Цифрлық технологияға – бетбұрыс

Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «SmartNational Park Burabay» жобасының алғашқы кезеңін жүзеге асыру қолға алынды. Жоспарға сәйкес, парк аумағының қорғанысы кезең-кезеңімен цифрлық технологияға көшеді.

Сонымен қатар, мұнда энергия үнемдеуге бағытталған технологиялар да қолданылады. «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Жедел басқару орталығы» ашылды. 13 бейнебақылау камерасы 30 метрлік арнайы күзет мұнараларына орнатылған. Камераларда орман өрттерін ерте анықтайтын түтін детекциялары бар. «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас инженері Асылхан Ахметжанов өз сөзінде камерада жазылған ақпараттар 30 күн бойы сақталатынын айтты.
–Егер бізге нақты бір күнгі ақпарат керек болса, базадан іздеп, жүктеп, қарай аламыз. Әрбір контейнерде дизельді генератор, күн батареялары мен екі аккумуляторлы батарея бар. Әр мұнарада үш камера бар. Біреуі ішінде, екіншісі сыртта, үшіншісі жоғарыда. Операторлардың қашықтықтан басқару пультіне хабарламалар келеді. Әрі қарай оператор түтін не өрт немесе өзге нәрсе екенін анықтайды. Алғашқы нәтиже де көп күттірмей, осы камералардың көмегімен браконьерліктің бір фактісі анықталып, тәртіп бұзушы ұсталды,–дейді бас инженер.
Жедел басқару орталығында 12 қызметкер бар. Бұдан өзге, ұшу қашықтығы шамамен 8 шақырым болатын 10 жаңа ұшқышсыз ұшу аппараты сыналды. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Арман Тұрымбаевтың айтуынша, 2021 жылы өрт қаупі жоғары кезеңде жүйе толығымен тексерілмекші.
–Жүйе мен бейнекамералар қалай жұмыс істейтінін және талдайтынын бақылаймыз. Егер жүйе өзін ақтаса, онда бұл жүйені жалпы Ақмола облысы бойынша енгізуге болады,–дейді ол. Айтпақшы, камералар 156 күн бойы күн панелін қолдана отырып, жұмыс істейді. Жақын арада камералар мен теледидарларды энергиямен қамтамасыз ететін жел генераторларына ауыстыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қосымша жабдықтар сатып алу да қарастырылған.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар