«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» деген қағида өзінің өзектілігін ешқашан жойған емес. Қашықтықтан білім беру жағдайында да ұлы ақынның мұрасын насихаттау жалғасуда. Оған Атбасар қаласындағы №7 қазақ орта мектебі ұйымдастырған «Абайдың рухани-адамгершілік мұрасы – оқушыларды патриоттық және азаматтыққа тәрбиелеу негізі» атты семинар дәлел.
ZOOM платформасы арқылы өткен семинарға аудан мектептерінің тәрбие ісінің меңгерушілері мен білім бөлімінің әдіскерлері қатысты. Мектептің тәрбие ісінің меңгерушісі Бақыт Смағұлова қысқаша таныстырылым жасағаннан кейін, мектеп директоры Құралай Есмағамбетова мектептің жетістіктеріне тоқталып, құттықтау сөз сөйледі. Абай жылында атқарылған іс-шаралар туралы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Хұрмет Нұрдыбек, Зәмзәгүл Тұрғанқызы, Лида Асқарқызы, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Айгүл Ақшолақова, Сайран Ермекбаева, Айгүл Қараулова, орыс тілі пәнінің мұғалімі Гүлмира Байдашева шәкірттерімен әзірлеген бейнероликтері мен тұсаукесерлерін ұсынды. Ал, мектеп кітапханашысы Жанат Керімбекқызы Абай шығармашылығына арналған сабақтан тыс шарадан бейне үзінді келтіріп, ұлы ақынның мұрасына саяхат жасады.
«Өлең болып бізге жетті өнегең, Сәулесі боп өлең деген асылдың» деп ақын жырлағандай, Абайдың тәлімді жырлары мектеп оқушыларының орындауында жалғасын тапты. Философиялық ой тастайтын қара сөздері қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде оқылып, тыңдаушылардың ыстық ықыласына бөленді. Пәндер сабақтастығы ретінде математика пәнінің мұғалімі Н.Төлегенова семинар қатысушыларымен өте қызықты сергіту сәтін өткізді. Осылайша ол Абай мұрасын барлық пәнде қолдануға болатынын дәлелдеді. Музыка пәнінің мұғалімі Д.Туйкаева «Айгөлек» үйірмесінің жұмысында балалармен Абайдың өлеңдеріне шолу жасады.
Семинар соңында Лида Есенғұлованың орындауындағы Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» атты әні қатысушылармен бірге шырқалды. Сондай-ақ, қатысушылар кері байланысқа шығып, өздерінің алған әсерлерімен де бөлісті.
Семинарды Атбасар аудандық білім бөлімінің тәрбие жұмысы жөніндегі әдіскері Қымбат Қайыржанқызы қорытындылап, қазіргі білім беру жағдайына бейімделе білген мұғалімдерге, семинарды өткізуге атсалысқан барлық қатысушыларға ризашылығын білдіріп, семинардың өз деңгейінде өткеніне жақсы баға берді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Атбасар ауданы.