Ырыс пен құт дарыған өлкенің берекелі асулары
Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні қарсаңында біздің тілшіміз Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Таласбаевқа жолығып, саланың бүгінгі таңдағы жай-жапсары туралы кеңінен әңгімелеп беруін өтінген еді.
–Димаш Аманжолұлы, алдымен білгіміз келетіні, сала еңбеккерлері биылғы күрделі ауыл шаруашылығы жылын қалай қорытындыламақшы?
–Менде алдымен, ауыл еңбеккерлерін, сала ардагерлерін келе жатқан осы кәсіби мерекемізбен шын жүректен құттықтағым келеді. Баршаларыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығын тілеймін, ауыр әрі адал еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Қорытындыға келетін болсақ, биылғы егіс науқаны біз үшін оңай болған жоқ. Төтенше жағдай режимі және ауа райы оған нақты түзету енгізді, белгілі мәселелер диқандар үшін қосымша қиындық туындатты. Дегенмен, соған қарамастан, облыстың диқандары егіс жұмысын ұйымшылдықпен қысқа мерзімде жүргізіп, мол астық алудың негізін қалады. Сөйтіп, облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлері бойынша 5,2 миллион тонна жинап алынды. Орташа гектар берекесі 11,8 центнерден айналды. Бұл республика бойынша жалпы жиналған өнімінің ширегін құрады. Биылғы жылы үшінші класты бидай жалпы өндірістің 91 пайызын құрайды. Бұл үстіміздегі жыл үшін жақсы көрсеткіш. Жиналған астық көлемі ішкі қажеттілікті толық көлемде, сондай-ақ, экспорт әлеуетін 2-2,5 миллион тонна деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 147 мың тонна майлы дақылдар, 253,5 мың тонна және картоп пен 53 мың тонна көкөніс жинап алынды. Сондай-ақ, 356,2 мың тонна азықтық дақылдар жиналып, мал шаруашылығы қажеттілігін толық қамтамасыз еттік. Келесі жылдың егісіне 758,7 мың гектар алқаптың пары өңделіп, 881,7 мың гектар сүдегер көтерілді. Қамбаларға 529,8 мың тонна көлемінде қажетті тұқым құйылды.
–Егіншілік саласын әртараптандыруда қандай нәтижеге қол жеткіздіңіздер?
–2020 жылы дәнді және бұршақты дақылдар алқабы 4,4 миллион гектарды, майлы дақылдар 254 мың, сүрлемдік жүгері тәрізді азықтық дақылдар 190,6 мың, картоп пен көкөніс тиісінше 15,7 және 3,5 мың гектарды құрады. Бұл Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігі арасындағы егіс алқаптарын әртараптандыру құрылымы жөніндегі меморандумға сәйкес келеді. Жердің құнарлығын арттыру, өндірілетін өнімнің сапасын жақсарту және шығымдылығын молайту мақсатында облыста жыл сайын минералдық тыңайтқыштарды сатып алу көлемі көбеюде. Биылғы жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері егіс алқаптарына 65,9 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 33 пайыз артық. Облыс бойынша гербицидтерді пайдалану көлемі 3,8 миллион гектарды құрайды. Мұның өзі сапалы астық алуға мүмкіндік беріп келеді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымына жоғары репродукциялы тұқымды пайдалануда игі ықпал етті. Биылғы жылы облыс диқандары 424 мың гектар алқапқа 45,3 мың тонна элиталық тұқым септі, үшінші репродукциядан төмен емес тұқым себу 96,5 пайызды құрады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында облыс диқандары биыл тұқым шаруашылығының аттестатталған субъектілерінен 40 мың тонна жоғары репродукциялы тұқым сатып алды. Бұл осындай тұқым сатып алу да соңғы 5 жыл ішіндегі рекордтық көрсеткіш болды.
–Енді суармалы жерлер жөнінде де айтатын болсақ, атқарылып жатқан белгілі бір жұмыстар бар ма?
–Әрине. Ақмола облысы соңғы 3-4 жылда суармалы алқап санын көбейтті. Егер 2017 жылы суармалы алқап 3,2 мың гектарды құраса, өткен жылы ол 24,1 мың гектарға жеткізілді. 2020 жылы Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы облыстық жер қатынастары басқармасымен және жергілікті атқару органдарымен бірге жергілікті жерлерде бұрынғы осындай бос жатқан жерлерге инвентаризация жүргізді. Жүргізілген жұмыстың арқасында биылғы жылы суармалы алқаптар 4484 гектарға ұлғайтылды. Бүгінгі күні ирригациялық суаруды қолданудың арқасында облыста 28,5 мың гектар алқапта ауыл шаруашылығы дақылдары өсіріледі. 2021 жылы суармалы жер алқаптарын 5,9 мың гектарға, 2022 жылы 7,3 мың гектарға ұлғайту жоспарланған. Жалпы, облыста суармалы ауыл шаруашылығы дақылдары өсірілетін алқаптарды көбейту үшін белгілі бір қолайлы мүмкіндіктер жоқ емес, бар.
–Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында агроөнеркәсіп кешені саласында еңбек өнімділігін арттыру жөнінде баса айтылған. Қазір облыста бұл жұмыс қандай деңгейде, осы үлкен міндет қаншалықты еңсерілуде?
–Расында да облыстың агроөнеркәсіп кешенінің алдында еңбек өнімділігін 2022 жылы 2,5 есе көбейту бойынша үлкен міндет тұр. Жалпы, бүгінгі күннің өзінде бұл мақсатқа жету белгілі бір жұмыстар атқарылды. Егер 2017 жылы еңбек өнімділігі бір жұмысшыға 1,6 миллион теңгені құраса, 2019 жылдың қорытындысы бойынша 2,3 миллион теңге болды. Көрсеткіштің өсуіне автоматтандыру, техникалық паркті жаңарту және өңдеуші кәсіпорынды жаңғырту, оның ішінде «Макинск құс фабрикасы» серіктестігінің еліміздегі ірі құс фабрикасының 1-ші кезеңін іске қосу оң ықпал етті. Ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту үшін айналымға суармалы жерлерді енгізу, минералды тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғайтын препараттар қолданылатын алқаптар көлемін ұлғайту, тауарлы-сүт және ет фермасын құру есебінен сүтті және етті мал шаруашылығын дамыту, азық-түлік белдеуін құру аясында жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, мал шаруашылығы мен егіншілікте нақты технологиялар мен цифрландыру элементтерін енгізу, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, мәселен «Гормолзавод» серіктестігінің сүт өңдеу кәсіпорнын да жаңғырту арқылы еңбек өнімділігін арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұл және өзге де шаралар Мемлекет басшысының еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға белгілі бір мүмкіндік береді.
–Соңғы жылдары агроөнеркәсіп кешеніндегі ең ірі жобалардың бірі еңбек өнімділігіне игі ықпал еткен Макинск құс фабрикасы. Алда осындай жобалар тағы да жоспарда бар ма?
–2018 жылдың соңында Бұланды ауданының Макинск қаласында «Макинск құс фабрикасы» серіктестігінің құс етін өңдеу бойынша көлемді жобасының бірінші кезегі жүзеге асырылды. Сөйтіп, 250 жаңа жұмыс орны ашылды. Өндіріс көлемі және жаңа технологияны қолдану бойынша Орта Азия аумағында оған тең келер кәсіпорын жоқ. Құрылыс «Бизнестің Жол картасы-2020» бизнесті қолдаудың және дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында жүргізілді. Жаңа жұмыс орындарын ашу, бюджетке салық түсімін көбейту, егіншілік пен мал азық базасын, аралас өндірісті, қала мен аудан инфрақұрылымын дамыту, тартылған инвестицияны көбейту бұл істе басты әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер болып табылады. Сондай-ақ, бұл жоба еліміз бойынша құс етін тұтынудың 30 пайызын жабады. Биылғы жылдың соңына дейін Макинск құс фабрикасының екінші кезеңін іске қосу жоспарлануда. Сонда кәсіпорынның жалпы қуаты жылына 50 мың тонна құс етін құрайтын болады.
–Облысымызда сүт және ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы қалай орындалуда? Астананың азық-түлік белдеуін жасауда қандай ауыз толтырып айтарлық жұмыстар бар?
–Сүт өңдейтін кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету үшін облыста 12,8 мың бас сауын сиырдан тұратын 50 мамандандырылған тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Оларда 90 мың тоннадан астам сүт өндіріледі. Биылғы жылы 1,5 мың бас сиыр сауылатын 17 тауарлы-сүт фермасы құрылды. Сондай-ақ, 2020-2022 жылдары Ақкөл, Астрахан, Атбасар, Целиноград аудандарында осындай 4 ірі жобаны жүзеге асыру жұмысы басталды. Аталмыш жобалар жүзеге асырылғанда жылына 40 мың тонна көлемінде қосымша сүт өндірісі қамтамасыз етілді. Етті мал шаруашылығын дамыту аясында біз бүгінгі күні бір мезгілде 32 мың ірі қараны баға аламыз. Облыста 7,7 мың бас асыл тұқымды ірі қара мал ұсталатын 95 етті ферма бар.
Осының бәрі бір жағынан, облыста қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету, екінші жағынан Астананың азық-түлік белдеуін дамыту мақсатында қолға алынуда Елбасының тапсырмасына сәйкес, серпінді өсіп келе жатқан астана тұрғындарын негізгі азық-түлік тағамдарымен қамтамасыз ету бойынша көп жұмыстар жүргізудеміз. 2020 жылы агроөнеркісіп кешені саласында 33,8 миллиард теңгенің 41 инвестициялық жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінгі күні оның 31 жобасы жүзеге асты. Өзге 10 жоба жыл соңында іске асырылады. Қолданылған шаралар нәтижесінде жыл сайын елорданың сауда орындарына ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау көлемі ұлғая түсуде. Облыстың тауар өндірушілері ет және ет өнімдері бойынша астана тұрғындарының жалпы сұранысының 33 пайызын, сүт өнімдерімен 34 пайызын, жұмыртқамен 94 пайызын, картоппен 92 пайызын, көкөніспен 30 пайызын қамтамасыз етеді. Ақмолалық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз өнімдерін сататын 44 сауда орнынан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласында «Ақмол» сауда жүйесінің фирмалық дүкендері құрылуда. Бүгінгі күні осындай 3 дүкен жұмыс істейді. Астаналық агломерацияны дамыту аясында Нұр-Сұлтан қаласына кіре берісте «Ақмол» сауда жүйесін одан әрі ұлғайту жоспарланды. Өндіріс көлемін одан әрі ұлғайту мақсатында 2022 жылдың соңына дейін 4900 бас сауын сиыр ұсталатын 4 ірі тауарлы-сүт фермасын құру жоспарланған. Барлық жобалар азық-түлік белдеуін дамытудың Жол картасына енгізілген. Әр фермаға 3 миллиард теңгеге дейін инвестиция тартылмақшы. Біз жүргізіп жатқан бұл жұмыстар сөз жоқ, астанаға өнім тасымалдау көлемін одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік береді.
–Облыстың агроөнеркәсіп кешені субсидиялау түрінде айтарлықтай көлемде мемлекеттік қолдауға ие. Осының тиімділігін айтсаңыз, алда қандай өзгерістер күтілуде?
–Биылғы жылдың өзінде облыстың ауыл шаруашылығы саласын қайтарымсыз мемлекеттік қолдаудың көлемі 37,7 миллиард теңгені құрады. Осы орайда, жыл сайын бөлінетін бюджеттік қаржының агробизнестің әртүрлі меншік формасындағы барлық субъектілері үшін қолжетімділік деңгейі жоғары екенін атап өткен жөн. Бұл облыс бойынша 4 мыңға жуық шаруа қожалығы мен жыл сайын фермерлер шаруашылығына, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына бюджет қаржысын төлеуге мүмкіндік береді. Мемлекет ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығын және астықтың сапалық көрсеткішін арттыруға бағытталған үлкен қолдау көрсетілуде. Мәселен, гербицидтер бағасын арзандатуға бағытталған субсидияның нормативін 50 пайызға дейін жеткізудің арқасында облыс аграрлары жаздық егістің барлық алқабында химиялық өңдеу жүргізе алады. Бұл биылғы жылдың астығының шығымдылығына оң ықпал етті. Мемлекеттік қолдау мемлекеттік реттеудің қолданыстағы тетігі ретінде жыл сайын ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығына және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде. Бұл – бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіп кешенін құруға және облыстың агроөнеркәсіп кешенінің негізгі көрсеткіштерін жүйелі түрде көбейтуге қол жеткізіп отыр. Мал шаруашылығы өнімінің сапасын жақсарту, асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау үшін субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Мал шаруашылығында субсидиялаудың өлшемі көп өзгертілді. Азық-түлік тағамдары өндірісінің көлемін көбейту факторларының бірі – терең өңдеу өнімдерінің өндірісі үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу барысында өңдеуші кәсіпорынның шығынын жабуға 721 миллион теңге субсидия бөлу болып табылады. 2021 жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аяқталады. Қазір келесі бесжылдықта еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың Ұлттық жобасын әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Мұнда субсидиялаудың жаңа бағыты қарастырылған.
–Ендігі бір маңызды мәселе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және саланы тұтастай цифрландыру. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
–Облыста ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу саласында оң серпін байқалады. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өңдеу кәсіпорындары 83,3 миллиард теңгенің ет және сүт өнімдерін, ұн, өсімдік майы тәрізді азық-түлік тағамдарын өндірді. Азық-түлік тағамдары өндірісінің құрылымындағы негізгі үлестің 37,5 пайызы ет, 18,7 пайызы сүт, 16,3 пайызы астық, 4,8 пайызы нан және нан-тоқаш, 22,7 пайызы өзге де өңдейтін салаларға тиесілі.
Осы күні ауыл шаруашылығы кешенін дамытудың ең тиімді бағытының бірі нақты жер өңдеу жүйесін өндіріске енгізу болып табылады. Бүгінгі күні облыста осының элементтерін енгізген және ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінде цифрлық технологияны пайдаланатын 106 шаруашылық бар. 2022 жылға дейін облыстың 194 шаруашылығында нақты жер өңдеудің өзіндік элементтерін қолдану жоспарлануда. Мұның бәрі қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы техникасын пайдаланудың арқасында мүмкін болды. Нақты жер өңдеу топырақ құрамын терең әрі мұқият талдауға негізделген. Сондай-ақ, А.Бараев атындағы Шортанды астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы базасында нақты жер өңдеудің 3 мың гектар полигоны бар. Облыстың агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру мәселесі бойынша одан әрі бірлесе жұмыс істеу және 2020 жылы ауыл шаруашылығы өндірісінде нақты жер өңдеу жүйесін енгізу мақсатында Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен аталмыш орталық арасында меморандумға қол қойылып, облыстағы ауыл шаруашылығы саласының басшылары мен мамандары үшін ғылыми тәжірибелік семинар өткізілді. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы жерлеріне космостан мониторинг жүргізілді. Бұл дала жұмысын жүргізудің агротехникасы бойынша жедел оңтайлы шешім қабылдауға мүмкіндік берді. Целиноград ауданының «Родина АФ» серіктестігі нақты жер өңдеудің элементтерін пайдаланудың арқасында биылғы жылы мол өнім алды. Мұнда дәнді дақылдардың гектар берекесі 17,5 центнерден айналды. Ал, нақты жер өңдеу элементтерін қолданбаған осы аудандағы «Асыл тұқым» серіктестігі гектарына 9,8 центнерден ғана өнім алды. Ақмола облысында мамандандырылған ақпараттық жүйенімал шаруашылығы саласында негізінен, бірқатар тауарлы-сүт фермалары пайдаланады. Сондай-ақ, ет бағытындағы фермаларда автоматтандыру жұмысы жүргізілуде. Облыстың мал шаруашылығында ақпараттық талдау жүйесі қолданылады. Бұл мал шаруашылығында асыл тұқымды селекциялық жұмысты дамытуға бағытталған.
Міне, облыс агроөнеркәсіп кешенінде төл мерекеміз қарсаңында атап өтуге болатын негізгі жұмыстар осындай. Алда да бүгінгі заман талабына негізделген жобаларға Мемлекет басшысының Жолдауында атап көрсетілген міндеттерге баса көңіл бөлінетіндігі анық.
–Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Рамазан ТІЛЕУОВ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.