Робототехника
Көкшетаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінде (NIS) WRO-2025 робототехника олимпиадасының аймақтық кезеңі өтті. Олимпиадаға өңірдің 36 командасы қатысты, оның ішінде 16 команда Көкшетаудағы NIS-тан болды.
Қатысушылар «Роботтардың болашағы» тақырыбында бақ сынасты. Жарыс қорытындысы бойынша Көкшетаудағы NIS оқушылары 4 бірінші, 1 екінші және 7 үшінші орынды иеленіп, инженерлік ойлау қабілеттері мен креативті шешім табу дағдыларын жоғары деңгейде дәлелдеп шықты.
Оқушылардың жобалары заманауи технологиялық идеяларды ғана емес, нақты әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешуге деген ұмтылысты да көрсетті. Мысалы, 9-сынып оқушылары Жаннұр Мұғжанова мен Алуа Нұрболатқызы микропластиктен суды тазартуға арналған екі сатылы сүзгі жобасын таныстырды.
–Қазіргі ең кең таралған мәселе – судың микропластикпен ластануы. Біз екі сатылы сүзгі ойлап таптық. Бірінші сатында ірі қоқыстар ұсталып қалады, ал, екінші сатысында нейлон қолданылып, микропластик жиналады. Осылайша, судың ластануы айтарлықтай азаяды, – деп ой бөліседі олар.
Басқа қатысушылар қарт адамдардың қауіпсіздігі мәселесіне назар аударды. Айталық, 5 сынып оқушылары Алира Әубәкірова, Жания Жаровая және София Безгачева түстік сәйкестендіру негізіндегі дабыл жүйесін ұсынды.
– Қарт адам өзін жайсыз сезінгенде көмек сұрай алмай қалуы мүмкін. Сондықтан, біз қарапайым шешім ұсындық. Қызыл түс көрсетілсе, жүйе бірден дабыл береді. Қызыл түс әрдайым назар аудартатын белгі болған. Бұл жобамыз қарттарға үйде, ауруханада және қарттар үйінде өзін қауіпсіз сезінуге көмектеседі, – деп түсіндірді өз жобаларын бұл оқушылар.
Бұл жобалар WRO-2025 робототехника олимпиадасының негізгі идеясын айқын көрсетеді. Ол заманауи технологияларды қолданып, өмір сапасын жақсарту және болашақты бүгіннен бастап жақын ету. Аймақтық кезең жеңімпаздары алдағы уақытта Шымкент қаласында өтетін WRO республикалық кезеңінде Ақмола облысының намысын қорғайтын болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

