Егіндікөл ауданында биыл «Еңбек» бағдарламасы нәтижелі жүргізілуде. Әсіресе, ауыл жастары бағдарлама шарапатының арқасында өздерінің жандарына жақын кәсібін меңгеріп, болашақтарын баянды етуге ұмтылуда.
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің түлегі Маргарита Папушаға дәм осы ауданнан бұйырған. Себеп – тұрмысқа шығуы. Алғашқы бетте жоғары білімі болғанымен, тәжірибесі жоқтығы жолын кесіп, жұмысқа орналасуда қиындық туды. Білім ошақтарының бірінде орын қашан босар деп қол қусырып, тосып отыруға тағы болмайды. Әйтеуір, жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша аудан орталығындағы колледжге жұмысқа орналасты. Колледж директоры Лариса Шевцованың айтуына қарағанда, жас маман жұмысқа деген ынтасымен танылған.
Қазір жастар тәжірибесі бойынша, аталмыш оқу орнында, алты адам жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы өз мамандықтары бойынша еңбек етуге құштар.
–Алғашқыда жұмыс таба алмай абдырап қалғаным рас,–дейді жас маман Маргарита Папуша, – жұмыспен қамту орталығы осы колледжге жіберген болатын. Мүмкіндікті қалт жібермей, бойымдағы бар күш-жігерімді, жоғары оқу орнында алған білімімді сарқа жұмсауға тырысып келемін.
Жас мамандарға шарапаты тиіп отырған жастар тәжірибесінің игілігі айта қаларлықтай. Биыл 16 адам жұмысқа тартылса, он маман тұрақты жұмысқа орналасқан. «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 11 адам тартылыпты. Таяу күндері олар да сертификат алып, өз жұмыстарын бастайды. Сондай-ақ, бес маман қайтарымсыз грантқа ие болған. Аталмыш бағдарламаның екінші бағыты бойынша төрт кісі 11 миллион 500 мың теңге көлемінде несие алып, өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Олардың көбі мал шаруашылығымен айналысуда.
–Үстіміздегі жылы ауданда «Еңбек» бағдарламасының барлық бағыттары тыңғылықты жүргізілуде. Әлеуметтік жұмыс орындарына 7 адам жіберілді, қоғамдық жұмыс орындарына 62 адам орналастырылды. «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 13 жоба іске асырылуда. Бір айта кетерлігі, орталыққа өтінішпен келген 225 адамның 77 проценті тұрақты жұмысқа орналастырылды,–дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Берік Хамитов.
Бөлектеп айтарымыз, шалғай ауданда жастар тәжірибесінен өткен мамандар үшін баспана да қарастырылған. Яғни, кез-келген жас жұмыссыз қалмайды.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Егіндікөл ауданы.