Республикалық форум
Көкшетауда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Реновация және заманауи урбанизация» атты республикалық форум өтті. Оның жұмысына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов қатысып сөз сөйледі.
Сондай-ақ, министрлік өкілдері, облыс әкімінің және өңірлер әкімдерінің орынбасарлары, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар басшылары мен мамандары, сондай-ақ, урбанистика және құрылыс саласының сарапшылары қатысқан жиынды ашқан аймақ басшысы бүгінгі таңда урбанистика мен реновация мәселелері елдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Ақмола облысы соңғы жылдары экономикалық өсім, инвестиция тарту, құрылыс және тұрғын үй салаларында тұрақты оң нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Жиын барысында Марат Ахметжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы жұмыс сапары кезінде облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқан реновация бағдарламасымен арнайы танысып, атқарылған жұмыстарға оң бағасын бергенін ерекше ауызға алды. Президент Ақмола облысында жинақталған тәжірибені республиканың өзге аймақтарының мамандарымен бөлісу жөнінде тапсырма берген болатын.
Осыған орай, форум барысында Ақмола облысында жүзеге асырылып жатқан реновация бағдарламасының нәтижелері жан-жақты таныстырылды. Жалпы, Ақмола облысы реновация бағдарламасын жүзеге асыруда республика бойынша көш бастап келеді. Осыған байланысты форум аясында еліміздің түрлі өңірлерінен келген 120-дан астам маманға облысымыздың әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, құрылыс және урбанистика саласының білікті мамандары қалалық кеңістікті дамыту, тұрғын үй қорын жаңғырту, инвестиция тарту және заманауи урбанистикалық шешімдерді енгізу бағытындағы жинаған өз тәжірибелерін бөлісті.
Соңғы екі жылда Көкшетау қаласы, Бұланды, Бурабай және Аршалы аудандарында барлығы 23-ке жуық ескі және апатты тұрғын үйлер жойылып, оның орнына 763 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде, осы бағдарлама арқылы 248 отбасы жаңа баспанамен қамтамасыз етілсе, 73 меншік иесіне ақшалай өтемақы төленді. Жыл соңына дейін тағы 130 отбасын жаңа тұрғын үйлерге көшіру жоспарланып отыр.
Жиында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Ақмола облысының реновация саласындағы тәжірибесі бүгінде республика көлемінде үлгі ретінде қарастырылып отырғанын айтты. Оның сөзінше, өңірде ескі тұрғын үйлерді жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде және бұл бағыттағы тәжірибе өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Сондай-ақ, вице-министр тұрғын үй қорын жаңарту тек құрылыс саласының мәселесі емес екенін, ол ел азаматтарының қауіпсіздігіне, өмір сапасының жақсаруына және қалалардың ұзақмерзімді дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті. Сондықтан, ол алдағы уақытта да мемлекет тарапынан бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.
– Бүгінде елімізде урбанизация үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Осыған байланысты қалаларды дамыту мәселесіне жаңаша көзқарас қажет. Біз тек тұрғын үй салумен шектелмеуіміз керек. Қалаларды жоспарлау кезінде халықтың қажеттілігі мен болашақ даму перспективалары ескерілуі тиіс. Заманауи урбанистикалық тәсілдер инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Ақмола облысындағы тұрғын үй қорын жаңарту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту жобалары өңірдің тұрақты дамуына оң ықпал етуде. Мұнда жинақталған тәжірибе өзге өңірлер үшін де пайдалы болады деп есептеймін, – деді Қуандық Қажкенов өз сөзінде.
Сонымен қатар, форумда сөз алған «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Әли Әлиев өңірдегі реновация бағдарламасының жүзеге асырылу тетіктеріне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, бағдарламаны іске асырудағы мақсат ескі кварталдарды заманауи талаптарға сай қайта дамыту болып табылады.
–Бүгінде бұл реновация бағдарламасы Көкшетау, Ақкөл, Атбасар, Макинск, Щучинск қалалары, Аршалы кенті, сондай-ақ, Астраханка мен Зеренді ауылдары сияқты аймақтың сегіз елді мекенін қамтып отыр. Жалпы алғанда, екі мыңнан астам тұрғынның баспана мәселесі өз шешімін тапты. Бүгінде көптеген азаматтар өз үйлерін бағдарламаға енгізу жөнінде өздері өтініш білдіруде. Бұл мемлекет пен халық арасындағы сенімнің нақты көрінісі саналады, – деді ол.
2030 жылға дейін облыста 250 ескі және апатты үй сырылып, олардың орнына 5 мың пәтерлік 55 жаңа тұрғын үй кешені салынбақ. Соның нәтижесінде 18 мыңнан астам тұрғын жаңа әрі жайлы баспанамен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
Әли Әлиевтің форум аясында журналистерге берген сұхбатына сүйенсек, бағдарламаға қатысушы тұрғындарға тең көлемдегі жаңа тұрғын үй немесе ақшалай өтемақы ұсынылады. Сонымен қатар, олардың уақытша тұру шығындары, құжаттарды рәсімдеу және нотариаттық қызметтер инвесторлар мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация есебінен қаржыландырылады.
Жиында Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев облыс орталығының урбанистикалық дамуына қатысты ауқымды жобалармен таныстырды. Соңғы жылдары облыс орталығында жүзеге асқан ең ірі бастамалардың бірі «Көк шалғын» жобасы екені белгілі. Бұл жоба аз уақыттың ішінде қала ішіндегі Жеңіс саябағын, Даңқ аллеясын, Тәуелсіздік алаңын және Қопа көлінің Жаңа жағалауын біріктірген қоғамдық кеңістікке айналып үлгерді. Соның арқасында қаламызда жаңа демалыс аймақтары, балалар және спорт алаңдары, серуен және велосипед жолдары пайда болды. Қопа көлінің жағалауы бүгінде тұрғындар мен туристер үшін негізгі демалыс орындарының біріне айналып отыр.
Сондай-ақ, форум қатысушыларына Көкшетаудың 2050 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарының негізгі бағыттары да таныстырылды. Құжатта қала халқының санын 500 мың адамға дейін жеткізу болжанған. Осыған орай көлік инфрақұрылымын жаңғырту, жаңа тұрғын аудандарды дамыту, өндірістік аймақтарды кеңейту көзделіп отыр. Жоспарға сәйкес, Көкшетау – Омбы, Көкшетау – Петропавл бағыттары бойынша және Сарыарқа шағын ауданынан Краснояр ауылына дейін айналма жолдар салу қарастырылған. Бұл шешімдер көлік қозғалысын оңтайландырып, қала орталығындағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Облыс орталығы халқының саны 500 мың тұрғынға жеткен жағдайда облыс орталығының энергия тапшылығын шешуге бағытталған жобалар да таныстырылды. Көкшетауда қуаттылығы сағатына 820 гигакалория жылу және 240 мегаватт электр энергиясын өндіретін жаңа жылу электр орталығының құрылысы басталғаны белгілі. Құны 380 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар индустриялық аймақтардың дамуына және тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыруға мүмкіндік береді.
Шара барысында форумға қатысушыларға алдағы уақытта Көкшетау қаласында жүзеге асырылатын бірқатар ірі әлеуметтік жобалар туралы да айтылды. Олардың қатарында жаңа көпбейінді облыстық аурухана, Азаматтық қорғау академиясы, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін футбол стадионы, Қазақ музыкалық-драма театры, оңалту орталығы, инклюзивті спорт орталығы және жаңа білім беру нысандары бар. Сонымен бірге, «Kokshe Downtown» жобасы аясында қаланың жаңа іскерлік және мәдени орталығын қалыптастыру жоспарланған. Бұл аумақта әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, қонақүйлер, әлеуметтік және коммерциялық нысандар шоғырланатын болады.
Сондай-ақ, форумда индустриялық даму мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта «Kokshe Industry» индустриялық аймағында бірнеше ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жалпы алғанда, 2030 жылға дейін аталған аймаққа 750 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, алты мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының әртараптануына және жаңа өндірістердің пайда болуына ықпал етпек.
Форум соңында қатысушылар Көкшетаудың «Жаңа жағалауы» мен «Көк шалғын» қоғамдық кеңістіктерімен танысып, реновация бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлерді аралап көрді.
Жалпы айтқанда, Көкше жерінде өткен бұл ауқымды жиын Ақмола облысында жүргізіліп жатқан жұмыстардың тек нәтижелерін көрсетіп қана қоймай, еліміздің басқа өңірлерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Сөйтіп, облысымызда жүзеге асырылып жатқан реновация және урбанизация жобалары тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, заманауи әрі қолайлы ортаны қалыптастыруға бағытталған игілікті жұмыстар ретінде бағаланды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

