Қоғамдық ұйымның көп салалы жұмысын ұйыстырып, үйіріп әкету әсте оңай емес. Облыста іскер әйелдер қауымдастығы құрылғанда әркімді әртүрлі пікір шарлағанын білеміз. Облыстық әкімдіктегі белді қызметін тастап, Дәмелі Қойшина осы істің тізгінін ұстауға өзі сұранған екен. Тіреніші азды-көпті грант қаражаты шығар, ол неге жетпек, нені жарытпақ? Мұндайды қозғалыссыз, өрісін кеңітуге пейіл танытпайтындар айтады екен. Мәселе сананы сілкінтуде болып шықты.
Белсенді ақмолалық әйелдердің іскерлігіне таң қалмауға болмас. Өйткені, бүгінде нәзік жандылар түрлі салада ерлермен қатар еңбек етіп, белсенділік танытып жүр. Мәселен, аймақтағы мемлекеттік қызметшілердің 63 пайызы нәзік жандылар, ал, шағын және орта бизнес саласында 26 мыңға жуық әйел еңбектенуде, олардың арасында басшылық қызметтегілер де бар. Еліміз тәуелсіздіктің алғашқы сәттерінен бастап гендерлік саясатқа, әйелдер мен балаларды қолдауға, отбасылық құндылықтарды насихаттауға баса назар аударып келеді. Қазақстан гендерлік теңгерім бойынша 140 елдің арасында 44-орында, ал, әйелдердің экономикалық жағдайы бойынша 30-орында екенін де айта кеткіміз келеді.
Әйелдер қауымдастығының қызметі көп салалы. Мұнда өз кәсібін ашқысы келген нәзік жандылар заңгерлік кеңес алып, кәсіби дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік алады. Нақты тәжірибелік көмек те бар. Мәселен, мұнда шаштараздық, кондитерлік курстар ұйымдастырылып, психологиялық жаттығулар өткізіледі. Бұл көмектің үй шаруасы мен жеке кәсіп тізгінін қатар ұстайтындар үшін маңызы зор.
Дәмелі Қойшина күллі әлемді тітіркендірген коронавирус пандемиясы кезінде де тыным тапқан емес. Кәсібі жүрмей аңтарылған қаншама адам көмек сұраған. Өзінің іскерлігі мен абырой-беделін ортаға салып, 125 отбасына азық-түлік себетімен көмек көрсетті. Дастарханы жүдей бастаған жүзге жуық отбасына елу мың теңгеден қаржылай жәрдем ұйымдастырған. Кәсіпкер әйелдердің басын қосып, жалғызілікті, көп балалы әйелдердің мейірім шуағына бөленуіне септесті. «Біз біргеміз!» ұранының ұйытқысы бола білді.
«Періште балалар» жобасына да ат салысқан. Осы орайда, ауру-сырқау бала бағып отырған қаншама ана өздерінің мынау әлемде жалғыз емес екендіктерін ұғып, ел-жұртқа ризашылығын білдіріп жатты. Тіпті, Дәмелі Қуатқызы бастаған жомарт жүрек жандар Целиноград, Ерейментау, Ақкөл тәрізді бірнеше аудандардың жиырмаға жуық балаларына шет елдерде ота жасауға жәрдемдесті.
– Арамызда атымтай азаматтар аз емес. Мәселен, Целиноград ауданындағы Сайра Матайбаева, Ерейментаудағы Торғын Әлиева, Степняктағы Гүлмайра Баймақова, Бурабай ауданындағы Гаухар Хамзиналардың есімдерін айрықша ілтипатпен айта кетуге болады. Әсіресе, Сайра Әйтенқызының еңбегі ала бөтен. Ол Қосшы ауылында жалпы құны 350 миллион тұратын, 200 оқушыға арналған жаңа мектеп салып берді, – дейді Дәмелі Қойшина.
–Жанындағыларға жанашыр болып шырылдап жүретін қауымдастық жетекшісі жеті баланың анасы Марина Бехтгольдтің тұрғын үйден қиналып жүргенін білетін. Жуырда тағы да мұңын шағып келгенде шыдай алмай, А.Мырзахметов атындағы университет ректоры Мәди Елубаевқа өтініш жасаған. Мәди Сағынтайұлы өзінің бұрынғы ұстазының тілегін екі етпей, көп балалы анаға баспана сатып әперді.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.