Індетті жұқтыру көбейіп барады

Бұл жайында облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте мәлімдеді. Сондай-ақ, шара барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов өңірдегі вакцинация мәселесі жайында айтып берді.

Облыста коронавирус індеті бойынша жағдай әлі де күрделі. Соңғы аптада вирус жұқтырғандар саны 260-тан 643 оқиғаға дейін күрт өсті. «Қызыл» аймаққа енгенімізге байланысты қаулы қабылданды, ол алдағы күндері күшіне енеді. Облыста эпидемиологиялық ахуал әлі тұрақсыз, тіпті, күрделеніп барады. Өңір 2 шілдеден бастап «қызыл» аймақта. Жоғарыда атап өткеніміздей, соңғы аптада індет жұқтырушылар саны 400-ге дейін, яғни, апталық интенсивтік көрсеткіш 2,5 есеге дейін өскен. Шілде айынан бастап Көкшетау қаласы мен Бурабай, Целиноград, Бұланды аудандарында жұқпалы дерт өрши түскен. Ал, соңғы тәулікте коронавирусқа шалдыққандар саны 126 жағдайды құрап, олардың 111-і симп-томды түріне шалдыққан. Сонымен бірге, емханаларға түсушілер көбейіп, төсек орындар саны 35-тен 50-пайызға дейін артыпты.

– Облыста лабораториялық жолмен коронавирусқа тексерілген және нақты індет анықталған 22 ПТР-скрининг үлгісінің 4-еуінен «дельта» штамм шықты. Сондықтан, мутацияға түскен штамның бұл түрінен қорғану қажет. Мұндай жұқпалы аурулардың алдын алу үшін оған қарсы екпе алған дұрыс. Қазіргі уақытта облыста вакцинаның 4 түрі – Спутник-V, QazVac, XayatVaх және CoronaVac бар, – деп атап өтті облыстың бас санитарлық дәрігері. Жалпы, пандемия басталғалы облыс-та 24369 адамнан лабораториялық жолмен КВИ расталған. Олардың ішінде 2657-і 14 жасқа дейінгі балалар.

–Облыста екпенің алғашқы компонентін 147117 адам алса, олардың 78394-і екіншісін де алып отыр. Ақпараттық базаға сүйенетін болсақ, өңірдің медицина қызметкерлерінің 93, педагогтардың 69, полиция қызметкерлерінің 80, мемлекеттік қызметшілердің 53, студенттердің 19 пайызы екпемен қамтылды, –деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов.

Баяндамашылардың ақпараты мен республиканың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 15 шілдеден бастап, қызмет көрсетуші органдар мен мекемелердің вакцина алмаған қызметкерлері ПТР тестілеудің теріс нәтижесінсіз (медициналық қарсы көрсеткіштері бар және соңғы 3 айда ауырған адамдардан басқа) жұмысқа жіберілмейді.

Жағдайдың тұрақсыздығына қарамастан, карантиндік шектеулерді елемей, ойын-той өткізіп жатқандар әлі де баршылық. Және де «ASHYQ» қосымшасы бар кейбір мекемелердің өзі тиісті талаптарды сақтамай, бұзуда. Демалыс күндері мониторингтік топтар 550 нысанға барып тексеріс жүргізген. Солардың 22-сінде шектеулер мен карантин талаптарын бұзушылықтар орын алыпты. Жыл басынан бері 22595 нысан тексеріліп, олардың ішінде 400-і тиісті ережелерді сақтамаған. Бұл бұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, 65 миллион теңге сомасында айыппұл салыныпты. Қазіргі уақытта «ASHYQ» қосымшасы облыстың 589 нысанында орнатылған. Аталған қосымша арқылы шектеулер мен карантиндік талаптарды бұзушылар анықталуда. Мәселен, осы уақытқа дейін 51 адам «қызыл» мәртебеде жүріп, көпшілік орынға барған. Олардың әрқайсысына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 87 мың теңге сомасында айыппұл салынған.

–Біздің облыста қазіргі уақытта «сары» аймаққа енгендегі қаулы әрекет етуде. Жақын күндері «қызыл» аймаққа енгенімізге байланысты жаңа қаулы шығарылып, талаптар қатаңдатылады, – дей келе, облыстың бас санитарлық дәрігері өңір халқын сақтануға, індеттен өздерін және жақындарын қорғап, вакцина алуға шақырды. Індеттің бетін қайтарудың басты жолы – вакцина екендігіне баса назар аударды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар