Көкшетауда қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қараша айында «Көкшетау автобус паркі» серіктестігінің «Yutong» маркалы 50 жаңа автобусы жолға шығады.
Облыстық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша, жаңа көліктер жергілікті климат жағдайына бейімделген, бейнебақылау, кондиционер, GPS автонавигатор, сымсыз интернет желісі және жылыту жүйесімен жабдықталған. Электронды билет алмасу жүйесі бар. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін көтергіш те қарастырылған. COVID-19 күресу мақсатында автобус салонында дезинфекциялау құрылғысы мен ауа тазалайтын ультракүлгін шамы бар.
2018 – 2020 жылдарға арналған автобус тасымалын дамыту бойынша кешенді бағдарламаға сәйкес, өткен жылы Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде құрастырылған «Yutong» маркалы 44 жаңа автобус қосымша сатып алынды. Биылғы жылы да бұл бағытта жұмыстар жалғасуда. Бүгінгі таңда 7 автобус қызмет көрсете бастады. Қалған 43 автобус қарашаның 11-де жеткізіледі. Осылайша қаладағы қоғамдық көліктер паркін 50 пайызға жаңарту жоспарланған.