Көкшетауда «Senat Open» іріктеу туры өтеді

16 мамыр күні сағат 10.00-18.00 аралығында Көкшетау қаласында 2025 жылғы II «Senat Open» ашық кубогының шахмат турнирі өтеді. Жарыс Көктем шағын ауданындағы «Болашақ» сарайында ұйымдастырылады. Іс-шараға Ақмола облысының барлық 17 ауданының, сондай-ақ, Көкшетау, Степногорск және Қосшы қалаларының шахматшылары қатысады.

Турдың қорытындысы бойынша үздік шыққан 35 ойыншы 15 маусымда «Солтүстік» жартылай финалына қатысу құқығына ие болады. Жартылай финал да Көкшетау қаласында өтеді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев еліміздің әр аймағында бұқаралық шахмат пен зияткерлік қозғалысты дамытуға зор үлес қосып, «Senat Open» жобасына бастамашы болды. Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов та оның идеясын қолдады. Осының арқасында барлық облыстардың, соның ішінде ауылдық округтердің тұрғындары осы турнирге қатысуға мүмкіндік алды.

Жарыс 20 іріктеу турнирінен, бес жартылай финалдан және бір финалдан тұрады. Ойын швейцариялық жүйе бойынша 9 турмен өтеді. Жарысқа Эло рейтингі 2000-нан төмен ойыншылар қатыса алады.

Жыл басынан бері жарыс 15 қала мен ауданда өтті. Әртүрлі жас санатына жататын, мамандығы да әр түрлі 1500-ден астам қатысушы шахмат тақтасында зияткерлік күшін сынасты.

Жарыс жүлдегерлері жеке және командалық есепте марапатталады. Сондай-ақ, арнайы алты номинация бойынша ардагерлерге, әйелдерге, мәслихат депутаттары мен қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметшілерге, қоғамдық кеңестер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне медальдар табыс етіледі.

«Senat Open» — жарыстан да ауқымды дүние. Бұл еліміздің әр өңірінде мықты шахмат қоғамдастығының қалыптасуына апаратын жол.

Турнирдің дерек көздерінен.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар