлекет адамдарға мемлекеттік рәміздерді қастерлеуді парыз етеді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері 1992 жылы 4 маусымда ресми түрде бекітіліп, 2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Осыған орай, 4 маусым жыл сайын  елімізде мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.

Рәміздеріміздің түр-түсі мен ресми қолданылу тәртібі Конституцияда немесе Конституциялық заңда белгіленген және заңмен қорғалады.

Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу азаматтардың мемлекет тәуелсіздігін құрметтеуді нығайтып, жасөспірімдердің отансүйгіштік сезімін қалыптастырады. Мемлекеттік рәміздер – бұл кез-келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады. Аспан түстес байрағымыздың, елтаңбамыз бен гимніміздің әрбір элементінде, әр ырғағында осы іске атсалысқан әрбір азаматтың Отанға деген махаббаты мен арман-мұраты жатыр.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес болып келеді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал, төменгі бөлігінде «QAZAQSTAN» деген жазу бар.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні – осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда орындалатын музыкалық-поэтикалық туынды.

Мемлекеттік рәміздердің мәртебесін көтеру жұмыстары тек мемлекеттік деңгейде қалып қоймай, мұндай игі істер жалпыхалықтық мәртебені және жауапкершілікті талап етеді. Жалпы, тәуелсіз Қазақстан рәміздеріне мақтаныш сезімдерін қалыптастыру әр отбасынан бастау алғаны жөн. Мектептерде, балалар бақшасында осыған қатысты жүйелі шаралар ұйымдастырылуы да назардан тыс қалмауы қажет. Сонымен қатар, Ұлттық аза тұтуға байланысты Мемлекеттiк Ту ұлттық аза тұту мерзiмi ішінде тутұғыр биiктiгiнiң жартысына дейiн төмен түсiрiлуі де осы Заңмен бекітілген.

Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ, Республика аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті. Мемлекеттік рәміздерді дайындауды және пайдалануды реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік те осы аталған заңмен көзделген.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын дайындау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген тиісті лицензиясы болған жағдайда жүзеге асырылады сондай-ақ, мемлекеттік рәміздерді дайындауды және пайдалануды реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке тартуға әкеліп соғады. Ал, мемлекеттік рәміздердің тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру жергілікті атқарушы органның құзыретіне кіреді.

Жас ұрпақты өз Отаны – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуді қалыптастыру, сондай-ақ, олардың мәні мен маңызын түсіндіру мақсатында оқыту жалпы орта және кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарының негізгі жалпы білім беру бағдарламаларына енгізілген.

Расында, ең алдымен, жас ұрпақты мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, қадір тұтуға тәрбиелеуіміз қажет. Өйткені, әрбір азаматтың өз Отанын сүйіп, қадірлеуі ең алдымен, мемлекеттік рәмізден бастау алады.

Баршаңызды 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, Елтаңба, Әнұранымыз бен туымыздың мәртебесі биік болсын!

Еркін ҚАБЫШЕВ,
Ақмола облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар