«Достар» мәдениет сарайында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысына сәйкес «Қазақылықтың Атамекені» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Абай жолы – халық жолы» атты «Намыс» саяси-пікірталас клубының отырысы болып өтті.
Кемеңгер ақын Абайдың 175 жылдығына арналған айтулы шараны «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөзді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Нариман Әбдірахманов алып, Абай мерейтойына арналып өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Жалпы, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына арналған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының маңыздылығын өскелең ұрпаққа жеткізу тұрғысында барлық өңірде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Соның нақты бір айғағы, Абай мұрасын насихаттауда мемлекеттік тапсырысқа орай, бейнероликтер, пікірсайыс, ақылдылар сайысы, ғылыми жұмысқа арналған байқаулар жалғасын табуда.
«Абай жолы – халық жолы» атты іс-шара барысында Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Щучинск әскери-техникалық мектебінің директоры Дуанбай Ыбырай, «Қоғамдық келісім» жанындағы мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығының мүшесі Владислав Вебар және басқа да қатысушылар сөз алып, Абайды танудың маңыздылығы мен ұлы ақын шығармаларының қоғамдағы бүгінгі проблемалармен сабақтастығы және үйлесімділігі, оның өлеңдері мен қара сөздерінің рухани жаңғырудағы құндылығы, күнделікті өмірдегі рөлі туралы өзекті мәселелер қозғады.
«Намыс» саяси-пікірталас клубының отырысына қоғамдық ұйымдар төрағалары, жастар ұйымы, қоғамдық пікір көшбасшылары, мемлекеттік билік органдары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.