Бір жарым есе арзандады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республика бойынша коронавирус жұқпасын анықтайтын ПТР тестілеудің бағасын төмендету туралы тапсырма берген болатын. Бұл орайда, біздің облыста жағдай қалай екендігін мамандардан сұрап білген едік.

Сәуір айынан бері ақмолалықтардың 5 мыңнан астамы өңірдегі клиникалық-диагностикалық зертханаларда тестілеуден өтіп, коронавирус жұқпасының бар-жоғын анықтаған. Тест құны өткен айлармен салыстырғанда 1,5 есеге арзандапты. Бұған дейін өңірде ПТР-тест құны 12320 теңгені құраса, оның қазіргі бағасы 8460 теңге. Тест қауіпті індеттің бар-жоғын мұрын мен ауыз қуысынан сынама алу арқылы анықталады. Нәтижесі бір күнде белгілі болады. Бүгінде облыста осындай тестілеу 4 зертханада өткізіледі, оның екеуі жеке меншік.
–Тестілеуден өтуі тиіс нақты топтар бар. Олар жедел респираторлы вирустық инфекциясы, пневмония белгілері бар науқастар, жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелер. Сондай-ақ, медициналық-әлеуметтік мекемеге түскен емделушілер мемлекет есебінен ПТР-тестілеуді тегін тапсыра алады, – деді облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина.
Қазіргі таңда мұндай сараптаманы жасайтын облыстағы ірі зертхананың бірі – Олимп. Оған келушілердің 60 пайы-зы ПТР-тестіні тегін тапсырады. Яғни, коронавирусты анықтайтын осындай сараптамалардың басым бөлігі осы жерде мемлекеттік тапсырыс аясында тегін жасалады. Бүгінде аймақта тест тапсыруға құрал-жабдықтар жеткілікті.
–Ақмола облысы ПТР-тестілеуге қажетті барлық ресурстармен, құрал-жабдықтармен қамтылды. Аз ғана уақыт ішінде көптеген науқастан сынама алуға мүмкіндігіміз бар. Қазан айында Ақмола облысы бойынша коронавирус індетін анықтау мақсатында 1000-нан артық адам ПТР- тест тапсырды, –дейді «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханалары» желісінің маркетинг және инновация жөніндегі директоры Алексей Балась.
Ал, шет мемлекеттерде мұндай ПТР-тест құны біздің елмен салыстырғанда әлдеқайда қымбатырақ. Мәселен, көршілес Ресейде 2300 рубль, яғни, 12913 теңге көлемінде. Түркияның Стамбул қаласында бұл тестіні 13432 теңгеге тапсырасыз. Ұлыбританияда, тіпті он есе қымбат.
Еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, шетелден Қазақстанға келген азаматтардың коронавирус індеті расталмағандығын дәлелдейтін ПТР-тест нәтижесі болуы тиіс.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар