Әдетте, барлық пәтер ұрылары жаттанды бір сценарий бойынша жұмыс істейді. Алдымен олар сыртынан бақылайды, содан кейін ұрлық жасайды. Мұндайда ерекшеленсе тек әдістерімен ғана ерекшеленеді.
Таяуда Көкшетау қаласының полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне Көкшетау қаласының тұрғынынан белгісіз біреулерге қатысты шара қабылдау туралы өтініш келіп түсті. Оның хабарлауынша, күндізгі сағат 13.00-ден 20.30-ға дейінгі кезеңде белгісіз біреулер терезе арқылы үйге кіріп, 50 мың теңге сомасында ақша қаражатын және алтын бұйымдарды ұрлап кеткен. Шығын сомасы шамамен 1 миллион теңгені құрайды.
Аталған факті бойынша тәртіп сақшылары Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 188-бабы 3-бөлігі «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады.
Кейінірек полиция бөліміне осыған ұқсас өтініштер Көкшетау қаласының 7 тұрғынынан келіп түсті.
Осылайша Көкшетауда полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында пластик терезелер мен балкон есіктерін бұзып ашу арқылы пәтер ұрлығымен айналысқан 31 жастағы күдіктіні ұстады.
Белгілі болғанындай, ол тамыздың орта шенінен бастап пәтер ұрлап дәніккен екен. Ол бұған дейін жеті пәтерді тонағанын мойындады. Ұрланған ақша жеке қажеттіліктерге жұмсалды, алтын бұйымдар сатылды немесе ломбардтарға тапсырылды. Қазіргі уақытта ұсталған азаматтың басқа да осындай құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.