Облысымызда елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазарту және көгалдандыру айлығы мәресіне жетті. Жыл сайын өткізілетін экологиялық тазалық айлығы барысында өңірдегі 570 елді мекенде сенбілік және таза бейсенбілік ұйымдастырылды, оның нәтижесінде 271 сквер мен саябақ абаттандырылып, 10 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылды.
Санитарлық тазалық кезінде 158 қоқыс алаңы тазартылды. Көкшетау қаласында заңсыз жиналған қоқыс алаңдарын тазарту бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Полиция қызметкерлері абаттандыру мен санитарлық нормалардың бұзылуы бо-йынша 625 заң бұзушылықты анықтады.
«Аrtal Trade» серіктестігінің басшысы Талғат Ниязбековтің мәліметінше, тазалық айлығы барысында Көкшетау қаласындағы жеке секторлардан 770 тонна қоқыс шығарылған.
–Уәлиханов, Саин, Әуезов, Полевой, Тимирязев, Дальний проезд, Шевченко көшелерінің бойында заңсыз жиналып қалған 100 КамАЗ қоқыс шығарылды. Қанша тазаланып жатқанына қарамастан, тұрғындар заңсыз қоқыс алаңдарына қоқыс лақтыруларын қояр емес. Сол себепті, тұрғындар осы мәселеге түсіністікпен қарап, қоқысты арнайы белгіленген орындарындағы қоқыс жәшіктеріне салғаны дұрыс, – дейді Талғат Ниязбеков.
Айталық, бүгінгі күні облыста қоқысты бөлектеп жинау мәселесі біртіндеп шешілуде. Пластик пен картонды бөлек жинау үшін барлығы 36 қоқыс контейнері орнатылған. Көкшетау қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаумен «Көкше-Тазалық» және «ECO Group» серіктестіктері айналысады. Осы ретте, облыс орталығында барлығы 2836 қоқыс контейнері қойылған.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.