Елорданың сауда орындарына өнім кідірмейді

Бүгінгі күні Ақмола өңірінің 17 ауданы Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз етуде елеулі рөл атқарып отыр. Кезінде Елбасы бастамасымен қолға алынған ауқымды жоба өндірістің өрлеуіне ықпал етіп, облыс экономикасына оң серпін беруде. Осының арқасында облыста «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының күш-мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Елорданың азық-түлік белдеуін жасау бағытында қыруар жұмыс атқарылып келеді.

Аталмыш белдеуді дамыту бағытында 10 жыл көлемінде жалпы сомасы 138 миллиард теңгені құрайтын 148 жоба жүзеге асырылды. Өңірдің аумақтық-географиялық жағдайын ескерсек, облысымыз Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуін құрайды.

Бұл белдеуді дамыту аясында облыстың 17 ауданы кіретін 300 шақырымдық аймақ анықталды. Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсовтың айтуынша, қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдаумен өңірдің 128 кәсіпорны айналысуда. Оның 68-і ет және сүт өнімдері тәрізді мал шаруашылығы өнімдерін, 6-уы құс шаруашылығы өнімдерін, 54-і ұн, картоп, көкөніс пен өсімдік майын тасымалдайды. Ақмолалықтар өз өнімдерін Нұр-Сұлтан қаласының Еуразия, Әлем, Шапағат тәрізді өзге де сауда рыноктарында, 29 сауда үйінде және 10 сауда орталығында сатады.
Сондай-ақ, астанада «Ақмол» серіктестігінің дүкендер желісі жұмыс істейді. Мұнда облыстың «Ижевский» өндірістік кооперативі, «Cаpital Projects LTD», «Астана Агро Продукт», «Гормолзавод», «Агрофирма «Родина», «Milk Project» серіктестіктері тәрізді өзге де ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері өз өнімдерін сатады.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында астана рыногына 63,5 мың тонна сүт және сүт өнімдері, 13,9 мың тонна ет және ет өнімдері, 123,7 миллион дана жұмыртқа, 32,1 мың тонна картоп, 10,3 мың тонна көкөніс тасымалданды. Сөйтіп, Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары қажеттілігінің 32 пайызын сүт және сүт өнімдерімен, ет және ет өнімдерімен, 89 пайызын жұмыртқамен және картоппен, 29 пайызын көкөніспен қамтамасыз етті. 2021 жылға дейінгі «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 7200 ірі қара мал басы бар сүт өнімдерінің 5 фермасы құрылуда, сонымен қатар, суармалы жер аумағын 18 мың гектарға ұлғайтылды. Жыл аяғына дейін әлі де бірталай өнім бас қалаға жөнелтіледі. Сөйтіп, Елорданы сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету міндеті жүктелген ақмолалық ауыл еңбеккерлері мен ұқсату өнеркәсібінің қызметкерлері осы бір өскелең парыз биігіне көрінуі үшін аянып қалмайтындықтарын одан әрі де баянды істерімен дәлелдей түспек.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар