Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр Әл-Фараби 870 жылы бүгінде Отырар аталатын, Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келді (қазіргі Түркістан облысындағы Отырар қаласының маңайындағы ортағасырлық қала). Фарабидің толық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед Ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби. Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Барба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбу-Насыр Әл-Фараби, яғни, Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған.
Ғылымның сан саласын зерттеп, зерделеген және еңбектер жазған Әл-Фараби бабамыздың «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат», «Бақытқа жету туралы кітап», «Бақытқа жол сілтеу» атты еңбектерінде адамдардың бақыт туралы түсінігі, бақытты болудың сырлары жайында жан-жақты әңгіме болады. Әл-Фараби бақытқа жету ұғымының мәселелерін философиялық мәнмен ұштастырып қарастырған.
Бақытқа жету – философияның алдыңғы шарттарының бірі болып есептеледі. Адам баласы дүние есігін ашқаннан кейін өмірін бақытқа толы сәттермен өткізуге тырысады. Десе де, бақытты болуды әркім әрқилы түсінеді. Мысалы: біреулер артында ұрпақ қалдырып, мұрасын жалғастырғанды бақыт деп санаса, біреулер оқу оқып, білімді, ғылымды игерсем дейді, ал енді біреулер жоғары лауазымды қызметке жетсем, жұртқа сыйлы, атақты болсам деп армандайды және соны бақыт деп ұғынады. Әл-Фараби жоғарыда аталған трактаттарында адамға қатысты бақыт ұғымын жан-жақты талдап, барлық қырын қамтиды. Оның ішінде қазақ үшін басты байлық саналатын – денсаулық жайы да қамтылған. Денсаулықсыз ештеңеге жету мүмкін еместігі белгілі.
Әл-Фарабидің «Бақытқа жол сілтеу» трактатында бақытты болудың үш түрін жазыпты. Онда: бірінші – адамның іс-әрекеті, яғни, адам өзінің бақытқа жетуі жолында әрекет жасап ұмтылса, онда ол адам өзінің мақсатына жетеді. Екінші – жандүние сенімдері, мысалы: құштарлығы, ашуы, рахаты, қуанышы, жабырқауы – осының бәрі адамның жан дүниесіне жатады. Үшіншісі – адамның ақыл-парасаты. Адам ақылды болса, яғни, көп оқып ізденімпаз болса жетістікке жетеді. Осының бәрін бір жүйеге келтірсек, адамның әрекетшіл, ақыл-парасатты болуы, кемелдіктің жоғарғы сатысына көтерілуге ұмтылуы – осылардың бәрі бақытқа жеткізетін амал-тәсілдер.
Философиялық анықтамасы бойынша бақыт – бұл адамның өмір қызығы мен қуанышын, рахаты мен сезімдерін қанағаттандыру дәрежесін танытатын этикалық ұғым. Әл-Фараби адам алға қойған мақсаттарын орындағанда ғана бақытты болады деген қорытынды жасайды. Әл-Фараби осы еңбектерінде бақыт ұғымын төрт түрге бөліп қарастырған. 1. Жақсылыққа жету, даналық, 2. Қуаныш, рахат, 3. Өмірден өз орнын табу, 4. Бақ- дәулет. Міне, осы төрт шарт орындалса, адам өзін бақытты санайды дейді ғұлама.
Интернет материалдары бойынша дайындаған
Қалкөз ЖҮСІП.