Ақмола облысы білім басқармасының жанындағы психологиялық қолдау орталығының құрылғанына бір жыл толды. Қысқа уақыт ішінде орталық аймақтың білім беру жүйесінде маңызды буынға айналып, бір мыңнан астам азаматқа кәсіби психологиялық көмек көрсеткен. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен бррифингте орталық басшысы Сайран Шөкімова орталықтың бір жыл ішіндегі жұмыс нәтижелерін айтып берді.
Оның айтуынша, арнайы мамандар облысымыздағы кәмелет жасқа толмағандар арасындағы суицид пен зорлық-зомбылық мәселелерінің алдын алу бойынша қарқынды жұмыс істей бастаған. Бүгінде өзіне өзі қол салуға ниеттенген 11 жасөспірім облыстық психикалық денсаулық орталығына жолданса, зорлық-зомбылыққа ұшыраған 50-ден астам тұлғаға бетпе-бет консультация беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Орталықта бүгінде барлығы 9 педагог-психолог, 2 әлеуметтік педагог, 8 әдіскер, 1 заңгер және басқа да мамандар жұмыс істейді.
–Азаматтарды психологиялық қолдау орталығы негізінен, жеті бағыт бойынша өз жұмысын атқарып отыр. Жасөспірімдерге консультациялық-дамытушылық, ғылыми-әдістемелік, жедел әрекет ету, кәсіби құзыреттілікті арттыру, ұйымдастырушылық, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және халықаралық ынтымақтастық бойынша кәсіби мамандар көмек беріп келеді. Орталықтағы психологиялық жұмыс бөлімі кәмелетке толмағандарға сондай-ақ, білім алушылардың заңды өкілдеріне әртүрлі мінез-құлыққа байланысты туындайтын зорлық-зомбылық, дағдарыстық, мәселелерін шешу үшін психологиялық көмек береді. Мұнда тәулік бойы 8708 044 53 23 сенім телефоны жұмыс істейтінін еске саламын, – деді спикер.
Жалпы, бір жыл ішінде орталыққа түскен өтініштердің саны бір мыңнан асқан. Бұл өтініш иелерінің 600-ден астамына бетпе-бет , ал, 500-ге жуығына онлайн-консультациялар берілген. Қызмет алушылардың басым бөлігі 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер болып отыр. Психологиялық көмекке жүгінгендердің ішінде әйелдердің үлесі 900-ге жуық, ал, ер азаматтар 200-ден асқан.
–Психологиялық қолдау орталығының басты мақсаты білім алушылар мен педагогтар және ата-аналардың психологиялық әл-ауқатын сақтау және нығайту екенін баса айтқым келеді. Біз білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерге шұғыл жауап беретін кәсіби алаң құра алдық, –деді Сайран Шөкімова брифинг барысында.
Спикер сенім телефонына түскен қоңыраулардың басым бөлігі тұлғааралық қатынастарға және отбасылық түсінбеушіліктерге қатысты екенін айтады.
Орталық мамандары, әсіресе, кәмелет жасына толмағандар арасындағы суицид пен зорлық-зомбылық мәселелеріне ерекше назар аударып отыр.
Сонымен қатар, бүгінде «111 байланыс орталығы» арқылы облыстан түскен 20-дан астам өтініш те орталық мамандарының қарауында. Ата-аналармен жұмыс мақсатында «Отбасы болу өнері» және «Қарым-қатынас қуанышы» атты 14 диалог алаңы ұйымдастырылып, Instagram желісінде 2000-нан астам көрерменді қамтыған 30 тікелей эфир өткізіліпті. Сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастық аясында психологиялық қолдау орталығы Беларусьтің Максим Танк атындағы педагогикалық университетімен, сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті және «Шанс» орталығымен меморандумдарға қол қойып, бірлескен жобалар жүргізіп келе жатыр.
Сонымен қатар, алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде білім беру ұйымдарының мамандарына тиімді психологиялық-әдістемелік қолдау көрсету мақсатында семинарлар, кеңестер, тренингтер, конференциялар, дөңгелек үстелдер, вебинарлар өткізіліп отырады. Бұл жиындарға мектеп, колледж директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтары мен әлеуметтік педагогтар қатыстырылып, олармен бірге аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мәселелері, қорқыту мен кибербуллингтің психологиялық аспектілері, өмірлік дағдыларды қалыптастыру мәселелері қарастырылып, талқыланады.
–Біздің басты мақсатымыз әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және психологиялық көмекке дер кезінде жол ашу болып табылады. Бұл әрине, күнделікті үздіксіз жұмысты талап етеді. Сол бағытта ізденетін боламыз, – деп түйіндеді спикер өз сөзін брифинг соңында.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

