Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
23 жыл ескерусіз қалған «Абай жолы» - АРҚА АЖАРЫ

23 жыл ескерусіз қалған «Абай жолы»

Парсы тіліне аударылып, кейін 23 жыл ескерусіз қалған «Абай жолы»  туралы жазылған қазақ тілінде тарайтын шетелдік ақпарат көздеріне үңіліп көрейік.

«Абай жолы» роман-эпопеясы 1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына орай, Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігінің қолдауымен парсы тіліне аударылады деп хабарлайды «Фарс» ақпарат агенттігі. Аталған БАҚ-тың ақпаратына сүйенсек, Иранда Сейіт Мұхаммед Хатами ел басқарған кезде 1997-2005 жылдары «Өркениеттер диалогы» (Dialogue Among Civilizations) атты саяси-дипломатиялық доктрина қабылданып, халықаралық қатынаста қолданыла бастаған. Иран мен Қазақстанның қарым-қатынасы барлық салаларда қарқынды даму үстінде болады. Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі осы доктринаны негізге ала отырып, Қазақстанмен әдебиет саласындағы әріптестігін дамыту мақсатында осы ведомство қызметкері Назлы Асқарзаде ханымға Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын орыс тілінен парсы тіліне аударуға тапсырма берген екен.
Назлы Асқарзаде – Иранның Гилян облысындағы Астара қаласы әйелдері арасынан шыққан алғашқы жазушы әрі аудармашы. Ол 1942 жылы Астара қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Кеңес Одағында өткен. Әзірбайжанда университетті «әдебиет және аударма ісі» мамандығы бойынша бітірген. Ол елге қайтып оралғаннан кейін алдымен Исфаханның «Зубаһан» темір балқыту компаниясында орыс тілінен сабақ берген. Кейін Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігінің Баспасөз және шетелдік ақпарат құралдары департаментіндегі орыс бөлімінің жауапты басшысы әрі аудармашы болып қызмет атқарып, сол жерден зейнеткерлікке шыққан.
Аудармамен айналысып келе жатқанына 45 жыл. Ол саясат, қоғам, дін, әдебиет, өнер мен психология салаларында 40-тан астам кітаптарды аударған. Соның ішінде көрнекті қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы, пәкістандық жазушысы Шоукат Седдикидің «Разия бегім» романы, әзірбайжан жазушысы Қалам Мұхаммедовтың «Бардия» кітабы мен орыс жазушысы Федор Достоевскийдің «Ойыншы» романы, Варлам Шаламовтың «Колыма әңгімелері» 6 томдық кітабы, Ольга Петрочуктың «Ван Гог нақыштары» кітабы, Светлана Алексиевичтың «Чернобыль дауысы» кітабы және тағы да басқа еңбектер.
Назлы ханымның айтуынша, арнайы тапсырмамен аударылған Әуезовтің «Абай жолы» романы өзіне қатты ұнаған. 1600 беттік кітапты аударуға бір жыл уақыты кеткен. Алайда, бір өкініштісі, 23 жылдан бері парсы тіліне аударылған «Абай жолы» қайта басылып шықпаған. Назлы Асқарзаде ханым басқа бір баспа аталған романның атын «Қазақтар» деп өзгертіп, Ирандағы діни қағидаттарға сәйкес мәтінді аздап қысқартып, басып шыққанын айтады. Бірақ, аудармашы ханым бұл нұсқаға наразылық білдіріп, «романның атауын өзгертпеу керек еді», деген пікірде екенін жеткізеді.
Сондықтан, парсы тіліндегі «Абай жолы» романының нұсқасы өз кезінде бір рет басылғаннан кейін ескерілмей қалған. Оның бұлайша назардан тыс қалуына ол кезде ғаламтордың аса дами қоймағаны да себеп болуы мүмкін.
Міне, осылайша Абайдың 175 жылдығына орай, Қазақстан Абайды әлемге, соның ішінде Иран халқына таныстыру мақсатында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының парсы тіліндегі нұсқасын қайта бастырып, таныстырылымын өткізсе, игі болар еді, деп түйіндейді ирандық БАҚ өкілдері.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар