Абайлаңыз! Жол үстінде адам кетіп барады!

Иә, рас, бұл өткен жылы болған оқиға. Бірақ, жүрек жыл өтті деп илана қойды деп ойлайсыз ба? Әрине, жоқ! Ет жақыныңнан сұм ажал айырса, жүрек те уақытқа жұбана қоймас. Ажал дейміз, маңдайдан көреміз, көндігеміз. Дегенмен де, бәлкім деген сұрақ көкейде тұратыны бар.

Өткен жылы туған ағамның он төрт жасар баласы жол-көлік апатынан қаза болды. Мектептің маңдайалды оқушысы, ата-анасының үміті, туған-туыстың көз-қуанышы, болашағы зор бала еді!..
Міне, осылай қас-қағым сәтте жол-көлік апатының салдарынан қаншама ғұмыр үзілді десеңізші! Мыңдаған сәби, мыңдаған ана, мыңдаған әке сол біз жоғарыда тілге тиек еткен қас-қағым сәтте, ет жақынынан айырылып қаншама көкірек қайғыдан қан жұтуда. Иә, ең қорқыныштысы, жол қозғалысы оқиғалары кезінде балалардың қаза болуы. Бір ғана мысал, Қазақстанда өткен жылы 250 бала жол-көлік оқиғалары кезінде көз жұмған. Ал, биыл осыған ұқсас 600 оқиға тіркелсе керек.
Әр оқиғаның өзі өмірлік сабақ дегенімен, сол сабақтан өзіне тәлім алғандар шамалы-ау. Олай болмаса, күні кеше бір қаскөй Бурабай ауданында көлікке мас күйінде отырып, көз ілеспес жүйіткіген жылдамдықпен өзінің қызметін адал атқарып жүрген қос бірдей полиция қызметкерлерін қапияда жаза етер ме еді? Себебі, бұған дейін де бұл адам осылай мас күйінде рөлге отырып ұсталған екен, заңмен де жазаланған, өкініштісі, сол ісінен сабақ алмаған. Соңы осылай адам өлімінің себепшісі болумен аяқталды. Ал, мас жүргізушінің салдарынан қос аптал азаматтың соңында қайғыдан қан жұтып отбасы қалды…
Соңғы кезде облыс орталығында ғана емес, жалпы елімізде жол-көлік оқиғасы көптеп кездеседі. Әлеуметтік желіден жаңалық оқи бастасаңыз болғаны, ана жерде көлік аударылыпты, мына жерде жол-көлік оқиғасының салдарынан адам өлімі тіркелді деген жан түршігерлік оқиғаларды оқисыз. Осы орайда, әрбір жүргізуші өзінің автокөлігіне отырғанда абай болуы керек екендігін тереңірек ұғынса екен. Жылдамдықпен жүйіткігендер көшеде әрі-бері жүрген көп жүргіншінің әрқайсысы бір-бір тағдыр иесі екендігін ұмытпаса ғой…
Жалпы еліміздегі осы бір көкейтесті мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ерекше назар салғаны белгілі. Өткен жылы Ел Президенті Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында «Қазақстанда жол-көлік апатынан қайтыс болу мүмкіндігі Еуропа елдеріне қарағанда 11 есеге көп. Біз бұл проблеманы көптің алдында Парламентте де, Үкіметте де талқыладық. Алайда, мәселе шешілмеген күйінде қалып отыр», деген еді.
Жол апатының басым бөлігі жаяу жүргін­шіні қағып кету мен көліктердің соқты­ғысуына тікелей байланысты. Сонымен қатар, жылдамдықты арттыру да жол апатының басты себебіне айналып отыр. Мамандардың айтуынша, еліміздегі көлік апаттарының басым көпшілігі күндіз болады екен. Әсіресе, ашық, жауын-шашынсыз, қарсыз, тұмансыз күндері көліктер жиі апатқа ұшы­райды. Яғни, көбі, асығыстықтан…
Жасырары жоқ, жол-көлік апатының тағы бір себебі – жол сапасының нашарлығы. Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы сатыға жайғасқан Қазақстан жол сапасы жөнінен әлемде 108-орында тұр екен. Тәуелсіздік алғалы 30 жылға жетсе де, әлі күнге дейін аудан орталықтарына баратын күре жолдардың сапасы сын көтермейді. Шалғайдағы елді мекендер туралы сөз бөлек. Заманауи тас жолы бар ауылдар да саусақпен санарлық. Рас, кейінгі кезде республикалық маңызы бар жолдар жақсарып келеді. Алайда, мұндай сапалы жолдардың санын арттыру қажет екенін де айта кеткеніміз жөн.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жол-көлік оқиғаларының дені демалыс күндері болады, себебі, алдағы демалыс күндерде демалысқа не басқа да отбасылық жағдаймен қала­дан тез шығуға немесе кері қайтуға жүргізушінің асығуы қозғалыс қарқындылығының жоғарылауына әкеп соғады. Нәтижесінде жол қозғалысы ережесі, әсіресе, жылдамдық тәртібін сақтау талаптары бұзылады. Ақмола облыстық полиция департаментінің берген деректеріне сүйенетін болсақ, жыл басынан бері 900-ден астам жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізу құқығынан айырылған екен.
– Жыл басынан бері Ақмола полицейлері мас күйінде көлік құралын басқарудың 928 фактісін анықтады, мас күйінде жүрген барлық жүргізушілер Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өткен демалыс күндері тәртіп сақшылары 20-дан астам мас жүргізушіні ұстады. Бұл екі күн ішінде! Біз кезекті рет барлық жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ескертеміз және барлық азаматтарды саналылық танытуға шақырамыз. Тек бірлескен күш-жігермен ғана жолдардағы апатты азайтуға болады. Жүргізушілердің мас күйінде көлікті басқарудың заңсыз әрекеттерінің куәгерлері болған барлық адамдар бірден «102» көміріне хабарласуы керек, – деп атап өтті Ақмола облысы полиция департаментінің жол полиция қызметі бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Серік Баймұқанов.
Жалпы жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолдардағы апаттылық деңгейін тұрақтандыру және көлікті мас күйінде басқаратын жүргізушілерді анықтау мақсатында жол полиция қызметкерлері апта сайын демалыс күндері рейдтік іс-шаралар өткізетінін айта кету керек.
Р.S: …Жол ережесін бұзып, асығыс зымырап, жүйіткіген көлік көрсек болғаны жүрек байғұс шымыр ете қалады. Сондайларға «Ағатай, абайлаңызшы, алдыңызда адам тағдыры ғой!» деп айғайлағым келеді де тұрады! Себебі, көз алдымда қыршынынан қиылған бауырымның келбеті көлбеңдей береді…
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар