Еліміздегі астықтың үштен бірін өндіретін облысымызда өндіріспен бірге, экспорт көлемі де артып келеді. Соңғы жылдары облыста астық экспортының көлемі 80 пайызға өскен.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Ақмола облысы еліміздегі аграрлы өңір саналады. Республикадағы астықтың үштен бірі Ақмола облысында өндіріледі. Жыл сайын 2-2,5 миллион тонна астық экспортқа шығарылады. Ақмолалық астық негізінен Ресей, Қытай, Орта Азия, Еуропа, Таяу Шығыс елдерінің нарығына шығарылады.
Бүгінгі таңда облыстағы элеваторларда 2 миллион тоннадан астам астық сақталған. Облыста егін орағы ойдағыдай аяқталып, әр гектардан 11,8 центнерден астық алғанда барлығы 5,2 миллион тонна астық жиналды. Алынған астықтың 90 пайызы 3-класты. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» акционерлік қоғамы облыстық филиалы өңірлерден астықты вагондарға тиеп, жедел жөнелту бойынша тұрақты бақылау шараларын жүргізуде. Биыл жыл басынан бері өңірдің астық қабылдау кәсіпорындарынан 2,1 миллион тонна астық және 165,2 мың тонна ұн экспортқа шығарылды.