«Адалдық алаңы» – адалдыққа бастайтын жол

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Ақмола облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында қолға алынған «Қарулы Күштер – Адалдық алаңы» сервистік орталығының ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі.

– Мемлекет басшысы мемлекеттік органдар жұмысының қолжетімділігі, ашықтығына ерекше көңіл бөліп отыр. Осы тұрғыда біз мемлекеттік органдардың сервистік жұмыс форматына көшу тәжірибесін белсенді түрде қолдаймыз. «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі көптеген игі іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған игі бастамалар жүйелі жүзеге асуда. Мұның барлығы заманауи технология дамыған заманда қарапайым халықтың жұмысын ілгерілету үшін жасалған ілкімді қадам екендігі айқын, – деді өңір басшысы жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, Ақмола облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Руслан Қасымов қатысып, аталмыш орталықтың жұмысы туралы тарқатып айтып берді.
– Басты мақсат – ашықтық, жариялылық, халық пен биліктің арасын жақындату. Тиімді кері байланыс, адамдардың қажеттілігіне жедел әрекет ету Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің маңызды басымдықтарының бірі болып табылады. Аталмыш жергілікті әскери басқару органының қызмет көрсету орталығы әскери қызметшілерге ұйымдастырушылық мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік беретін ашық диалог алаңы іспеттес, – деді Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев.
Қазіргі таңда өңірімізде 19 сервистік әкімдік бар. Ауылдық округтерде өзін-өзі басқару бұрыштары да ұйымдастырылған. Таяуда облыс орталығының іргесіндегі Краснояр селосында осындай тағы бір орталық ашылып отыр.
Ал, біз сөз етіп отырған аталмыш орталықта алдағы уақытта облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің білікті мамандары әскери есепке алу және қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес беру қызметтерін ұсынатын болады. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке қою және одан шығару, әскери билеттерді беру, әскерге шақырылушылардың жазбаларына куәлік беру, әскери қызметті өткеру туралы кез-келген анықтамаларды осы жерден жедел алу мүмкіндігі ұйымдастырылған.
Халыққа ыңғайлы болуы үшін ашық диалог алаңы ғимараттың бірінші қабатында орналасқан. Сондай-ақ, онда күтушілерге ыңғайлы орын, ақпараттық стенд бар, басқа да жағдайлар қарастырылған.
Іс-шара соңында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы жергілікті әскери басқару органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар