Жер телімдерін алуда белгілі бір қиындықтар бар

Кәсіпкерлікке – кең өріс

Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшылары облыстық мемлекеттік қызмет департаменті жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының жұмысы шеңберінде облыс геопорталының ақпараттық жүйесіне мониторинг жүргізді. Мониторинг мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау қағидаларына сәйкес іске асырылды.

Зерттеу барысында 2024 жылғы қарашадан бастап осы жылғы ақпанға дейін Щучинск қаласының әкімдігі кәсіпкерге өндіріс кешенін салу және бастапқы су дайындау үшін уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығымен жер учаскесін беруден он төрт рет бас тартқаны анықталды. Бас тартудың себебі – көрсетілетін қызметті алушыда жобаны инвестициялық деп танитын жергілікті атқарушы орган шешімінің болмауы.

– Іс материалдарын зерттегеннен кейін біз құрылыс өнеркәсіптік және инновациялық бағытта болғандықтан, оны инвестициялық деп танудың қажеті жоқ деген қорытындыға келдік. Әкімдікке жүгінгенге дейін де Щучье-Бурабай курортты аймағында бөтелкедегі ауыз су өндіру бойынша осы жобаны іске асыру үшін жер учаскесі сұратылды, Құрылыс және өнеркәсіп министрінің 08.01.2025 жылғы №8 бұйрығымен жоба Индустрияландырудың бірыңғай картасына енгізілді. Бұл ретте, жобаны картаға енгізу кезінде Бурабай ауданы әкімдігінің өзі берілген жерлердің өлшемдерін өткен жылдың тамыз айында алдын ала келіскен, – дейді өңірлік палата директорының орынбасары Расул Сыздықов.

Мемлекеттік меншіктен жер учаскелерін беру үшін инвестициялық жобаны айқындау қағидалары өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыру кезінде қолданылмайды. Жер учаскесін беру үшін жобаны Индустрияландырудың бірыңғай картасына енгізу туралы жоғарыда көрсетілген бұйрықтың болуы жеткілікті. Палата сарапшыларының араласуынан кейін Бурабай ауданының қадағалау органымен бірлесіп мәселе шешілді. ЖШС сұраған жер учаскесі берілді. Барлық өтініштер келісілді, Щучинск қаласы әкімінің жер учаскесін беру туралы тиісті өкімі шықты, уақытша өтеулі жер пайдалану шарты жасалды. Осы мемлекеттік қызметті көрсетуге жауапты қызметкер Бурабай ауданы прокуратурасының заң бұзушылықтарды жою туралы ұсынысы бойынша тәртіптік жазаға тартылды. Сондай-ақ, қарау нәтижелері бойынша Бурабай ауданының әкімдігіне нормативтік-құқықтық актілердегі қайшылықтарды жою жөнінде ұсыныстар енгізу, одан әрі оны орталық органдарға, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына жолдау, әкімдіктерге тиісті түсініктемелер жіберу ұсынылды.

–Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың алдына инвестиция тарту міндетін қойғанымен, кейде инвесторлардың құқықтарын іске асыру мүмкін емес. Министрліктер мақұлдаған жағдайда да, егер жоба жергілікті биліктен қолдау таппаса, жағдай қиынға соғады, – деп атап өтті бұл ретте, Расул Сыздықов. Соның бір көрінісі біз баяндаған жағдай болса керек.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар