«Қоғамдық келісім» ғимаратында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 5 жыл толуына орай өткен салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, облыс әкімінің Алғыс хаттарын табыс етті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Мәңгілік ел» идеяларын насихаттайтын және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында қазақ халқының ұлттық бірегейлік идеялары, жастарды ұлттық дәстүрлер мен мәдениет рухында тәрбиелеу, мемлекеттік тілді ілгерілету және дамытумен айналысатын азаматтар басқосқан алқалы жиынға басшылық еткен Айна Ермекқызы «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің осы аз уақыт ішінде тарихи-танымдық тұрғыда атқарған жұмыстарына жақсы баға беріп, алда қазақстандық қоғамды дамытуға бағытталған үлкен жоспарларына сәттілік тіледі.
«Ел бірлігі» 2016 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, отбасылық құндылықтарды насихаттау, жастар арасында отбасы мен некенің ұлттық дәстүрлерін танымал ету мақсатында жұмыс жүргізіп келеді. Осыған орай, аталмыш бірлестік төрағасы Бақыт Смағұл өзі басшылық етіп отырған бірлестіктің 50-ге тарта мүшесінің ішінде өңірімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматтары, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің барын атап өтіп, жоғары оқу орындарымен, мұражай, кітапханалармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс атқарып келе жатқанын мақтанышпен жеткізді.
Ел бірлігі жолындағы ортақ іске жұмыла кіріскен ел ағалары «Ақмола – «Тіршілік» серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, ақын Қуаныш Оспан және басқалары сөз алып, шағын мерзімде үлкен ізгілікті істер атқаруға мұрындық болған бірлестік төрағасы Бақыт Қайыржанұлының еңбекқорлығына ризашылықтарын да білдіріп жатты. Нақтырақ айтсақ, қоғамдық бірлестік екі ірі жобаны қолға алып, «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағыттары мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын іске асыру шеңберінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырып, ел игілігі үшін қызмет етіп отыр.
Салтанатты шара соңында ел бірлігі жолында еңбектеніп жүрген бірқатар азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаты мен басқа да қатысушыларға жазушы-ақындардың жаңа кітаптары табыс етілді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯР.