Биылғы жылдың қараша айы аралығында өтіп жатқан шара барысында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің және халықтың қысқы кезең жағдайында төтенше жағдайларды жоюға әзірлігі мен қабілетінің деңгейін арттыру, азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға әзір болу мәселелері пысықталуда.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша, мұндай оқу-жаттығулар жыл сайын республиканың барлық облыстарында ұйымдастырылып тұрады. Оқу-жаттығу жұмыстарын пысықтау мақсатында облыстың барлық қалалары мен аудандарында жедел штабтар құрылды. Құтқарушылар төтенше жағдайлар кезінде іс-қимыл алгоритмдерін екі күн қатарынан шартты режимде карантиндік шектеулерді сақтай отырып, ZOOM интернет-платформасы арқылы пысықтайтын болады.
Шараға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары, облыстық, қалалық және аудандық шұғыл ден қою жасақтары, апаттық-құтқару қызметтерінің құрамалары, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланының 5510 әскери бөлімі және халықтың тіршілігін қамтамасыз етудің барлық объектілері жұмылдырылып отыр.
Өткен жылдың қыс мезгілінде төтенше жағдайлар және полиция департаменттері бөлімшелері, қала және аудан әкімдіктері, жол қызметтерімен бірлесіп, жолдарда 924 апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде 3518 адам, оның ішінде 306 бала құтқарылды. Жылыту пункттерінде 3126 адам орналастырылды, оның 181-і бала. Қар құрсауынан 179 бірлік техника шығарылып, көптеген қатерлі жағдайлардың алды алынды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.