Мал баққанға бітеді

Ерейментау өңірі мал бағуға өте қолайлы болғандықтан, мұнда мал шаруашылығы жыл өткен сайын дамып келеді. Мәселен, Маратбек Мықтыбеков басқаратын «Бірлік Агро» серіктестігі өткен жылы құрылып, осы салаға бет бұрып отыр.

Жеке меншік иесі алдымен, әрқайсысы 1000 шаршы метрді құрайтын үш мал қорасын сатып алып, жөндеу жұмысын жүргізіпті. Қазір бұл қораларда 200 бас жылқы ұсталады, оның тең жартысы бие. Сондай-ақ, 200 бас ірі қара, оның ішінде 125 сиыр, 500 еділбай тұқымдас аналық қой бағылады. Малдың көбі жергілікті елді мекендерден сатып алынған. Бүгінгі күні бұл малдар асылдандырылуда. Ол үшін Шортанды ауданынан 5 бас қазақтың ақ бас бұқасы сатып алынған. Серіктестік басшысы өз сөзінде әр бұқа үшін 600 мың теңге субсидия алғанын айтты.
–Мемлекет бізге екі жыл бойы әр сиыр үшін 10 мың теңгеден және оның үстіне 150 мың теңге субсидия төледі. Сөйтіп, бұқалардың құнын мемлекет жапты. Биылғы жылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 3 мың орама шөп дайындадық. Сондай-ақ, отыз жыл бойы соқа тимеген 450 гектар алқаптан 300 тонна арпа жинап алдық. Келесі жылы 1 мың гектар жерге бидай мен арпа себуді жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 12 миллион теңгенің қондырғыларымен бірге, күн көзінен қуат алатын батарея сатып алдық, ұңғыма орнаттық. Серіктестікте 6 адам жұмыс істейді. Келешекте ірі қараның басын 250, жылқы басын 300, қой-ешкіні мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мал азығы базасын жасағаннан кейін сүтті мал шаруашылығымен айналыспақшымыз. Мал басын көбейткесін оның өнімдерін сата бастаймыз,–дейді Маратбек Мықтыбеков бізбен әңгімесінде.
Серіктестіктің 9,5 мың гектар жері бар. Оның 1 мың гектары егіс алқабы, өзгесі жайылым жерлер. Серіктестік басшысының айтуынша, мемлекеттік қолдау арқылы несие мен субсидия алған тиімді екен. Осының арқасында серіктестік жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алыпты. Жыл соңына дейін субсидия арқылы қазақтың ақ бас сиырларын сатып алмақшы. Бұл бағытта қаржы институттары қол ұшын созғалы отыр. Бұл жерде дзюдо, самбо және қазақша күрестен халықаралық спорт шебері, екі жоғары білім алған Маратбек Мықтыбаевтың Ерейментау ауданында көкпар спортын дамытқысы келетінін атап өткен жөн. Бұл бағытта серіктестік директоры «Хан торы», «Астана», «Қанжар», «Ауған», «Найзағай» атты қазақтың тұқымы жақсы алты жылқысын сатып алыпты. Біз сонау Түркістан облысының Шаян ауылынан келіп, өңіріміздің мал шаруашылығын дамытуға үлес қосып отырған Маратбек Мықтыбековке еңбегінің жемісті болуын тіледік.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар